Экономика

«Izet Green House»: жаңа технология, мол өнім

Инновация

 

Ақтөбе қаласы К.Нокин елді мекеніндегі «Izet Green House» жылыжай кешені қазір қала тұрғындарын халық көп тұтынатын көкөністің түрі — қиярмен қамтамасыз етіп отыр. Жылына 1500 тоннаға дейін өнім шығаратын жылыжай маусым айында екінші айналымын бастады.

 «Мева» — голландиялық сорт

 «Izet Green House» жылыжай кешені «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының қолдауымен 2010 жылы ашылып, желтоқсан айында өз жұмысын бастады. Ал 2011 жылы сәуір айында ақтөбеліктерге алғашқы өнімін ұсынды.

Жылыжай кешенінің бас маманы Амангелді Түрікменбаевтың айтуынша, жылыжай алғашқы бес жыл бойы қызанақтың «алтес» аталатын голландиялық сортын өсірген. Одан кейін «каприция», «канна» сияқты басқа да сорттарын егіп, мол өнім алыпты.

  • Біздің жылыжай кешенінің жалпы аумағы — 3 гектар. Жылыжай барлық құрал-жабдықтармен, голландиялық жаңа технологиялармен қамтылған. Мұнда тыңайтқыш пен су, жарық автоматты түрде қажет мөлшерде беріліп отырады. Ал өнімдеріміз экологиялық жағынан қауіпсіз. Өткен жылдан бері қияр өсіруді қолға алдық. Маусым айында бірінші айналым бойынша 750 тонна өнім алдық. Енді екінші айналымды бастап жатырмыз. Қияр өсірудің бір тиімділігі сол, қызанақ секілді бір ғана айналымнан тұрмайды. Алты айдан кейін өнім береді, — дейді А.Түрікменбаев.

Қазір жылыжай қиярдың «мева» деп аталатын голландиялық сортын өсіріп жатыр. Алғашқы айналымда жақсы өнім алыпты.

Жылыжай кешенінің бас агрономы Ван Клинк Фредерикус Якобус Джозефтің айтуынша, бұл сорт — орташа деңгейлі жемісті, жылтыр, ақұнтақты, жақсы байланатын, қыс-күз айларындағы ауа райына төзімді, жоғары өнімді  гибридті қияр түрі. Бұл сорт Голландиядан әкелінген. Сондай-ақ, ұзақ мерзімге сақтауға болады.

—  Бұл сорттан жақсы өнім алу үшін көкөніс өсірушілер уақытпен санаспай еңбек етулері керек. Ол үшін жылыжайда барлық жағдай жасалған. Дақылды күтіп-баптау үшін тәжірибелі  мамандар да жеткілікті. Біз ғылым мен өндірісті тығыз ұштастыра отырып, тың биіктерді бағындыруға  күш салып жатырмыз, — дейді ол.

«Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған жылыжай кешенінің жоба құны — 1 238 000 000 теңге. Жылыжайда 50-ге жуық адам жұмыс жасайды. Олардың арасында агроном-ғалымдар, өнімді жинаушы, күтіп баптаушы, тағы басқа жұмысшылар бар.

Бас маман Амангелді Түрікменбаевтың айтуынша, қазір жылыжайға  Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжі мен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан
аграрлық-техникалық университетінің ауыл шаруашылығы мамандығында оқитын 10 студент келіп, іс-тәжірибеден өтіп жатыр.

  • Жұмысшылардың орташа жалақысы — 70 мың теңге. Олар үш бригада бойынша бес күн жұмыс жасайды. Сондай-ақ, жыл сайын жоғары және кәсіптік оқу орындарынан жастар келіп, іс-тәжірибеден өтеді.

Біздің ұжым өте ұйымшыл. Арамызда Голландиядан келген агроном-ғалым жұмыс істейді. Ал жылыжай кешенінің басшысы Мәлік Үмбетұлы өте кеңпейіл адам. Өзі — агроном-ғалым. Барлығымыздан  жұмысты ұқыпты, тиянақты, жауапкершілікпен жасауды талап етеді. Соның арқасында бүгінгі күні еңбегіміздің жемісін көріп, жақсы өнім алып отырмыз, — дейді Амангелді.

 Қауіпсіз өнім. Қолжетімді баға

 Жылыжай кешені қазір өз өнімдерін 41-разъездегі сауда орындарына, «Табыс», «Алтай», «Орда» базарлары мен «Дина», «Анвар» супермаркеттеріне сатылымға шығарып, тұрғындарды экологиялық таза, қауіпсіз өніммен қамтамасыз етіп отыр. Әсіресе әр сенбі сайын өткізілетін жәрмеңкеге жылыжай өз өнімдерін қолжетімді бағамен қояды. Мәселен, соңғы жәрмеңкеде қиярдың бір келісін 200 теңгеден сатыпты.

Тұрғындардың өнімдерімізді қолжетімді бағаға алуын біз де құптаймыз. Көбіне базарлар мен сауда орындарында басқа өңірдің өнімдерін сатып, көпшілік жергілікті көкөніс түрлеріне «мұрнын шүйіріп» жатады. Бұл дұрыс емес. Ақтөбелік кәсіпкерлердің өнімдері ең таза, қауіпсіз әрі бағасы да өзгелерге қарағанда арзан, — дейді Амангелді.

Осы тұста бір айта кететін жайт, қазір жергілікті өнімдердің бағасы Өзбекстаннан, сондай-ақ, еліміздің оңтүстік өңірінен келген өнімдердің бағасымен бірдей. Мәселен, қазір сауда орындарының көпшілігінде қиярдың келісі — 280-300, қызанақ  350-400 теңге тұрады. Сатушылардан себебін сұрасаң, «барлығы қымбат келеді» деп түсіндіреді. Сонда жергілікті өнімдер шеттен келетін өнімдерден неге арзанға сатылмайды? Осы орайда кәсіпкерлер көкөніс түрлерін қолжетімді бағамен сатып жатқанын жеткізсе, сатушылар оны қымбат бағаға алатынын айтады.

Жылыжай өткен жылы өнімдерін Астана, Қостанай, Орал қалаларына шығарыпты. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта сұраныс болып жатса, еліміздің өзге өңірлеріне де шығаруға мүмкіндік бар.

Бүгінгі күні жылыжайға қажетті минералды тыңайтқыштар, арнайы құрылғылар  Алматы, Шымкент қалалары арқылы Голландиядан әкелінеді. Бас маманның айтуынша, ақтөбелік жылыжай кешендерінің көпшілігі көкөніс түрлерінің голландиялық сорттарын еккенді тәуір көреді. Себебі бұл елден келген сорттар біздің ауа райымызға тез бейімделеді. Әрі көп өнім береді.

Голландия —  дамыған елдердің бірі. Оларда жылыжай көп. Сондай-ақ, ғылым мен өндіріс ол жақта дамып кеткен. Бүгінгі күні еліміздегі жылыжайлардың бәрі тексерілген, тәжірибеден өткен сорттарды елге әкеліп, мол өнім алуда. Голландиялық ғалымдар, агрономдар келіп, біздің мамандармен іс-тәжірибе алмасуда. Түптеп келгенде, бұл біздің елімізде жылыжайлар көбейеді деген сөз. Демек, тұрғындар алдағы уақытта жергілікті таза өнімді тұтынады, — дейді Амангелді.

Р.S. Елбасы Н.Назарбаев өз Жолдауында: «Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету — басты мәселе. Елімізде азық-түлік өнімдері ішкі нарығының 80 пайызын отандық өнімдер құрауы тиіс», — деген болатын. Бұл орайда бүгінде «Izet Green House» жылыжай кешені — өңірімізде көкөніс шаруашылығын дамытуға үлес қосып отырған ірі шаруашылықтардың бірі.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Фотоны түсірген автор.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button