Ауыл

Ауыл көшелері тазарды

Тазалық айлығына  аудан тұрғындары да белсенді түрде қатысып жатыр.

Қарғалы ауданы Желтау селолық округіне қарасты Ш.Қалдаяқов пен Петропавловка ауылдарында тазалық жұмыстары сәуір айынан басталды. Қазір екі ауылдың тұрғындары мен жеке шаруа қожалық және мемлекеттік мекеме қызметкерлері әр сенбі сайын ауыл ішіндегі қыстан қалған күл-қоқысты сыртқа шығарып жатыр. Округ әкімі Рүстем Сексенбайұлының айтуынша, екі айлық басталғалы жиырма машина қоқыс полигонға төгілген.

Округ тұрғындары тазалық жұмыстарына ұйымшылдықпен кірісті. Әр  жеке үй өз ауласын сыпырса, балабақша, мектеп, әкімдік қызметкерлері де мекеме айналасын, көше бойын тазартып жатыр. Қазір ауыл көшелері тазарып қалды. Ағаштардың түбі әктелді. Екі ауыл да ұзын жолдың бойында орналасқандықтан, көлік жиі жүреді. Кейбір жүргізушілер судың құтысын, шылымның қабығын жол жиегіне лақтырып кетеді. Жарамсыз болып қалған көлік дөңгелегін тастап кететіндер бар. Ауыл жастары осындай күл-қоқыстың барлығын жинап, қоқыс алаңына төгіп жатыр. Округке қарасты жеке шаруашылықтар да тазалық айлығынан тыс қалған жоқ. Қазіргі күні 45 қожалық бар болса, барлығы өздеріне тиесілі аумақты тазартуда, — дейді округ әкімі.

Сондай-ақ осы аптада ағаш отырғызу жұмыстары басталды. Алғашқы көшеттер егілді. Екі айлық аясында Ш.Қалдаяқов пен  Петропавловка ауылының көшелеріне 400 түп терек егіледі. Оның отыз түбін  демеушілер әкеліпті. Жеке үй тұрғындары да көшет егу жұмыстарын бастаған. Округ әкімінің айтуынша, бұндай игі шаралар әлі де жалғасын табады.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button