Экономика

Ардабидің кабинеті

Облыста «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары ауыл тұрғындарымен жиі кездесіп, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін, несие алудың оңтайлы жолдарын түсіндіріп отырады. Аталған жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асып отыр. Бұл бағдарлама қаланың ауылдық округтері арасында кеңінен таралып, өзінің оң нәтижесін беруде. Ақтөбе қаласының жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, аталған бағдарламаның жүзеге асырылуынан бастап 64 адам шағын несиеге қол жеткізді. Олардың басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысады. Сондай-ақ, кейбірі қызмет көрсету саласын (монша салу, кондитер цехы, оқу орталығы, стоматология кабинеті) дамыту мақсатында жаңа кәсіп ашып, жұмысын жүргізіп отыр.

Солардың бірі — Қызылжар ауылында «АҚ дент» стоматологиялық кабинетін ашқан Ардаби Қасымов. Ол көптен бері жеке кәсіп ашуды ойлап жүргенімен, қаражат тапшылығы қолбайлау боп жүріпті. Алайда көзі ашық ол кәсібін жаңа бастап жатқандарды мемлекет қолдайтынын, шағын несие беретінін естіді. Несие алмас бұрын Ардаби Қасымов «Дастан» бизнес орталығында және «Бизнес Навигатор ЛТД» ЖШС ұйымдастырған жас кәсіпкерлерге арналған екі кезеңдік семинарларға қатысып, оқып алды.

— Менің ойымша, кез келген адам өз кәсібін ашқысы келеді. Менің де сондай талабым күшті болды. Қолымнан келетіні — тіс емдеу болғандықтан, стоматологиялық кабинет ашуды жөн көрдім. Сөйтіп, оны ашпастан бұрын, сәулетшілермен, санитар-эпидемиолог мамандармен кеңестім. Бизнес жоспар құрдым. Сөйтіп, 2013 жылы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде стоматологиялық кабинет құрылысы үшін «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы 3 миллион теңге несие алдым. Несиені алғанмен, құрылысты бірден бастай алмай, кабинеттің құрылыс құжаттарын дайындаумен біраз уақытым өтіп кетті. Сөйтіп, несие төлейтін уақыт та жетіп келді. Негізі жаңадан кәсіп ашқандарға жеңілдік жасалады, несиені бір жылдан соң төлейсің. Алайда мен құжаттармен, құрылыспен жүргесін, келушілердің тісін емдей алмадым. Сөйтіп, кіріс болмағасын, несие төлейтін уақытта қатты қиналдым. Ағайын-туманың арқасында ол қиындықты да өткердік. Алайда, несиені уақытында төлемегендіктен банктердің «қара тізіміне» ілініппін. Қазір банктер арасында ортақ жүйе бар.  Енді бірде-бір банк маған несие бермейді екен. Меніңше, жаңадан кәсібін ашқандар шаруасын жүргізіп, аяқ алысын бақылап, көтеріліп алуы керек. Олай болмаған жағдайда, несиені төлер кезде, ақша таба алмай қиналады. Жаңадан ашылған кәсіп әбден жолға қойылғанша, бірден табыс көзі болып кетпейді ғой,  — дейді Ардаби Қасымов.

Қазір жеке бизнесі жолға қойылып, көңілі бірленген тіс дәрігері Ардаби Қасымовтың «АҚ дент» стоматологиялық кабинетін тек қана қызылжарлықтар ғана емес, сырттан іздеп келушілер көп. Себебі, Ардаби бұған дейін бұрынғы Исатай ауданының орталығы Ақырапта тұрған, білікті тіс дәрігері екенін жергілікті жұрт жақсы біледі. Сондықтан да бұрынғы исатайлықтар әлі күнге дейін тісі ауырса, Ардабиді іздеп келеді екен.

Оның үстіне мұнда тіс емдеу қызметі қаладағыдай қымбат емес, бағасы ауыл тұрғындарының қалтасына сай. «Тістің түріне, жұмысына қарай қызмет бағасы да әртүрлі болады», — дейді тіс дәрігері.

Тіс емдеу кабинетінде дәрігерге қолғабыс ететін көмекші бар. Кәсіпкер оған ай сайын жалақы төлейді.

— «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы өз уақытында, яғни, дағдарыс кезінде жұмыссыздарды қолдау мақсатында ойластырылған. Мұны мемлекет қамқорлығы десе де болады. Тың идея мен бизнес жоспарың болса, кәсіп ашудан қорықпаған дұрыс. Тәуекел ету керек. Несие де тез беріледі. Мен өз басымнан өткенді айтамын, «соқыр мысық» секілді неден бастарымды, қайда барарымды білмей, көп жүріп қалдым. Атап айтсам, лицензия аламын дедім, басқа да құжаттарымды реттедім. Менің бір ғана кеңесім бар: жаңадан кәсіп ашып жатқандар мен сияқты «адасып», көп жүріп қалмау үшін, барлығын алдын ала сұрастырып, мұқият зерттеп барып, кәсіп ашуға кіріскендері жөн,  — дейді А.Қасымов.

Қазір қызылжарлықтар тісі ауырса, Ақтөбеге сабылмайды, Ардабидің кабинетін бетке алады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button