Экономика

Қос құрбының кәсібі

Ақтөбеде шығарылған тәтті тағамдар өзге облыстарда да сұранысқа ие

Эльвира Жақыпова мен Майя Тұяқова осыдан үш жыл бұрын бірлесе жұмыс жүргізуді ұйғарып, ортақ кәсібін ашады. Бизнестен хабары жоқ, бұрын-соңды бұл салада еңбек етпеген жастар сол кезде тәуекелге бел буғанның арқасында бүгінде соның жемісін көріп жатыр.

— Бір күні құрбым екеуміз ақылдаса келе «ортақ бизнесімізді ашамыз» деген шешімге келдік. Бір жағынан, бұл бұдан хабары жоқ, тәжірибесіз адамға оңайлау көрінді. Әрі ақшамен жұмыс істегенде сенімді серігің болса жаман ба? Сөйтіп, 2013 жылы өз күшімізбен шағын аспазхананы аштық. Майя екеуміздің жұмысымыз бірден жақсы жүріп кетті. Сұраныстар көбейді, тіпті үлгере алмайтын халге жеттік. Содан кәсібімізді кеңейтеміз деп әрі-бері жүгіріп, мемлекеттің ұсынған мүмкіндіктері һәм жеңілдіктерін қарастыра бастадық. Көп ұзамай «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының кәсіпкерлерге беріп жатқан оңтайлы несиесі туралы хабардар болдық, соған бар құжатымызды рәсімдедік. «Бұйырған кетпейді» демекші, іле-шала, 2014 жылдың соңында мемлекеттен 37 миллион теңге алдық. Соның арқасында жаңа өндіріс орнын сатып алып, тағы бір цех аштық, — дейді Эльвира Сапарқызы.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының бізге берген мәліметінше, облыста 50 мыңнан астам кәсіпкер бар. Оның 65 пайызына жоғарыда аталған қор түрлі көмек көрсеткен. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы — 2020», «Даму-көмек» тәрізді бағдарламалардың арқасында бүгінде кәсібін дөңгелетіп отырғандардың саны аз емес.

Әу баста 4-5 қызметкермен жұмысын қолға алған кәсіпорында қазіргі таңда онға жуық ақтөбелік тер төгуде. Олардың орташа жалақысы — 40-50 мың теңге. Өндіріс көлемі де жыл өткен сайын артып келе жатыр. Айталық, наубайхана торт секілді тәтті тағамдарды есептемегенде, печеньенің 5 түрін, пряниктерді, басқа да ұн өнімдерін жасайды. Табиғи өнімдерді ғана қосып, ешқандай консерванттарды араластырмайтын іскер қыздар олармен әріптестік орнатқысы келетіндердің көп екенінайтады.
— Біз — шағын бизнестің өкіліміз. Сондықтан өндіріс көлеміміз де көп емес, ұжымымыз да шағын. Бірақ, «аз да болса — саз болсын» деген қағиданы ұстанамыз. Бір ғана мысал, бүгін дайындалған кондитерлік өнімдеріміз 1-2 күнде лезде сатылып кетеді, біз соған шақтап істейміз. «Пештен» енді шыққан, жаңа піскен печеньемен шай ішкен кім-кімге де ұнамай қойсын ба? Мақсат — тұтынушылардың ризашылығына бөлене отырып, олардың келесіде де бізге ойланбастан келетініндей жағдай жасау. Өйткені, өзіңіз білесіз, бұл — бәсекеге түсе алатындардың заманы. Бағасына да баса назар аударамыз. Мейлінше қарапайым халыққа қолжетімді болғанын қалаймыз. Мәселен, 360 грамдық бір қорап пряниктің құнын 145 теңге деп қойдық. Ал торттың бағасы 600 теңгеден басталады. Мұндай бағалар көрсеткіші өзге наубайханаларда жоқтың қасы.
Жоғарыда аталған жайттардың барлығын ескерген болуы керек, бізбен көптеген ірі сауда желілері бірігіп жұмыс істеуге ықыласты. Ақтөбедегі барлық ірі супермаркеттерде өнімдеріміз саудаланады. Аудандарға да жеткізіледі. Сондай-ақ, бірнеше айдан бері Атырау облысындағы «Атаба» атты ірі сауда желісі тәтті тағамдарымызды аттай қалап, тапсырыспен сатып алып жатыр. Ол біздің тұрақты әріптесімізге айналды. Болашақта Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарын да қамтысақ деп жоспарлап отырмыз, келіссөздер жүргізілу үстінде, — дейді Майя Арыстанқызы.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.
Суретті түсірген автор.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button