Экономика

Өндірістік қуаттылық сақталады

Өткен аптада «Ақтөбе металл емес құбырлар зауыты» ЖШС-ында өткен жылды қорытындылап, осы жылға жаңа міндеттемелер жүктейтін жиналыс өтті.
Бұған облыс әкімінің орынбасары Асқар Биахметов, «Ақтөбе облысының кәсіподақ орталығы» аймақтық кәсіподақ бірлестігі төрағасының орынбасары Виктор Пфаненштиль, серіктестік қызметкерлері, облыстық басқармалардың, аймақтық кәсіподақ бірлестігінің басшылары қатысты.
Әуелі сөз сөйлеген «Ақтөбе металл емес құбырлар зауыты» ЖШС-ның бас директоры Ян Тампаев 2015 жылдың қорытындысы бойынша ұжымдық шарттың орындалуы және кәсіпорынның өндірістік қызметінің нәтижесі жөнінде есеп берді.
Аталған кәсіпорын композиттік материалдардан шыны пластикалық құбыр желілерін өндіреді. Тоттануға қарсы, жоғары төзімділікке ие құбырлар ТМД елдеріне, алыс-жақын шетелге экспортталады. «Ақтөбе металл емес құбырлар зауыты» ЖШС-ның бас директоры Ян Тампаевтың айтуынша, қол жеткізген жетістіктерге қарамастан, қаржылық-дағдарыстық жағдайда зауыт ұжымы жұмыс орындарын, өндірістік қуаттылықты сақтап қалған.
Қазіргі уақытта кәсіпорында орта есеппен 180-200 адам жұмыс жасайды, олардың орташа жалақысы айына — 70,0 мың теңге.
Жиналыс қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары Асқар Биахметов зауыт басшылығына өндіріс қуаттылығын жүктеу мүмкіндіктерін іздестіру, қызмет көрсетудің өзіндік құнын төмендету бойынша нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, кәсіпорында ұжымдық келісімшарттың әлеуметтік мазмұнды жақсарта түсуіне бағытталуына назар аударды.
Жиын соңында еңбек қатынастарын реттеу, қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету үшін облыс әкімдігі, кәсіпорын басшылығы және аймақтық кәсіподақ бірлестігі арасында үш жақты Меморандумға қол қойылды.

А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button