Денсаулық

Түзеу кабинетінің көмегі

Ақтөбе қаласының Е.Тайбеков көшесіндегі №10 ғимаратта психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті жұмыс істейді. Мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек беретін орталық өткен жылы «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ «Дара» қайырымдылық қорының қолдауымен ашылған болатын.
Бұл кабинетте ақыл-ой дамуында ауытқушылық бар, сал ауруына шалдыққан және өзге де аурудан мүмкіндігі шектелген 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге психологиялық-педагогикалық кешенді көмек көрсетіледі. Сондай-ақ ата-аналарға әлеуметтік қолдау көрсетіліп, кеңестер беріледі.
— Бұл жерге денсаулығында күрделі ақауы болғандықтан бала бақша мен мектепке бара алмайтын балалар келеді. Қазіргі күні 80 бала келетін болса, оның жетпіс пайызының мүмкіндігі шектеулі. Оларды ата-анасы таңертең әкеліп, түсте алып кетеді. Бұл кабинеттің бір ерекшелігі, ата-ана баласымен бірге маманның алдына кіре алады. Маман оған үйде баланы қалай тәрбиелеп, ақыл-ойын жетілдіру үшін қандай әдістемелік құралдар пайдалану керектігін түсіндіріп, кеңес береді, — дейді әлеуметтік педагог Айкен Нұрсейітова.
Түзеу кабинетінде педагог-логопед, педагог-психолог, сурдопедагог, тифлопедагог, олигофренапедагог, дефектолог, емдік дене тәрбиесі, емдік массаж мамандары жұмыс істейді. Сабақ мазмұны баланың денсаулығына байланысты арнайы бағдарламасымен анықталады. Орталықтың материалдық-техникалық базасы барлық талапқа сай арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталған. «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ «Дара» қайырымдылық қорының қолдауымен арбаға таңылған балаларға инва-автомобиль қызмет көрсетеді.
Өткен оқу жылында кабинет мамамандары 86 балаға психологиялық-педагогикалық көмек көрсеткен. Ал биылғы жоспар бойынша 150 балаға қолдау көрсету көзделіп отыр. Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін бұндай кабинеттің маңызы зор. Мамандардың үздіксіз еңбегінің арқасында денсаулығы түзеліп балабақшаға қабылданған балалар бар.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button