Спорт

«Ақтөбе»: сырт алаңда ұттық, өз алаңымызда ұтылдық

Премьер-Лига

Бұл турда жеңіске жеткен «Астана» ілгері өрлей түсті. Сырт алаңда ойнаған «Ертіс» пен «Оқжетпес» ұтылды. «Қайрат» өткен турдағы секілді бұл ойында да 5 гол соқты.

Қобыланды батыр атындағы орталық стадиондағы кездесуге жиналғандар террорлық актілерден қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Ойын осыдан соң басталды.

13-минутта қостанайлық қорғаушы Сергей Яворский дөрекілікпен шалып құлатқан Самат Смақов алаңды тастап шықты. Әрине, С.Яворскийге «сары қағаз» көрсетілді, бірақ одан не пайда болсын?! Ақтөбелік бас бапкер команданы ойын басталмай жатып қайтадан құрылымдауға мәжбүр болды. Дегенмен «Ақтөбенің» бұл ойында гол соғарлық мүмкіндіктері болды-ақ. Айталық, бірінші таймда Виктор Крюков тастаған пастан соң Никита Бочаровтың баспен соққан добын қостанайлық қақпашы Владимир Логиновский әзер қайтарды, егер бұл доп тура қақпашыға емес, түпкі бұрышқа бағытталғанда жібек торда бұлқынып жататыны сөзсіз еді. Куасси Куаджаның 25 метр шамасынан соққан добын Тоқтар Жаңғылышбай тиімді пайдалана қойғанда қақпаның оң бұрышын дір еткізер еді. Бұл сәттерге сол Никитаның, сол Тоқтардың бірінші таймдағы бұдан басқа да қауіпті соққыларын қоссаңыз, өкінбеске амал жоқ.

Екінші таймда да, әсіресе, ойын соңына таман Сандро Цвейбаның соққысына Сергей Яворский тосқауыл қойып үлгерді, Егор Сорокиннің баспен соққан добын В.Логиновский қайтарды, Мұрат Тілешевтің баспен соққан добы маңдайшадан асып түсті.

Әрине, «Тобыл» да, расы керек, шабуылдаудан тынбады. Сондай сәттердің бірінде, 68-минутта Сергей Хижниченконың баспен тастаған добын Сергей Яворский сол күйі қақпаға бағыттай қойды да, біздің қорғаушылар да, қақпашы да әрекетсіз қалды.

Сөйтіп, «Тобыл» бірінші айналымдағы ұтылысының (1:2) есесін қайтарды, яғни 13 сәуірде «Ақтөбе» Қостанайдан үш ұпай әкелсе, бұл турда сол үш ұпайды қостанайлықтарға қайтарып берді.

Ойын соңынан болған баспасөз мәслихатында «Тобылдың» бас бапкері Омари Тетрадзенің «Ақтөбенің» жас, әйтсе де өте ұйымшыл және мығым команда екенін айта келіп, «Құдай бізді жеңіспен марапаттады» деуі бұларға үш ұпайдың қаншалықты қиындықпен келгенінің дәлелі тәрізді. Ал «Ақтөбенің» бас бапкері Юрий Уткульбаев қуат-күштерін сарқа жұмсамағандары үшін өз жігіттеріне риза еместігін жасырмады. Сондай-ақ ол командаға жаңа футболшылар келуі мүмкіндігін, бұл ретте, әсіресе, біздің осал тұсымыз — шабуыл шебіне баса назар аударылатынын тілге тиек етті. Ал бұл ойында Әбілхан Абдукаримовты алаңға шығару амалсыз шара болғанын, дегенмен бұл жігіттен алда үлкен үміт күтетінін айтты.

«Ақтөбе»-«Тобыл» — 0:1

Гол авторы: Сергей Яворский, 68-минут (0:1).

Ескерту қағазын алғандар: Дидар Жалмұқан, 17-минут, Виктор Крюков, 75-минут («Ақтөбе») — Сергей Яворский, 9-минут, Артурас Жулпа, 54-минут, Тимур Досмағамбетов, 69-минут, Альмир Мухутдинов, 87-минут, Владимир Логиновский, 88-минут («Тобыл»).

«Ақтөбе»: Самат Отарбаев, Егор Сорокин, Сандро Цвейба, Марат Ситдиков, Никита Бочаров, Егор Азовский, Дидар Жалмұқан (Мұрат Тілешев, 69-минут), Виктор Крюков, Самат Смақов, капитан (Куасси Куаджа, 15-минут), Кирилл Шестаков, Тоқтар Жаңғылышбай (Әбілхан Абдукаримов, 49-минут).

«Тобыл»: Владимир Логиновский, Чиприан Деак, Артурас Жулпа, Фернандо Кассай, Сергей Яворский, Денис Главина, Тимур Досмағамбетов (Рауль Джалилов, 90+2 минут), Нұрбол Жұмасқалиев, капитан (Н’Диайе, 72-минут), Дмитрий Мирошниченко, Альмир Мухутдинов, Сергей Хижниченко (Виктор Дмитренко, 90+2 минут).

11 маусым. Ақтөбе. Қобыланды батыр атындағы орталық стадион.

*   *   *

 

Басқа кездесулер:

«Астана»-«Жетісу» — 1:0

Гол авторы: Таңат Нөсербаев, 45-минут (1:0).

66-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Абзал Бейсебеков («Астана») жасыл алаңнан қуылды.

«Ақжайық»-«Тараз» — 2:1

Гол авторлары: Ортиз, пенальти, 16-минут (1:0); Ортиз, 54-минут (2:0); Александр Алиев, 75-минут (2:1).

90-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Мирослав Лечич («Ақжайық») жасыл алаңнан қуылды.

«Атырау»-«Оқжетпес» — 2:1

Гол авторлары: Павел Шабалин, 28-минут (1:0); Бандо Нганбе, 46-минут (1:1); Пшеамыслав Трытко, 53-минут (2:1).

«Ордабасы»-«Ертіс» — 2:0

Голдар авторы: Азат Нұрғалиев, 27-минут (1:0), Азат Нұрғалиев, пенальти, 59-минут (2:0).

«Шахтер»-«Қайрат» — 0:5:

Гол авторлары: Исаэль, 35-минут (0:1), Жерар Гоу, 47-минут (0:2); Аслан Дарабаев, 58-минут (0:3); Бауыржан  Исламхан, пенальти, 90-минут (0:4); Бауыржан Исламхан, 90+2 минут (0:5).

*   *   *

 

15-турдың нәтижелері:

Бұл турда 15 гол соғылды.

Алаң иелері 7 гол соқса, қонақтар 8 доп өткізді.

4 кездесуде алаң иелері, 2 ойында қонақтар жеңді, тең есеп болған жоқ.

2:1 және 1:0 есептері екі реттен қайталанды.

5:0 чемпионат басталғалы бірінші рет, 1:0 есебі жиырма бесінші рет, 2:1 есебі он бесінші рет тіркелді.

Екі футболшы екі голдан соқты: Ортиз («Ақжайық»); Б.Исламхан («Қайрат»).

Шапшаң гол иесі: Ортиз, 16-минут («Ақжайық»).

Кездесулер барысында 37 ескерту қағазы көрсетілді, ең көп ескерту қағазын алғандар —«Тараз» — 7; «Тобыл» — 5; «Ордабасы» — 5. Жасыл алаңнан 2 футболшы қуылды.

Мергендер көшінің басында 9 гол соққан Жерар Гоу («Қайрат») тұр.

Чемпионат басталғалы 89 кездесу өтті. 42 ойында алаң иелері жеңіске ие болса, 28 тайталаста қонақтар басым түсті, 19 кездесу тең есептермен аяқталды. Қақпаларға 202 гол соғылды (алаң иелері — 114, қонақтар — 88), сөйтіп, әр кездесуде қақпаларға орта есеппен 2,26 гол енді.

Біздің мергендеріміз:

Самат Смақов — 5 гол (төртеуі — он бір метрлік айып добы);

Дидар Жалмұқан — 3 (1);

Никита Бочаров — 2;

Тоқтар Жаңғылышбай — 2;

Бобир Давлатов — 1;

Асланбек Кәкімов — 1;

Сандро Цвейба — 1.

«Ақтөбе» өз алаңымызда 7 кездесу өткізіп, 3 ойында жеңіске жетті, 2 тең ойын нәтижесі тіркелді, 2 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 8:7. Ұпай — 11. Сырт алаңда 8 ойын өткізіп, 2 кездесуде жеңіске жетті, 3 ойынды тең аяқтады, 3 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 7:10. Ұпай — 9.

 

ТУРНИР КЕСТЕСІ

 

Команда      О         Ж        Т         Ұт       Д         Ұп

 

1.Астана      15       13       1          1          23-7      40

2.Ертіс          15       9          4          2          23-8      31

3.Қайрат      15       9          2          4          31-12    29

4.Оқжетпес  15       7          3          5          21-17    24

5.Ордабасы 15       7          2          6          19-19    23

6.Ақтөбе       15       5          5          5          15-17    20

7.Тобыл        14       5          3          6          16-16    18

8.Атырау      14       4          4          6          12-18    16

9.Жетісу        15       4          4          7          15-22    16

10.Шахтер    15       3          4          8          5-20      13

11.Ақжайық 15       3          2          10       10-23   11

12.Тараз       15       1          4          10       12-23    7

 

*О — ойын, Ж — жеңіс, Т — тең, Ұт — ұтылыс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.   

*   *   *

 

15 маусым, сәрсенбі күні өтетін 16-турда «Ақтөбе» сырт алаңда «Ертіс» командасымен ойнайды. Бірінші айналымда өз алаңымызда павлодарлықтармен тең ойнаған болатынбыз. Пенальтиден 22-минутта Гогита Гогуа, 87-минутта Самат Смақов гол соққан еді. Сөйтіп, оған дейін 5 тур бойы жеңіске жетіп келе жатқан «Ертістің» ентігін басқанбыз.

Басқа ойындар:

15 маусым, сәрсенбі

«Тобыл» (Қостанай) — «Астана» (Астана)

«Қайрат» (Алматы) — «Ордабасы» (Шымкент)

«Тараз» (Тараз) — «Жетісу» (Талдықорған)

«Оқжетпес» (Көкшетау) — «Шахтер» (Қарағанды)

«Ақжайық» (Орал) — «Атырау» (Атырау)

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button