Ауыл

Ауа райы бөгеп тұр

Көктемгі егіс

 Егінші қауым сәуірдің соңғы онкүндігінің табалдырығында тұр. Тап қазіргі сәтте далада көктемгі қарбалас шақ басталды деуге болады. Биылғы көктемгі егіс жұмыстарына қатысатын техникалар қырға шығарылып, қос бастарына жеткізілді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы егіншілік бөлімі басшысының міндетін атқарушы Диас Ерғалиев егер ауа райы жауын-шашынды болмағанда, ылғал жабуды бастап та кеткен болар еді дегенді айтады. Оның айтуынша, биыл егіс салатын шаруашылықтар көктемгі далалық жұмыстарға дайын. Оңтүстік аудандар осы бір-екі күндікте егістік жерге тырма салуды бастап кетпек еді, нөсер жауын тоқтатты. Қазір Қобда ауданының бар техникасы егіс басында ауа райының оң қабақ танытуын күтіп тұр. Мәртөк, Қарғалы  ауданының егіншілері де биыл ыждағаттылық көрсетіп, ерте қозғалды. Іс жүзінде көктемгі далалық жұмыстарды бастап кетуге барлық аудандар әзір отыр. Бүгінгі таңда облыс бойынша көктемгі далалық жұмыстарға қатысатын техникалар 99 пайыз дайын.

Биылғы көктемде далалық жұмыстарды атқаруға  6917 трактор, 80 кешендер мен 2651 тұқым сепкіштер, 1605 жер өңдейтін техника, 1287 жүк көліктері, 3734 трактор тіркемелері қатысады. Өткен жылғы қазан айынан бүгінгі күнге дейін ылғал жақсы түсті. Ол негізгі мөлшерден 80 пайызға асып тұр. Ылғалдың мөлшерден артық болуы егіншіліктен биыл жоғары өнім алу үмітін оятады. Азық-түлік кооперациясынан көктемгі далалық жұмыстарды жүргізуге 350 миллион теңге бөлінген. Қазір осы аталған несиелік қаражатты игеру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын  қаржылай қолдау қоры арқылы да алты пайыз өсім мөлшерінде несие берілуде. Шағын несиелендіру, аграрлық несие кооперациялары тарапынан да қосымша қаржы көздері қарастырылуда. Мұнымен бірге, мемлекеттік  қолдау ретінде биыл 200 миллион теңге субсидия бөлінген. Минералды тыңайтқыштарға 37,3 миллион теңге, гербицидтер алуға 88 миллион теңге және тұқым шаруашылығын  субсидиялауға 82,4 миллион теңге қарастырылып отыр. Биылдан бастап гектарға субсидия төлеу жойылғаны белгілі.

Облыс аумағында көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 6500 тонна жанар-жағармай бөлінген. Биыл дизель отынының литрі 92 теңгеден белгіленді. Бұл нарық бағасынан 7 теңгеге арзан. Бірқатар мамандар Павлодар облысында көктемгі егіс жұмысына қатысатын шаруа қожалықтарының арзан жанар-жағармайға қол жеткізіп отырғанын айтады. Бізде нарықтық баға 99 теңге, кез келген жанар-жағармай беретін бекеттерден көз жеткізуге болады. Ал көктемгі далалық жұмыстарға қатысатын шаруашылықтарға қызмет көрсететін екі оператор бар, олар жанар-жағармайдың литрін 92 теңгеден сатуда. Павлодар облысында арзандау болатыны өзінде мұнай өңдейтін зауыт бар, тасымалдау шығыны жоқ. Бір-біріне жақын орналасқан Қарағанды мен Павлодар облысында жанар-жағармай бағасының төмендігі осымен байланысты. Ал біздің облыс Атырау облысынан тасымалдайды.

Қазір облыстың осы көктемде қанша егіс салатыны анықтала келген. Диас Ерғалиевтің айтуынша, облыста 553,3 мың гектар бекітілген егіс құрылымы бар. Осы межені орындауға бағыт ұсталуда. Мұның 330 мың гектары дәнді дақылдар, 40 мың гектары майлы дақылдар, 172,1 мың гектары мал азықтық дақылдар, 5,6 мың гектар картоп, 4,6 мың гектардай көкөніс, бақша болмақ.

Маманның бізге берген түсінігіне қарағанда, әзір бұл жұмыстар облыс бойынша басталған жоқ. Егіншілер ауа райының далалық жұмыстарды жүргізуге мүмкіншілік беруін күтіп отыр. Мұнымен бірге, маман биылғы жылы үлкен көлемде егіс салуға бел буған кейбір ірі шаруашылықтардың несие алуда қиыншылықтарға тап болып, бөгеліп отырғанын да айтты. Қаржылық несие беру мекемелері олардың бұрынғы ірі көлемде қарыздарының болуына, кепілдікке қоятын мүліктерінің жоқтығына байланысты мәселені шешуді кідіртуде. Дегенмен, бұл мәселенің таяу арада оң шешілетінінен үміт бар.

Тап қазіргі сәтте мамандар көктемгі егіс жұмыстарының қашан аяқталатынын дәл басып айта алмайды. Ол алдағы ауа райының жағдайына байланысты. Өткен жылы да көктем жауын-шашынды болып, тұқым себу маусымның ортасына дейін созылған болатын. Сондай жағдайда себілген егістің, кейін жер кеуіп, шілдеде жауын болмай, өнімнің төмен болғанын білеміз. Осы қателік қайталанбас үшін шаруашылықтар ашық күнді тиімді пайдаланып, ыждағатты түрде дән себу жұмыстарын мамыр айының ішінде аяқтауға тиіс. Агроном мамандар Қазақстанның орталық бөлігінде дәнді 20 мамырға дейін себу нағыз дер шағы  деп есептейді екен.  Бізде де бұдан кеш қалудың жөні жоқ сияқты. Ылғал қара күз бен қыста, көктемде қанша есе артық болса да, шілдеде дұрыс жауын болмаса, егін болмайды деген түсінік қалыптасты. Біздіңше, бұл дұрыс емес. Мәселе — көктемгі егістің қай уақытта аяқталуына, ылғалдың уақытында жабылып, дәннің жер құрғамай себілуіне де байланысты.

Экономикалық дағдарыс жағдайында пайданың бір көзі егіншілік саласынан қарастырылуда. Еліміз әлемге белгілі астықты ел, 15 млн гектар егіс салады жыл сайын, содан орта есеппен гектарына 13 центнер өнім алады. Қазіргі шақта еліміз ішкі қажеттілігін өтеп қана қоймайды, сыртқа, экспортқа мол астық шығарады. Оның көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Біздің елімізден астық алатын елдердің де қатары артуда. Қазақстан астығы сыртқы рынокта өтімді әрі бағалы. Жылдан- жылға сұраныс өсіп келеді. Сондықтан егіншілікті тиімді жолға қойған шаруашылықтардың ұтатыны даусыз.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button