Спорт

7 кездесуде 11 гол соғылды

Еуро-2016

 Сонымен Францияда Еуропа чемпионатының финалдық ойындары басталды. 10 шілдеге дейін созылатын бұл додадағы қай кездесу де жанкүйерді бейтарап қалдырмайтыны даусыз. Дегенмен әзірге тайталастар голға мырза болмай тұр. 4 ойынның 1:0 есебімен аяқталуы осының көрінісі.

 №1. Пайенің көз жасы

 «А» тобы. Франция-Румыния — 2:1

Гол авторлары: Оливье Жиру, 57-минут (1:0); Богдан Станку, 65-минут, пенальти (1:1); Димитри Пайе, 89-минут (2:1).

10 маусым. Сен-Дени. «Стад-де-Франс» стадионы.

Алғашқы ойын. Алғашқы гол. Алғашқы пенальти. Алғашқы жеңіс. №1 кездесуді, бәлкім, негізінен осылай өрнектеуге болатын шығар. Рас, чемпионат қожайындары жеңіске жетті. Дегенмен 89-минутта Димитри Пайе жеңіс голын соққанға дейін француздық жанкүйерлер әрі-сәрі күйде болғанын да ескерген жөн. Әуелі шабуылшы Жируға гол өткізерлік тамаша пас берген, сосын өзі алыстан қуатты соққы жасап, тоғыздықты дәл көздеген, оның үстіне осы кездесудегі тынымсыз еңбегімен ең үздік ойыншы болған 29 жастағы жартылай қорғаушы Пайенің жасыл алаңнан кетіп бара жатқанда көзінен қуаныш жасы тыйылмай қоюы бұл кездесудегі жеңістің қаншалықты қымбатқа түскенін анық аңғартады. Қысқасы, бұл алғашқы ойында Франция құрамасы бұл чемпионаттағы шаппайбер бәйгенің иесі екенін көрсете алмады. Бәлкім, футболшыларды алғашқы ойындағы алғашқы жауапкершіліктің салмағы тым толқытып жіберген шығар.

 №2. Шапшаң голдың пайдасы

 «А» тобы. Албания-Швейцария — 0:1

Гол авторы: Фабиан Шер, 5-минут (0:1).

37-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Лорик Цана (Албания) жасыл алаңнан қуылды.

11 маусым. Ланс. «Феликс Боллар-Делелис» стадионы.

Швейцариялықтардың бұл кездесуде жеңіс иесі атануына ең әуелі 5-минутта шапшаң гол соғып үлгергені, оған қоса албандықтардың 37-минуттан бастап азшылықта ойнағаны көмектесті. Әйтпегенде бұл кездесудің қалай аяқталары белгісіз еді. Финалдық кезеңде бірінші рет ойнап отырғанына қарамастан, қорғаныста жақсы ойнаған, ретіне қарай қауіпті шабуылдарды да ұйымдастыра алатын, оның үстіне қақпашысы өте шеберлік көрсеткен Албания құрамасы бармақ тістеп қалды. Бұл кездесудің тағы бір ерекшелігі, чемпионатта футболшы жасыл алаңнан алғаш рет қуылды.

№3. Бес «сары қағаз»

 «В» тобы. Уэльс-Словакия — 2:1

Гол авторлары: Гарет Бейл, 10-минут (1:0); Ондрей Дуда, 61-минут (1:1); Хэл Робсон-Кану, 81-минут (2:1).

11 маусым. Бордо. «Стад-де-Бордо» стадионы.

Топтық кезеңнен өте алмайтындардың санатындағылар деп есептелетін, финалдық кезеңге бірінші рет қатысып отырған бұл екі команданың кездесуі өте тартысты, аса қызықты өтті. Еуропа чемпионатындағы дебюттік ойында Уэльс жеңіске жетті. Ал жеңіліп қалған Словакияның тағы бір орны толмас өкініші, бұл құраманың 5 бірдей белді ойыншысына ескерту қағазы көрсетілді. 5 «сары қағаз» — бір кездесу үшін, соның ішінде алғашқы кездесу үшін тым керексіз батпанқұйрық.

 №4. 90+2 минуттың жемісі

 «В» тобы. АнглияРесей — 1:1

Гол авторлары: Эрик Дайер, 73-минут (1:0); Василий Березуцкий, 90+2 минут (1:1).

11 маусым. Марсель. «Велодром» стадионы.

Чемпионат басталғалы бірінші рет қосымша минутта (90+2) соғылған гол Ресейге бір ұпай әперсе, айқын басымдылықпен ойнаған Англия екі ұпайдан айырылып қалды. Бұл ретте ресейлік қақпашы Игорь Акинфеевтің өз ордасын ойрандатпауға зор еңбек сіңіргенін ерекшелеп айтқан жөн. Ал қыруар шабуылдар жасаған, қаншама рет ресейлік қақпаға қауіп төндірген ағылшындардың соншама басымдылықты жеңіске айналдыра алмауы кейде бап емес, бақ шабатынын дәлелдеген тәрізді.

№5. Жетілмеген жеңіс

 «D» тобы. ТүркияХорватия — 0:1

Гол авторы: Лука Модрич, 41-минут (0:1).

12 маусым. Париж. «Парк-де-Пренс» стадионы.

Бірінші таймда, 41-минутта соққан гол хорваттарды ілгері шығарды. Ал екінші таймда түркиялықтардың есепті теңестіру мүмкіндігінен гөрі Хорватия футболшыларының есепті ұлғайту мүмкіндіктері әлдеқайда мол болды. Өкінішке қарай, хорваттар тиімді сәттерді пайдалана алмай діңкеледі. Екі доптың Түркия қақпасының маңдайшасына тиіп кері серпілуі хорват футболшыларының көп соққыны голға айналдыра алмауының ең елеулі екі мысалы ғана.

№6. Польшаның қуанышы

«С» тобы. ПольшаСолтүстік Ирландия — 1:0

Гол авторы: Аркадиуш Милик, 51-минут (1:0).

12 маусым. Ницца.  «Стад-де-Нис» стадионы.

Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне бірінші рет шыққан Солтүстік Ирландия футболшыларының ұтылуы, әрине, күтпеген нәтиже емес. Бірінші таймда мығым қорғанған олар ойынның екінші бөлігінде соққызып алған голды теңестірудің амалын таппады. Ал Польша Еуропа чемпионаттарының финалдық кезеңдеріндегі алғашқы тарихи жеңісіне қол жеткізді.

№7. Сауатты неміс машинасы

 «С» тобы. Германия-Украина — 2:0

Гол авторлары: Шкодран Мустафи, 19-минут (1:0); Бастиан Швайнштайгер, 90+2 минут (2:0).

12 маусым. Лилль. «Пьер Моруа» стадионы.

«С» тобындағы ғана емес, жалпы чемпионаттағы үздік команда есебіндегі Германияның Украинаны жеңетіндігіне жанкүйерлер әуелден-ақ аса көп шүбә келтіре қоймаған шығар. Бір ғана сауалдың жауабын дөп басу ғана әрқилы пікірлер өрбіткен — немістер қанша гол соқпақшы? Рас, Германия шапшаң гол соқты. Дегенмен бірінші таймда украиндар немістерді әжептәуір тықсырып, есепті теңестіруге сәл қалды. Ал екінші таймда өз-өздеріне келіп, сауатты да сақ қимылдаған, оның үстіне келесі ойындарға қажетті күш-қуатты үнемдеуді де ескерген неміс машинасы асықпай-аптықпай қозғалып, кездесуді 90+2 минутта Украинаның қақпасына және бір гол енгізумен тәмамдады.

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button