Экономика

Өнімдер экспортқа бағдарланады

Үдемелі индустриалды-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған және «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламалары аясында кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсетудің нақты шараларына қатысты жиын кеше «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының кеңсесінде өтті. Жиынға бірқатар басқарма өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.
Облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Марат Балмұханов жиналғандарға әлемдік дағдарыстың ел экономикасын дамытуға әсері жайында айтып, дегенмен дағдарыстың мәңгілік еместігін, әйтеуір бір аяқталатынын, сондықтан да мұндай кезде кәсіпкерлік құрылымдарының «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», маңызды шешімдер қабылдап, іске кірісу керектігін атап өтті. Оның айтуынша, еліміздегі экономикалық қиындықтарға қарамастан кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттік қолдауды ұйымдастыру және қаржыландыру ісі әдеттегідей оң шешімін тауып келеді.
— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен елімізде индустриаландырудың екінші бесжылдығының жобасы белгіленді. Бұл — бірінші бесжылдықтағы басталған жұмыстардың логикалық жалғасы болмақ. Ендігі кезекте өндірісті динамикалық және мақсатты түрде дамытуымыз керек. Сондықтан да бүгінгі күні алдымызға үлкен тапсырмалар жүктелді. Ең бастысы — жаңа технологиялар негізінде шығарылған өнімдер бәсекеге қабілетті болуы шарт, — деді М.Балмұханов.
Жиында облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Дархан Ермағанбетов мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың қалыптасқан негізгі бағыттарына тоқталды. Бүгінгі күні отандық және шетелдік инвесторлармен жаңа өндіріс орындарын ашуда белсенді жұмыстар қолға алынған.
— Бүгінде жаңадан жаңа бағыттар мен экономиканың даму секторлары пайда болды. Облыста алғаш рет жаңа өндірістің түрі — экспортқа бағдарланған өнім шығару ісі қолға алынды, — деген Д.Ермағанбетов бұл орайда бірқатар кәсіпорындарды атады.
Сондай-ақ, жиында еліміздің Индустриаландыру картасына енген облыстағы бірден-бір жоба — Ақтөбе рельс-арқалық зауытының ел экономикасын дамытуға тигізетін үлесі турасында сөз болды. Кездесу барысында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қолға алынған Ақтөбе қаласындағы индустриалды аймақтың аяқталуға жақын құрылысы төңірегінде де әңгіме өрбіді. Бұл аймақта шамамен 10 ірі және орташа, сондай-ақ 30-ға тарта шағын зауыт химия, мұнай-газ, құрылыс, транспорт салалары бағытында іске кіріспек. Индустриалды аймақта шамамен 2 мыңға тарта адамға жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button