Экономика

Шыныдағы тұқы

Кәсіп

Жақында облыс орталығында ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні мерекеленді. Сонда ауыл шаруашылығы көрмесі ұйымдастырылды. Оған облысымыздың танымал шаруашылықтары өздерінің игеріп отырған салалары бойынша өнімдерін қойды.
Хромтау ауданының «Тұлпар» акционерлік қоғамына қарайтын «Табантал» балық шаруашылығының басшысы Мықтыбек Сәрсенұлы сонша жерден зор аквариумдар арқалап келіп, әріптестеріне тірі балықты тамашалатты. Шынында да, тамаша десе, тамаша болды. Әлгі аквариумдардың бірінде — салмағы 10 келіден асатын тұқы, екіншісінде әрқайсысы 2-3 келі шамасындағы балықтың өзге түрлері жүзіп жүрді. Осыларды ұзақ қызықтап, аквариум алдында бөгелген әріптестері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне балық шаруашылығының басшысы әңгімесін шертті.
Тоғанда балық өсіру шаруасын кәсіпкер Мықтыбек Есмағамбетов осыдан 13 жыл бұрын бастапты. Ол үшін Мағаджан су қоймасын сенімді басқаруға алған. Бірер жыл тоғандағы табиғи өсіп-өнген балықтардың өсіп-өнуіне бағытталған жұмыстарды атқарып жүреді де, жаңа, тың істі қолға алады. 2007 жылы тоғанға Қостанай облысы аумағынан, Тобыл өзенінің жоғарғы басынан 50 мың тұқының
(карп) шабағын жібереді.
— Мынау сол шабақтан өскен 8 жасар тұқы балығы. Қазір мұның өзі уылдырық шашатын болды, — дейді аквариумдағы жүзіп жүрген үлкен балықты нұсқап көрсететіп Мықтыбек. — Ал мына ұсақтаулары осыдан екі жыл бұрын жіберілген шабақтар, 2,5 жаста, бұлар да қазір 2,5 келі салмақ алып, аулауға жарап қалды.
Бір қызығы, осы жасқа дейін балықтың жасын айтқанды естімеппін, бірақ өз ісіне шын берілген балық шаруашылығының басшысына, шөлмек ішінде тұрған үлкен балықты — «бесті балық» десе де, жарасатын сияқты.
Тірлігін балықпен байланыстырған, содан пайда табуды көздейтін шаруашылықтың адамдарының жұмысы белгілі. Суда байырғы өсіп-өніп жатқан балықтардан сырт, тоғанға жыл сайын өзге өңірлерден шабақтар жіберіп отырады. Оларды жемдеп, баптап белгілі уақытқа дейін өсіреді. Сосын аулайды. Балық аулау — табыс. Қармақпен балық аулау үшін жылдың екі мезгілінде мұнда жан-жақтан балықшылар көп келеді екен. Олардың бәрі балық аулағаны үшін шаруашылыққа ақша төлейді. Бұдан басқа, шаруашылықтың арнайы балықшылар бригадасы тоғаннан аумен балық аулап, өнімдерін сауда орындарына өткізіп отырады.
Тоғанға жіберілетін шабақтардың сырттан әкелінетінін айттық. Мысалы, тоған басшысының айтуынша, тек биылғы жылы суға бір жасар 60 мың шабақ жіберілген. Бұл шабақтар Ресейдің Ор өзені бойындағы арнайы балық тұқымын өсіретін шаруашылықтан сатып алыныпты.
Осындай біраз жұмыстар жүргізіліп, тоғанда балықтың қоры көбейгеннен соң, 2007 жылдан бастап қана балық аулауға жол ашылған. Содан бері жылына 4 тоннадан балық ауланып келген. Биыл 7 тонна балық ауланған. Соның бір тоннасын әуесқой балықшылар қармақпен ұстапты. Әрине, балықтың қорын молайтып, бір күш алып алғасын тоғанның шаруасы түзеле берген.
Балық шаруашылығының әлеуеті де, болашағы да зор. Мағаджан су қоймасының көлемі 280 гектар аумақты алып жатыр. Суы — 112 миллион текше метр. Мұнда шортан, мөңке, алабұға сынды табиғи балықтың түрлері де өте көп. Бұл балықтардан да жылына 4 тоннаға дейін аулап, сауда орындарына өткізуге шаруашылықтың лимиті бар.
Осы тоған арқылы 5 адам тұрақты жұмыс тауып отырса, бұл маусым кездерінде бірнеше есе көбейеді.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button