Экономика

Жыл соңына дейін көрсеткіштер жақсарады

Брифинг

Ақтөбе өңірі өндірісінің негізін тау-кен кешені құрайды. Мұнай мен газ, хром мен мыс-мырыш кендері басты салаларды қамтиды.

Өкінішке қарай, тап бүгінгі таңда тау-кен кешені салаларында өндіріс көлемінің төмендеуі байқалады. Оның басты себептері белгілі, экспорттық нарықтарда мұнай бағасының төмендеуінен, мұнайды ішкі нарықта сатудың тиімсіздігінен, хром кеніне деген сұраныстың бәсеңдеуінен, кендегі мырыштың пайыздық құрамының азаюынан болды. Әйтсе де облыс өнеркәсіптің нақты көлем индексін биылғы жылы толық қамтамасыз етуді мақсат тұтып отыр. Бұл жөнінде сейсенбі күні «Ақтөбе ақпарат» баспасөз орталығында өткен брифингте облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысы міндетін атқарушы Дархан Ермағамбетов баяндады.

Оның айтуынша, өзге бағыттар бойынша өсім байқалады. Айталық, Жаңажол газ өндіру зауытының үшінші кезегінің іске қосылуымен газды өндіру мен игеру өткен жылмен салыстырғанда кем дегенде 10 пайызға ұлғаяды.

Былтыр жұмыс жасамаған «Vertex Holding» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үстіміздегі жылдың  сәуірінен бастап темір кенін өндіруді бастады. Жыл соңында өнім өндіру көлемі 300,0 мың тоннаны құрайды деп күтілуде.  Мұнымен бірге, «Юбилейное» кен орнында  алтынқұрамды кені өндірісінің көлемі биыл өткен жылмен салыстырғанда екі жарым есе артық болмақ.

Еліміздің индустрияландыру картасына әр жылдарда талай ауқымды жобалардың енгізіліп, жүзеге асқаны көпшілікке мәлім. Биылғы жылы да 15 млрд теңге көлемінде, 800-ге жуық жұмыс орындарының ашылуымен, 10 жоба пайдалануға берілмек.

Басқарма басшысының міндетін атқарушы «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен баспасөз мәслихатында «Ақтөбе» индустриялық аймағындағы атқарылып жатқан жұмыстар, сыртқы сауданың, жергілікті қамтудың жайы туралы да жан-жақты әңгімеледі. Өңіраралық кооперация мәселесінде, осы жылғы наурызда Ақтөбе қаласында Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан мен Ақтөбе облыстары тауар өндірушілерінің қатысуымен 3 жәрмеңке-көрме өткізілгенін, ынтымақтастық орнату үшін бірқатар перспективалы бағыттар белгіленгенін айтты. Брифингке қатысқан бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button