Спорт

Үшінші рота — үлгілі

Өткен жылы ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен Көліктегі ішкі істер департаменті жанынан жолаушылар пойыздарына ілесіп жүру саптық батальоны құрылған болатын. Батальон құрамында өңірлік үш рота қарастырылған. Астана қаласында орналасқан бірінші рота — еліміздің солтүстігі мен орталығындағы, Алматы қаласындағы екінші рота — Қазақстанның оңтүстігі мен шығысында орналасқан облыстарды, ал Ақтөбе қаласындағы үшінші рота — батыс аймағы бойынша өтетін теміржол бойындағы жолаушылар пойыздарында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, сондай-ақ азаматтардың жеке мүліктері ұрлығының алдын алуға міндетті.
Бұған дейін жолаушылар пойыздарында қызмет атқарған тәртіп сақшылары әр станцияда орналасқан желілік бөлім қызметкерлері арқылы жақын арақашықтықты қамтыса, батальонның ерекшелігі — онда қызметкерлер ұзақ қашықтықта жолаушылар пойыздарындағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, Ақтөбе станциясынан Түркістан станциясына немесе Ақтөбеден Атырауға дейінгі қашықтықта қызмет атқарады.
Көліктегі ішкі істер департаменті бастығының тапсырмасымен жолаушылар пойыздарына ілесіп жүру батальонының командирі, полиция полковнигі Темірлан Бөкеев пен оның орынбасары Шаяхмет Қансейітов іссапармен Ақтөбе қаласындағы үшінші ротада болып, өткен жылғы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, қызметкерлерге әдістемелік көмектер көрсетті. Алдымен «Дабыл» белгісімен қызметкерлердің қызметтен тыс уақыты бақыланды. Мұндай кезде қызметкерлер бекітілген уақыттан 10-15 минутқа ерте жинақталып, қызметке сақадай сай тұрды. Содан соң қызметкерлерге саптық тексеру жүргізілді. Бұл кезде олардың қызметтік киім киісі, іс-қағаздарын толтыру жұмыстары мұқият тексерілді. Нәтижесінде жолаушылар пойыздарына ілесіп жүру үшінші рота қызметіне жоғары баға берілді.
Ақтөбеге жасаған сапары кезінде батальон командирі Т.Бөкеев көліктегі полиция қызметінің құрылғанына биыл 97 жыл толу құрметіне әріптестерді кесіби мерекемен құттықтап, атаулы күнге орай волейбол және шағын футболдан спорттық іс-шара өткізу туралы бастама көтерген еді. Ол өз сөзінде: «Көлік полициясы — ғасырға жуық тиімділігін дәлелдеген тарихи сала. 18 ақпан — саналы өмірін көлік полициясындағы қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті сақтауға арнаған осы саланың ардагерлері мен қазіргі күні қызметтің ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген қызметкерлердің мейрамы. Бұл кәсіби мереке — қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған асыл ерлеріміздің рухы алдында бас иетін күн», — дегенді айтып, Ақтөбе өңірінің қос генералы — Батыс аймақтық көлік полициясы басқармасында елеулі қызмет етіп, артына өшпес із қалдырған Кеңшілік Жұмабаев пен Серік Исимовтардың еңбектерін ерекше атап өтті.
Кәсіби мереке қарсаңында үшінші рота қызметкерлерінің ұйымдастырумен өткен спорттық шараларға Ақтөбе станциясындағы ішкі істер желілік басқармасы мен Қандыағаш станциясындағы желілік полиция бөлімдері қызметкерлері арнайы шақырылды. Волейболдан өткен турнирде Қандыағаш станциясындағы желілік полиция бөлімінен құралған құрама команда бірінші орынға қол жеткізсе, шағын футболдан жолаушылар пойыздарына ілесіп жүру үшінші рота қызметкерлері құрама командасы қарсыластарын шаң қаптырды.

Ақмадин ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button