Экономика

Киізді ұмытпаңыз!

Киіздің күннің ыстық-суығынан қорғайтын, ылғал өткізбейтін, температураны бір қалыпта сақтап тұратын қасиетін жақсы білеміз. Дәрігерлер бел құяңымен ауыратын адамдарға көрпе орнына киіз төсеп жатуға кеңес береді. Аяқкиімге киізден жасалған ұлтарақ салып алсаңыз, табаныңыздан сыз өтпейді. Атқа салт мінгенде ердің тоқымын да киізден жасайды. Ол ғана емес, темір тұлпарыңыздың да қыстың қатты аязында қатып қалмауы үшін моторына киіз жауып қойсаңыз жақсы. Көліктің орындықтарына да киізден жабу жапсаңыз, омыртқаға пайдалы деседі.
Өкініштісі, кейін киіз басу өнері кенже қалып қойды. Малдың жүні сай-салада, қора-қопсыда керексіз боп жатып қалды.
…Шалқарлық Дәулетхан Шойтанов атакәсіпті қолға алды. Киіз басатын цех ашты. Алғашқы өнімдерді базарға шығарып жатыр. «Кішкентай күнімде әжелеріміздің киіз басқанын талай көрдім, ал қазір жүн-жұрқаның қадірі жоқ, әр жерде шашылып жатыр. Әсіресе, ауылдық жерде киіз өте пайдалы, сыз өтпейді, жігіттердің атқа жайдақ мінгенінде тақымына киіздің орнына көрпе салып алып бара жатқанын жиі көремін, мұндай мысалдар көп-ақ, сондықтан осы кәсіпті қолға алдым», — дейді ол. Сөйтіп, іс бастады. Бизнес-жобасын жазып, «Алтын қыран» компаниясы ұйымдастырған стартап жобасына қатысты. Оның идеясы үздіктер қатарынан табылып, 3 миллион теңге көлемінде пайызсыз несиеге қол жеткізді. Киіз басу ісінің қыр-сырын ұғу үшін Тараз қаласындағы жүн өңдеу фабрикасына барып, екі аптадай жұмыс жасап келгенін айтады:
— Құрбан Аши деген 72 жастағы ақсақал киіз басу ісімен 40-50 жылдан бері айналысып келе жатыр екен. Қытайдан көшіп келген қазақ. Сол кісі киіз басу, ағаш үйге қажетті киіз формасын дайындау, қию, тігу әдістерін үйретті. 15 күндей осы процестердің барлығын өз көзіммен көріп, өз қолыммен істедім. «Алтын қыран» компаниясының Ақтөбедегі өкілдері барынша қолдау көрсетті. Компанияның Ақтөбедегі өкілі Сәндібай Әлитұрлиев Таразға арнайы барып, сондағы фабриканың басшысымен сөйлесіп, Қытайдан қажетті құралдар алуға көмектесті. Қытайдан келген жабдықтарды сол Тараздағы фабриканың базасында құрастырып, алып келдік, — дейді Дәулетхан.
Оқып келген соң Дәулетхан өз кәсібін бастау үшін ыңғай лы жер іздейді. Өзі тұрып жатқан Шалқар ауданы, қаласы басшылығы жас кәсіпкерге көмектесу үшін аудандық кәсіпкерлер палатасына тапсырма береді. Палата басшысы Дәулетханмен бірге жүріп кәсіп бастауға жайлы жер іздегенімен, тапқаны қымбат болып шығады. «1 шаршы метрге 2000 теңге сұрады. Әрі ғимарат тозып тұр екен, есік-терезелері қираған, коммуналдық желілері нашар. Соған қарамастан өте қымбат. Сондықтан одан бас тарттым. Есесіне Алға ауданының басшылығы көмектесті. Жайлы, үлкен ғимарат тауып берді. 1 шаршы метрге бар болғаны 300 теңге төлеймін. Тап-тұйнақтай әрі коммуналдық желілері де бар, су келіп тұр екен. Ол аздай, маған жатын орын да берді. Бұл үшін жергілікті әкімшілікке, кәсіпкерлер палатасына, осы жерді беріп отырған «Янка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне алғысым шексіз», — дейді ол.
Қазір Дәулетханның цехында өзімен бірге 3-4 адам жұмыс істейді. Оқыған, көрген-білгенін әріптестеріне үйретті. Әзірге цехта күніге 10-15 киіз шығаруға мүмкіндік бар. Кейін 20-25-ке жеткізуді жоспарлап отыр. Станоктың өлшемі бойынша ені 170 сантиметр, ұзындығы 4-5 метрлік, қалыңдығы 1-2 сантиметрлік киіздердің бағасы бар болғаны 5-6 мың теңгенің айналасында. Сондай пайдалы дүние үшін су тегін баға.
— Киіз басудың қыр-сырын білмесең, жақсы өнім алу екіталай. Бұл да ұңғыл-шұңғылы көп үлкен өнер. Жүнді дұрыстап түту, тегістеп жаю, белгілі бір температурадағы қайнаған суды бүрке отырып булау, білектеу, қарпу — барлығы білімді, епті қажет ететін жұмыстар. Тараздағы кілемші атадан көп нәрсе үйрендім. Ол кісінің айтуынша, қара қой мен ақ қойдың жүндерінен жасалған заттардың айырмашылығы бар. Мысалы, ақ қойдың жүнінен жасалған ұлтарақтар қызуқанды адамдар үшін пайдалы, мұндай ұлтарақтарды жастарға алған дұрыс, ал қара қойдың жүнінен жасалған ұлтарақтар аурушаң, иммунитеті әлсіз адамдарға, әсіресе, үлкен кісілерге пайдалы екен. Көлік орындығының арқалығына үнемі киіз салып жүрсеңіз, бел ауруының азайғанын байқайсыз, киіз терлетпейді, ылғалды сорып алады. Киіздің мұндай қасиеттерін жақсы білгенімізбен, пайдаланбайтынымыз рас. Шетелде тұратын қазақтар, әсіресе, Қытайдағы қазақтар киізді көп пайдаланады екен. Сондықтан шығар, Құрбан ақсақалдың айтуынша, Шыңжан өлкесінің өзінде киіз басатын 113 цех бар көрінеді. Бұл киізге деген сұраныстың жоғары екендігін көрсетеді, — дейді Дәулетхан.
Ені 1,70, ұзындығы 4-5 метр кілемді шығару үшін 12-13 келі жүн кетеді екен. Бұл дегеніміз 5-6 қойдың жүні. Киіз басуға қажетті шикізат жеткілікті. Ауылдардан тонналап келіп жатыр. Келісін 25 теңгеден сатып алып жатыр екен. Қазір цехта 30-40 киіз дайын тұр.
Өз өнімінің нарықта өтімді болатынына Дәулетхан сенімді. «Киізге сұраныс енді артады деп ойлаймын. Соңғы жылдары елімізде ұлттық бұйымдарға деген қызығушылық, сұраныс артып келеді. Ұлттық киімдер тігетін тігін орындары көптеп ашылып жатыр. Теріден қандай әдемі бұйымдар жасалып жатыр. Сондықтан киізге де сұраныс болатынына сенемін. Басқасын былай қойғанда, ер-тоқымға, көліктің моторын жылы ұстауға, алыс жолдарға көкөніс таситын жүк көліктерін жылытуға да киіз сұраушылар көп. Сондықтан бұл бастамамның жерде қалмайтынына сенемін», — дейді ол.
Дәулетхан киіз ұлтарақтарды Алғаның базарларына шығарып сатуды бастаған. Автокиіздерді автожәрмеңкелерге шығару жоспарда бар. Болашақта байпақ шығарғысы келеді, сырмақ салып, текемет басуды мақсат етіп отыр, иірілген жіп шығармақ, ағаштан, темірден киіз үйлер жасағысы келеді.
Айтпақшы, бұл Дәулетханның алғашқы жобасы емес. Мұның алдында да ол малдың қиынан биогаз өндіріп, от жағатын ауылын бір қуантқан еді. Инновацияға жаны құмар жігіттің бұл бастамасы Астанадағы Ұлттық зияткерлiк институтының комиссиясында бір жыл бойы сараптамадан өткізілді. Нәтижесінде Дәулетханға өзі қолдан жасаған биогаз өндіру қондырғысы үшін патент берілдi.
— Жамбыл облысының Көгершін деген ауылында бір кісі осындай биогаз өндіреді екен. Мен патент алғаннан кейін сол кісіні іздеп бардым. Менің жобам мен оның жобасын салыстырғым келді. Қазір менің жобаммен танысу үшін жер-жерден адамдар келіп, жасалу жолдарын үйреніп жатыр. Ақтөбе қаласындағы «КазМеханомонтаж» зауыты биогаз қон¬дыр¬ғыларын тапсырыс бойынша шығару үшін менімен келісімге қол қойды. Енді сондай құрылғы керек адамдар зауыттан тапсырыспен ала алады, олар өздері апарып орнатып береді», — дейді Дәулетхан.
Дәулетханның басқа да идеялары бар. Қазір Алға ауданының Маржанбұлақ ауылынан «Алтын қыран» компаниясының, Алға ауданы әкімдігінің көмегімен 1,5 гектар жер алған. Болашақта сол жерде киіз басу цехын ашқысы келеді. Басқа да ойда жүрген жобаларын жүзеге асырғысы келеді…

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button