Экономика

Ақтөбеде бизнеспен айналыспау — күнә

 

 «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы Ақтөбе облыстық филиалының басшысы Жеделбек Мұрзағалиев әзіл-шыны аралас осылай дейді. Шынымен де, егер ниетіңіз болса, Ақтөбеде бизнеспен айналысуға мүмкіндік мол. Өткен жылы, әсіресе, ауыл кәсіпкерлерінің белсенділігі артқан. Оған сандар да дәлел бола алады: 2014 жылы «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша 129 кәсіпкер «Бизнестің жол картасы» бірыңғай бағдарламасының субсидия тетігі бойынша қолдау алған, соның 28-і ауылдық жерде тұратын кәсіпкерлер. Ал 2015 жылы 135 кәсіпкер субсидия бойынша қолдауға ие болса, соның 48-і ауылдық аймақтарда орналасқан. Мемлекеттік бағдарлама бойынша кепілдік алған ауыл кәсіпкерлерінің саны 2014 жылмен салыстырғанда былтыр 5 есе артқан. Егер алдыңғы жылы облыс бойынша 32 жоба мақұлданып, кепілдеме берілсе, оның 7-і ауылда жүзеге асырылған жобалар, ал 2015 жылы кепілдендіру бойынша қолдауға ие болған 79 жобаның 34-і ауылдарда орналасқан.

— 2015 жылы мемлекеттік бағдарламаның барлық бағыты бойынша көрсеткіштер артты. Бағдарламаға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде ауылдық жердегі кәсіпкерлер саны көбейді. Ырғыз, Ойыл, Әйтеке би сынды алыс ауылдарда түрлі жобалар жүзеге асырылды. Мысалы, бұрын тіс емдету үшін 300 шақырым жердегі облыс орталығына келетін әйтекебиліктердің енді өз стоматологиялық кабинеті бар, Қандыағашта офтальмологиялық кабинет ашылды. Ал ырғыздықтар бұрын мал бордақылау үшін 400 шақырым жердегі «АкТепке» баратын болса, енді өз аудандарында ашып алды. Бұл тек ырғыздықтар үшін ғана емес, жақын орналасқан Әйтеке би, Қарабұтақ ауылдары үшін де жақсы болды. Хромтаудағы сүт өнімдері өндірісі де нарықта өз тұтынушыларын тауып үлгерді, басқа аудандардағы наубайханалар, кондитерлік цехтар, басқа бизнес субъектілері мемлекеттік қолдау нәтижесінде жемісті жұмыс істеп жатыр, — дейді Ж.Мұрзағалиев.

Олыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Бағжан Тілегеновтің айтуынша, банктердің стартап жобаларды қаржыландыру көрсеткіші де артып отыр. Былтыр алдыңғы жылғымен салыстырғанда кепілдендіру бойынша стартап жобалар саны 3 есе көбейіпті. Салыстырсақ, 2014 жылы — 7 жоба, 2015 жылы 21 жоба іске асырылған. Өндіріс бағдарламасы бойынша облыста 71 жобаға қолдау көрсетілді, оның жалпы сомасы — 6,6 млрд. теңге.

Жалпы алғанда былтыр облыста шағын және орта бизнесті дамыту үшін 9,7 млрд. теңге қаржы бөлінген, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 5 есе көп. Өткен жылы «Бизнестің жол картасы — 2020» бірыңғай бағдарламасы аясында 236 кәсіпкерге қолдау көрсетілген. Жобаларға инфрақұрылым жүргізу үшін республикалық қазынадан 2,1 млрд. теңге қаржы бөлініп, игерілген.

Мемлекеттік қолдау нәтижесінде жұмыс істеп жатқан жобалардың бірі — «Эльзат» ЖШС директоры Ардақ Сәдуақасов 2014 жылы «Даму» қорының ұйытқы болуымен мемлекеттік бағдарламаның тетіктерін қолдану арқылы 2014 жылы 24 млн. теңге несие алған. Мемлекет пен жеке сектордың серіктестігі бойынша жекеменшік балабақша ашқан кәсіпкер қазір қалада 6 балабақша жұмыс істеп жатқанын айтады. Бұл балабақшаларда 600 бала тәрбиеленіп жатыр. «Жеке бизнес бастаған кезде «Даму» қорының қолдауы өте қажет. Мемлекеттік бағдарламаның кепілдендіру, субсидиялау, грант беру сынды бірнеше тетігін қолдана отырып, бизнесті барынша дамытуға болады. Біз де осы тетіктерді қолдандық. Алғашқы жылы екі балабақша жұмыс жасады. Қазір алтау. Болашақта көбейту жоспарда бар», — дейді А.Сәдуақасов.

Ал Бақытбек Дүзелбаев басқаратын «Сайлан Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ашқан бизнес өңір үшін ерекше жоба болып отыр. Енді ғана жұмыс істей бастаған өндірісте кәдімгі бөтелкелерді жасыл түске бояйтын арнайы химиялық концентраттар шығарылады. Мұндай бизнес түрі Қазақстанда әзірге біреу. Кәсіпорын «Даму» қорының қолдауы бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында 120 млн. теңге несие алған, 12,5 пайыздық жылдық ставка бойынша берілген несиенің 10 пайызын мемлекет субсидиялайды, қалғанын кәсіпкер төлейді. «Бұл біз үшін үлкен көмек. Осының нәтижесінде кәсібімізді кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Әзірге Ресей өңірлерімен, Башқұртстанмен жұмыс жасап жатырмыз. Бұл елімізде баламасы жоқ өндіріс. Сондықтан біздің жоба сұранысқа ие болатынына сенімдіміз», — дейді серіктестік басшысы.

Кәсіпкер Малика Зейнуллаева бір ай бұрын отбасылық бизнес ашқанын айтады. Зейнуллаевтардың кондитерлік цехы түрлі торттар, тәтті тоқаштар шығарады. «Даму» қорының ұйытқы болуымен мемлекеттік бағдарлама бойынша 20 млн. қаражат алған. 17 миллион теңгеге «Даму» қоры кепілдік берген, ал қалған кепілдікті кәсіпкер өз мойнына алған.

— Өткен жылды жақсы аяқтадық. Биыл да жаман жыл болмайды деп ойлаймыз. Былтыр облыстық әкім пен «Даму» қоры басшылығы жас кәсіпкерлерді, ауылдағы кіші және орта бизнесті қолдау мақсатында екіжақты меморандумға қол қойған болатын. Құжат аясында биылға 900 миллион теңге қаражат бөлінді. Бұған қоса, республикалық қазынадан 9 миллиард теңгедей қаржы бөлінеді. Яғни шағын және орта бизнесті дамытуға шамамен 10 миллиард теңге қаралмақ. Бұл аз ақша емес. Өңірде бизнесті жүргізуге бар жағдай бар. Сондықтан Ақтөбеде ниет болса, мүмкіндікті қолданбау, яғни бизнеспен айналыспау күнә дер едім, — дейді Ж.Мұрзағалиев.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button