Экономика

«Наурыз СИМНІҢ» жаңа жобасы

Таяуда облыс әкімдігінде өткен жиында «Қазақстанның халықтық жинақ банкі» АҚ, «Даму» қаржылық қоры және Ырғыз ауданында мал шаруашылығымен айналысатын «Наурыз СИМ» ЖШС арасында үшжақты кепілдік келісімшартына қол қойылған болатын. Бұл келісімшартқа сәйкес, «Наурыз СИМ» ЖШС 3 мың бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңын салу үшін «Даму» қаржылық қорының кепілдік етуінің арқасында «Қазақстанның халықтық жинақ банкінен» барлығы 50 миллион теңге мөлшерінде несие алу мүмкіндігіне қол жеткізді.

Ауыл шаруашылығы саласында қызмет ететін «Наурыз cим» ЖШС сонау 1999 жылы құрылды. Серіктестік алғаш құрылған кезде онда барлығы 7 адам жұмыс жасайтын еді, бүгінгі күні олардың саны 70-ке жуықтайды.

— Елбасымыз әрдайым, әсіресе, астын сызып айтқым келеді, ауыл кәсіпкерлеріне қолдау көрсетіп келеді. Ол өзінің бір сөзінде шет мемлекеттерге 60 тонна ірі қара етін экспортқа шығаруымыз керектігін айтқан еді. Аудандағы жекенің және шаруа қожалықтарының қолындағы мал санын есепке ала отырып, 3 мың бас ірі қара үшін мал бордақылау алаңын салу жөнінде инвестициялық жобаны қолға алғанбыз. Сол жұмыс басталып кетті, — дейді «Наурыз СИМ» ЖШС директоры Ибрагим Сәрсенбаев.

Әрине, аталған жоба үлкен мөлшерде қаржы салынуын қажет етеді. «Наурыз СИМ» ЖШС өзі құрылған жылдан бері «Қазақстанның халықтық жинақ банкімен» тығыз байланыс жасап келеді. Сондықтан серіктестік басшысы қажет несиені алу үшін осы банкке өтініш білдірген. Оның айтуынша, жобаны жүзеге асыру үшін қажет қаржы мөлшері — 50 миллион теңге. Сол қаржының 50 пайызын, яғни 25 миллион теңгесін «Даму» қаржылық қоры кепілдендіріп отыр.

Инвестициялық жобаны қолға алмастан бұрын түбегейлі дайындық жұмыстарын жүргізген серіктестік басшысы мал бордақылау алаңын іске қосқаннан кейін өнімдерін өткізуде ешқандай қиындықтардың туындамайтынына сенімді. Өйткені серіктестік бұған дейін де мал шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысып келді. Өнімдерін сатып алатын қалыптасқан тұрақты тұтынушылары бар.

— Ырғыз селосында бұрынғы ет комбинаты негізінде жаңғыртудан өткен мал сою пунктімізді іске қостық. Енді ет өнімдерін қайта өңдеу ісін қолға алуды жоспарлап отырмыз. Яғни ет өнімдерін вакуумдалған ыдыстардың ішінде сатылымға шығаруды қолға алғымыз келеді. Бұл жоспарымыз болашақта, алдағы 2-3 жылдың көлемінде жүзеге асып қалар деген ойдамыз, — дейді серіктестік басшысы.

Ырғыз ауданында 200-ге жуық шаруа қожалығы жұмыс істейді, жекенің қолындағы мал саны да жетерлік. 3 мың бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңына қажет мал санын Ырғыз ауданы толықтай қамтамасыз ете алады. Оған қоса, іске қосылғалы отырған мал бордақылау алаңы ырғыздық мал өсірушілер үшін де тиімді болмақ. Осыған дейін өсірген малын Хромтау, Ақтөбе секілді қалаларға апару үшін әрбір ірі қара басына 7 мың теңге жол шығынын төлеп келген болса, енді оны дәл сол бағаға, бірақ ешқандай жол шығынынсыз аудандағы мал бордақылау алаңына сату мүмкіндігі туындамақ.

Серіктестік басшысы бордақылау алаңына қажет мал азығын қамтамасыз етуде де тарықпайтындарын айтады. Мал бордақылау алаңы орналасқан жердегі сонау Кеңес Одағы кезінде пайдаланылған көлтабанды алқап қайта қалпына келтірілсе, алдымен шөп мәселесі шешіледі. Ал жемді көршілес Әйтеке би ауданы мен Қостанай облысының диқандарынан сатып алуға болады.

Жаңа нысанның іске қосылуы сонымен қатар жергілікті халықты жұмыспен қамтуға оң әсерін тигізеді.

— Қазір серіктестігімізде барлығы 70-ке жуық адам еңбек ететін болса, мал бордақылау алаңы іске қосылғаннан кейін тағы 15-20 адамды жұмысқа аламыз. Барлығы 90 адамға жұмыс тауып беру аудан көлемінде аз көрсеткіш емес, — дейді Ибрагим Сәрсенбаев.

 Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button