Экономика

Несиенің нәтижесі — зәру жабдықтар

Шағын және орта бизнес — экономиканың тиімді секторының бірі. Қазіргі таңда елімізде «Бизнестің жол картасы — 2020», «Даму-Өндіріс», «Даму аймақ-3» мемлекеттік бағдарламалары арқылы шағын бизнеске қолдау көрсетіліп жатыр. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының облыстық филиалы мемлекеттің қолдауына ие болған бірнеше кәсіпорынға пресс-тур ұйымдастырды.

Шара кезінде журналистер «Заречный-1» ауылында орналасқан «Беркін Асқаров» жеке кәсіпкерлігінің жиһаз өңдеу цехына барды. Кәсіпкер «Даму-Өндіріс» бағдарламасы бойынша алты пайызбен 7,6 миллион теңге несие алыпты. Осы қаражатқа бірнеше құрал-жабдық және қажетті материалдарды сатып алады.

Бұрын мен барлығын қолмен жинайтынмын, қажет кезінде  ағаштарды  басқа цехтарға барып кестіретін едім. Бір жиһазды жасау үшін көп уақыт кететін. Енді осы  қиындықтан құтылдым. Қазір барлығын бір жерден өзім істей беремін. Тіпті оюды да өзім қиып, кесемін. Негізінен асүй жиһазын жасаймын. Соңғы уақытта қонақ бөлме жиһазын жасауды үйреніп жүрмін. Өнімді әлеуметтік желілер арқылы жарнамалап, сатамын. Тапсырыс бір ай бұрын кабылданады.

Бұрынғыдай емес, тапсырыстың көлемі артып келеді, — дейді Беркін Асқаров. Журналистер цех жұмысын аралап көрді. Сондай-ақ осы ауданда орналасқан. «Дони» балабақшасына барды. Балабақша иесі Ләззат Дүйсенбаева «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша 20 миллион теңге несие алып, осы шаруаны бастапты.

  • Несиені 14 пайыз жеңілдікпен алдық. Оның 7 пайызы мемлекет тарапынан өтеледі. Бұл кәсіпкер үшін өте тиімді. Ақшаны қолымызға алғаннан кейін балабақшаға қажетті жабдықтар мен жиһаз сатып алдық. Ғимарат барлық санитарлық талаптарға сай, — дейді Ләззат Дүйсенбаева.

Осыдан бір ай бұрын ашылған балабақшада балалар екі топқа бөлініп, «Балапан

бағдарламасы арқылы оқытылады.

Ата-аналар ай сайын 11 мың теңге төлейді. Ал қалғаны мемлекет тарапынан өтеледі. Кәсіпкер болашақта төменгі қабаттан бассейн ашуды жоспарлап отыр. Пресс-турдың үшінші нысаны — «Еламан 2014» ЖШС болды. Серіктестік картоп өсірумен айналысады. Шаруашылық басшысы Миржан Әлжанов биыл 23 гектар жерге картоп егіпті.

  • Негізгі жұмыс өткен жылдан басталды. «Бизнестің жол картасы2020» бағдарламасы арқылы несие алдым. Қаражат қолға тиген соң израильдық суаратын жүйе сатып алдым. Осылайша шаруаны бастап кеттім, — дейді серіктестік басшысы.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының облыстық филиалының бас менеджері Әліби Сабырдың айтуынша, облыста соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламаның көмегіне жүгінетін кәсіпкерлер көбейген. Олардың барлығы қазір шаруасын дөңгелентіп отыр.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button