Экономика

Несие алып, тіл үйретті

Кәсіпкер Шолпан Қаймолдиева осыдан тура бір жыл бұрын мемлекеттік бағдарламаның ықпалымен жеңілдетілген несие алып, ісін бастаған еді. Қазір ол басқаратын «Keleshek Perspectives» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жүзге жуық бала ағылшын тілін меңгеріп жатыр.
Шолпан Қаймолдиева — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында айтылған тіл мәселесіне, оның ішінде жастарға ағылшын тілін үйретуді жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлген жандардың бірі. Ол ел болашағының кілті жас ұрпақтың қолында екенін, сондықтан әрбір патриот жастың ағылшын тілін меңгеруі қажеттігін айтты.
— Соңғы жылдары ағылшын тілі бастауыш сыныптардан бастап оқытылып келеді. Әрине, мұның пайдасы зор. Дегенмен балаға мектептен тыс уақытта ағылшын тілін тереңдетіп оқытуға жағдай жасау керек. Ағылшын тілін еркін меңгерген түлекке кейін шетелдерде оқуға, тәжірибе молайтуға көп мүмкіндік болады. Келешек — жастардің қолында. Сондықтан орталықтың атын осылай атағанды жөн санадық, — дейді Ш.Қаймолдиева.
Осыдан тура бір жыл бұрын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының Ақтөбе филиалы арқылы «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, нәтижесінде «Forte Bank» арқылы 28 миллион теңге көлемінде жеті жылға жеңілдетілген түрде несие рәсімдеген Шолпан мемлекеттің қолдауына қол жеткізгеніне риза. Бүгінде Шолпан басқаратын серіктестік мамандары оқушылармен қатар, ересек адамдарға да ағылшын тілін үйретеді. ««Даму» қоры арқылы мемлекеттік қолдаудың шарапатын сезіндік. Екінші деңгейлі банктен 14 пайыздық үстемеақымен қажетімізге 28 миллион теңге несие алдық. Мемлекет «Даму» қоры арқылы несие үстемеақысының 7 пайызына субсидия берді. Бұл — бюджеттен берілетін қаражат түріндегі қайтарымсыз көмек. Сөйтіп, кредиттік ставкамыз 7 пайыздан аспай қалды. Несие қаражатына орталық үшін кеңсе сатып алдық. Осындай мемлекеттік қолдаудың арқасында ісіміз жанданып, бүгінде нәтижелі көрсеткіштерге ие болып жатырмыз», — дейді Шолпан.
Орталық ашылған күннен бастап мұндағы мамандар оқушыларды математика, физика, биология, химия пәндері және сын тұрғысынан ойлау бағытында «Ielts», «Toefl», «Sat» халықаралық емтихандарға дайындайды. Себебі, бұл емтихандардан сәтті өтіп, қолына сертификат алған әрбір түлекке болашақта Назарбаев университеті мен шетелдерде білім алуға жол ашылады. Сондай-ақ, бұл емтихандарда қажетті балл жинаған төменгі сынып оқушылары үшін Назарбаев зияткерлік мектебіне түсуге мүмкіндік туады.
— Қазір орталықта жүзге жуық оқушыға ағылшын тілі тереңдетіп оқытылады. Әр топтағы оқушының саны оннан аспайды. Ағылшын тілі оқушыларға аптасына үш рет жүреді. Бір жыл ішінде балалардың жоғары нәтижелерге қол жеткізуі біз үшін үлкен қуаныш. Мәселен, Назарбаев университетіне түсу үшін түлектердің «Ielts», «Toefl», «Sat» халықаралық емтихандардағы көрсеткіші басты назарға алынады. Ол үшін оқушылар емтиханнан 6-6,5 балл жинауы керек. Бұл — талап. Балалардың арасында бұл емтихандардан 7,5-8 балл жинағандары бар. Біздегі кейбір оқушылар халықаралық емтиханды Алматы мен Астана қалаларында тапсырды. Арасында арнайы лицензияланған орталықтардың Ақтөбедегі өкілдіктерінде тапсырғандары да бар. Бұл — біз үшін үлкен көрсеткіш, — дейді
Ш.Қаймолдиева.
Бұрынғы мұғалім, қазіргі кәсіпкер Шолпан Қаймолдиева бес адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. «Орталықта тәжірибелі мамандар жұмыс жасайды. Өз ісінің білгірі, кәсіби педагог Жанат Алдабергенованың тәжірибесіне көпшілік сүйсінеді. Егер алдағы уақытта орталықта білім алуға ынталы балалардың саны көбейсе, онда қосымша 4-5 маманды жұмыспен қамту ойымызда бар», — дейді кәсіпкер.
Қазір ағылшын тілін үйренуге құштар ересектердің қатары да көбейген. Көпшілігі — кәсіпкерлер. Шолпан орталыққа келген кәсіпкерлердің тіл үйренуімен қатар, мемлекеттік бағдарламаның бизнестегілер үшін берері мол екенін айтудан шаршамайды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button