Экономика

Қызыл кірпіш — құрылыс сәні

Жергілікті өнім

Қазір қызыл қышпен қапталып жүрген құрылыстарды қаланың әр аумағына да жиі байқауға болады. Әсіресе, мұны жеке тұрғын үй салушылар жиі пайдаланады. Ішкі жағын өзге кірпіштен қалап, болмаса өзге материалдардан тұрғызып, сыртын қызыл кірпішпен өрген үш деңгейлі коттедж үйлер қандай әсем! Әрине, мұндай кірпіштерден тұтас қалап салынған ірі нысандар да өңірімізде аз емес. Ал осы берік қызыл кіріпіштердің өз облысымыздан шығатынын көпшіліктің бірі білсе, бірі білмеуі де мүмкін. Сол өзімізден шығатын болғандықтан да, бұл материал жергілікті құрылыс жұмыстарында жиі қолданылады. Бір қуанарлығы, біздің аймақта құрылыс қарқыны кейінгі жылдары бәсеңсіп көрген емес. Тіпті алдыңғы дағдарыс жылдарында да тоқтаған жоқ. Қазіргі шақта да үдемесе, баяулық сезілмейді. Соның арқасында құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар қатары да жыл сайын көбейе түсті. Себебі әлгіндей құрылыстың өріс алуы кіріпіш шығаратын кәсіпорындар арасында бәсекелестікті дамытты. Мұндайда тұтынушының сапалы өнімді таңдайтыны белгілі. Қазір біз әңгімелеп отырған қызыл кірпіш шығаратын «Ситаль-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өнімдеріне сұраныс жоғары. Оның қызыл кірпішінен салынған ғимараттарды қалалардан да, аудан орталықтарынан да көптеп көруге болады.
Бұл зауыт еліміздің батыс аймағында керамикалық кірпіш және тас бұйымдарын шығаратын бірден-бір ірі кәсіпорын болып табылады. Зауыт 2009 жылы пайдалануға берілді, қазір салалас кәсіпорындар арасында алдыңғы лекте келеді. Жобаға 1,5 миллиард теңге қаржы салынды. Мұнда түріктің және немістің осы заманғы озық технологиясы орнатылған. Қазір сұранысқа байланысты 10 миллион дана керамикалық кірпіш шығарылуда. Зауыт жыл сайын шығарылатын өнім көлемін арттыра түсуде. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 20 миллион дана шартты кірпіш шығаруға мүмкіндік береді. Қазіргі басты меже зауыттың толық қуатына шығу болып отыр.
Бүгінде бұл зауыт керамикалық кірпіш пен тас бұйымдарының 40-тан астам түрін шығарады. Кәсіпорынның керамикалық кірпіштеріне, өз өңірімізді былай қойғанда, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарынан да сұраныс көп. Сондай-ақ зауыт өз өнімін көршілес Ресейдің Орынбор облысына да өткізеді. Бұған дейін көрші осы облысқа өз өнімінің 10 пайызын өткізіп келсе, Еуразиялық одақ шарты күшіне енгеннен кейін бұл көлем бұрынғыдан да арта түсті. Оның үстіне осында шығарылатын қызыл кірпіштердің жылу ұстағыштығы, ылғалға беріктігі, дыбыс пен суық өткізбейтіндігі сияқты қасиеттері тағы бар.
Бүгіндері кәсіпорында 200-ден астам адам еңбек етеді. Зауытта еңбек ететін жұмысшыларды қаладан кәсіпорынға тасымалдауға екі автобус бөлінген. Еңбек адамдарының жуынып-шайынатын, киінетін арнаулы орындары бар. Оларға бір мезгіл тегін ыстық тамақ беріледі. Қаржылық дағдарысқа қарамастан қысқарту болған емес, айына әр жұмысшыға 60-70 мың теңге көлемінде еңбекақы тұрақты беріліп тұрады. Олар арнайы жұмыс киімімен қамтамасыз етілген. Жұмысшылар мамандықтарына қарай тәжірибелік және теориялық білімін толықтыратын курстардан өтіп тұрады.
Бәсекелестікке төтеп беру үшін және өнім сапасын арттыру мақсатында жыл сайын қондырғылар озық және өнімділігі жоғары түрлерімен жаңартылады. Биыл зауыт саздың арасында кездесетін ұсақ тастарды ұнтайтын испандық қондырғыны орнатты. Өз өнімдерін көптеп шығару және молырақ кәдеге жарату үшін кәсіпорын қаланың Батыс-2 шағын ауданында тұрғын үй құрылысын жүргізуде.
— Бізге 1 мың шақырымнан қашық жерлерге өнімдерімізді өткізу тиімсіз. Сол себепті шама келсе, тұтынушыны жақын маңайдан іздейміз. Болашақта көршілес Ресейдің Оңтүстік Уралға қарайтын өңірлерін де керамикалық кірпішпен қамтамасыз етудің жолдары қарастырылуда. Өзара әріптестіктің тиімділігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Орынборда, Тұзтөбеде өткен өнеркәсіптік көрмелерге ұдайы қатысып, өз өнімдерімізді тұтынушыларға таныстырып жүрміз. Ақтөбе қаласында өткен «Еуропа-Азия. Шекарасыз ынтымақтастық» халықаралық өнеркәсіптік көрмесінде біздің өнімдерімізге сұраныстың жоғары екенін байқадық. Біз өздеріміздің өнімдерімізді өткізудің аясын алда да кеңейте түсеміз. Тек Ресей емес, өзге де аймақтардан әріптестер табуға тырысамыз. Себебі, оларда бізбен бәсекелесетіндей кәсіпорындар жоқ. Әрі біз керамикалық кірпіштерге бағаны көтерген жоқпыз, салыстырмалы түрде басқаларға қарағанда арзан, — дейді кәсіпорынның өндіріс басшысы Әділхан Биманов.
Кейінгі жылдары кәсіпорын Мәскеудің «ВНИСТРОМ» керамика ғылыми зерттеу институтының көмегімен зауыт қондырғысын жаңғырты. Бұл өнім сапасын жақсартуға негіз қалап отыр.
— Еуразиялық экономикалық одақтың да тиімділігі көріне бастады. Мұның арқасында шекаралас аймақтармен әріптестік қатынастарымыз нығаятыны сөзсіз. Бұған біз де өз деңгейімізде атсалысатын боламыз. Жалпы алыс-жақын әріптестермен интеграциялық байланыс өндірістің ілгерілеуіне алғышарт жасайды деп ойлаймын. Еуразиялық одақ бізге өнімдерімізді бәсекеге қабілетті ете отырып, іргелес жатқан өңірлерге шығаруға жаңа жол ашып отыр. Біз осыны өз кәдемізге жарата білуіміз керек, — дейді «Ситаль-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас технологы Наталья Курочкина бізбен әңгімесінде.

А.ҚАЗЕКЕНОВ.
Суретте: өндіріс басшысы Әділхан Биманов.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button