Экономика

Ақтөбенің кәмпиті!

Еліміздегі кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау жыл өткен сайын дамып келеді. Тиісінше орта және шағын бизнеспен айналысушылардың саны көбею үстінде. Соның ішінде тамақ өнеркәсібіне ден қоюшылар да бар. Солардың бірі — жергілікті аспаздық орталықтың директоры Асқар Жармұхамбетов.

«Мұндай кәмпиттер тек Ақтөбеде бар»

Бүгінде өңірдегі белгілі кәсіпкерлердің біріне айналған Асқар Жармұхамбетов бұл салада бұрыннан жұмыс істеп келе жатқанын айтады. Кезінде саудамен айналысқан ол осыдан бес жыл бұрын жеке ісін бастауға бел буады. Сөйтіп, әрдайым сұранысқа ие тамақ өнеркәсібіне бет бұрады. Оның бастамасын сол кезде өзімен қосқанда 6 адам қолдаған.
— Өзімде бұрыннан жинап-терген қаражатым бар еді. Соны жұмсап, қажетті қондырғыларды, шикізатты алдым. Қызметке аспаздық мамандығын игерген 5 адамды және қабылдадым. Содан жұмысымызды бір демде бастап кеттік.
Әрине, басында бизнесті жүргізуде қиындықтар кездесті. Өйткені біз кәсіптің қыр-сырын ол кезде жете білмейтін едік. Серіктестеріміз де болған жоқ. Бірақ, кейін бәрі бір жолға түсті. Шынымен еңбектенген, белгілі бір мұратты көздеген адам жетістікке жетеді екен, — дейді «Хавчик» аспаздық орталығының директоры Асқар Маратұлы.
Әуелде бөлкенің бірнеше түрін жасаған шағын кәсіпорынның бүгінде әлеуеті айтарлықтай. Қазір мұнда кондитерлік өнімдердің көптеген түрі, ыстық тағамдар мен салаттар дайындалады. Өз кезегінде оның барлығын қос цехта 25-тен аса ақтөбелік әзірлейді. Ал олардың өнімдерін қала тұрғындарынан бөлек, Ақтөбедегі Орталық базар мен «Арай» базары, т.б. сауда орындары сатып алады. Кәсіпкер алдағы уақытта түгелдей дерлік облысты, сәті түссе, көршілес облыстарды қамтуды жоспарлап отыр. Ол үшін, әрине, өндіріс көлемін одан сайын молайту қажет. Бұл мақсатта кейіпкеріміз «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарлама аясында жалпы сомасы жүз миллион теңгеден асатын несие алған. Бәрі ойдағыдай болса, іскер азамат қарызын 2022 жылы төлеп құтылады. «Бүгінгі күні торттың 25-тен аса түрін шығарамыз. Біздің кондитерлік цехта жасалатын печеньелердің де саны көп. Сондай-ақ, кәдімгі кәмпиттердің 4 түрін дайындаймыз. Ерекше технологиямен жасалатын мұндай кәмпиттер тек Ақтөбеде, біздің орталықта бар. Әсіресе, соңғы аталғанның орны бөлек. Соған сай, оған қызығушылық білдіретіндер баршылық. Барлық өнімдерімізді өзіміздің дүкенде саудалаймыз. Бірақ тапсырыс беріп, бізден жаппай сатып алатындардың қарасы әлдеқайда қалың. Бағасын барынша тұрғындарға қолжетімді етуге тырысып бағамыз. Айталық, бөлкенің ең арзаны 45 теңгеден басталса, бір келі печеньені тұтынушылар 650 теңгеден сатып ала алады. Торттың құны 1500 теңгеден жоғары», — дейді ол.
Расында, Ақтөбеде жасалған «Ричи» кәмпиті, әсіресе, өзге өңірлердің тұрғындарына таңсық тағам. Құрамында жаңғақтардың бірнеше түрі, кокос жемісі, қант бар тәтті әрқашан үлкен сұранысқа ие. Аспаздық орталықтың қожайынынан оның нарықтағы құнын сұрағанымызда, 100 грамдық бір қорабы 200 теңге тұратынын білдік.
«Чико» ірімшігі де аталмыш кәсіпорынның төл өнімі. Құрамын құпияда қалдыруды жөн көрген әңгімелесушіміз оның жасанды қоспаларсыз дайындалатынын ғана сөз етті.
Десек те, кәсіпкер жігіт сөз арасында жоғарыда аталған айтулы тағамдардан бұрын, ақтөбеліктердің кәнігі ұн өнімдерін саудалайтынын білдірді. Бұған, бір жағынан, тұтынушылардың әлеуметтік жағдайы да әсер етсе керек.

Кәсіпкерлерге қолдау көрсететін қор

Мейірхан ЖАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының мобильді кеңесшісі:

— «Даму» қорының жұмысы ең алдымен кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге бағытталған. Оларға қаржылай, болмаса ақыл-кеңес түріндегі көмекті беру — біздің мақсатымыз. Мәселен, «Бизнестің жол картасы — 2020», «Даму-көмек» тәрізді бағдарламалардың арқасында кәсібін дөңгелетіп отырғандардың саны аз емес. Оқыту курстары да ұдайы өткізіліп тұрады.
«Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасының қатысушысы ретінде бүгінде Ақтөбе қаласында жұмысын жалғастырып жатқан Асқар Жармұхамбетовті айтсақ болады. Ол біздің қор арқылы несие, ал кәсіби мамандардан арнайы бағыт-бағдар алды. Астана, Алматы қалаларында ұйымдастырылған семинарларға қатысты. Сонымен бірге, аталған кәсіпкердің сұранысы бойынша «Даму» қоры Голландиядан арнайы маман шақыртып, екі апта көлемінде аспаздық орталықтың қызметкерлеріне шеберлік сағаттарының өтуіне мұрындық болды.
Жалпы, облыста 50 мыңнан астам кәсіпкер бар. Оның 65 пайызына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы түрлі көмек көрсетті.

P.S. Орталық директоры келер жылы кәмпиттердің жаңа түрін өндіруді жоспарлап отыр. Ол үшін бүгінде арнаулы мамандар жан-жақты ізденіп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кәсіпкер бұл ой-мақсатының да нәтижелі болатынына бек сенеді. Өйткені Қазақстанда жасалған өнімдерге қашанда сұраныс бар!

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button