Экономика

Автокөліктер газға көшеді ал оның бағасы бензиннен 5 есе арзан

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мемлекеттік мекемелерге тиесілі автокөліктердің газ отынына ауыстырылатыны жөнінде қараша айында Астана қаласында ҚР Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты кезінде баяндаған еді.
— Келесі жылдан бастап бірінші кезекте бюджеттік мекемелердің барлық автокөліктерін газға ауыстыру туралы шешім қабылдадық. Мұның нәтижесінде ақшалай шығындарымыз екі есе азаяды, сонымен қатар жанар-жағармай үнеміне қол жеткіземіз, — деді Бердібек Сапарбаев.
Мемлекеттік мекеме автокөліктерін экологиялық һәм экономикалық жағынан тиімді отын түріне ауыстыру жұмыстары басталып кетті.
— Қазір сараптама жұмыстарын жүргізудеміз. Міне, МАИ мекемесінен облысымыз аумағындағы мемлекеттік мекемелерге тиесілі автокөлік саны туралы мәлімет беруін сұраған хатымызды дайындап, оларға жолдадық, — дейді тиісті мекемеге жолданған хаттың көшірмесін нұсқаған облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы энергетика бөлімінің басшысы Ербол Нұрқасымұлы.
Оның айтуынша, тиісті мәліметтер келгеннен соң облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен экономика және бюджеттік жоспарлау басқармалары бірлесе отырып көліктерді газға ауыстыру үшін жұмсалатын шығын мөлшерін есептеп шығарады.
— Әрбір көлікті газ отынына ауыстыру шығыны орташа есеппен оның қозғалтқышының көлеміне байланысты 160 мың мен 200 мың теңге аралығында, — дейді Ербол Нұрқасымұлы.
Бүгінгі күні автокөлік қожайындары тарапынан үлкен сұранысқа ие болып отырған сұйытылған мұнай газын өндіретін басты өңірлердің қатарына біздің облысымыз да жатады. Аталған газ түрі облысымызда «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ мен «Қазақойл» ЖШС зауыттарында шығарылады. Облыста ай сайын шамамен 35-37 мың тонна аралығында сұйытылған мұнай газы өндіріледі. Бұл мөлшер облыс аумағында сұранысты қамтуға артығымен жетеді. Дегенмен оның барлығы облыс аумағында сатуға шығарылмайды.
— Энергетика министрлігі арнайы бұйрықпен ай сайын Қазақстанның ішкі нарығына сатылатын сұйытылған мұнай газының мөлшерін белгілейді. Осы бұйрыққа сәйкес, Ақтөбе облысына ай сайын 3600 тонна сұйытылған мұнай газы бөлінеді, — дейді облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы энергетика бөлімінің басшысы.
Соңғы кездері газға ауысқан автокөлік санының күрт өсіп отырғаны байқалады. Осыған байланысты Энергетика министрлігінің бұйрығымен бөлінген сұйытылған мұнай газы мөлшерінің облыстың ішкі сұранысы үшін аздық ететінін мәлімдеген Ербол Нұрқасымұлы алдағы уақытта облыс бойынша сұйытылған мұнай газының тұтыну мөлшерін көбейтудің жоспарланып отырғанын айтты.
— Осы мәселеге байланысты министрлікке қайта-қайта хат жолдап отырмыз. Министрлік тарапынан бұйрықпен бекітілетін мөлшерді 4500-5000 тоннаға дейін көтергіміз келеді. Бұл мөлшерді біз мемлекеттік мекеме көліктерін газға ауыстырған кезде туындайтын сұранысты есепке ала отырып анықтадық. Әрине, нақты іс жүзінде қажет болатын мөлшер мемлекеттік мекемелер толық газға ауыстырылған кезде ғана анықталады. Ол кезде де облысқа қажет сұйытылған газ мөлшерін көбейту үшін тағы да тиісті шаралар жасалынады, — дейді ол.
Автокөлік иелерінің жаппай газ отынына көшуінің басты себебі — газ бағасының тиімділігінде.
— Қазір бензиннің бағасы 130 теңге, ал газдың бағасы облыс орталығында 24,5 пен 29 теңге, шалғай аудандарда 30-37 теңге аралығында. Орташа 25-26 теңге десе де болады, — дейді қолына есептегіш құралды алған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы энергетика бөлімінің басшысы Ербол Нұрқасымұлы. — Яғни газдың бағасы 5 есе арзан. Жеңіл көлік 100 шақырым жол жүру үшін орташа 12 литр бензин жағады. Мемлекеттік мекемеге тиесілі 1 автокөлік күніне 20 литр бензин пайдаланатынын ескерсек, оны 130 теңгеге көбейткенде 2600 теңге шығады. Ал осы 2600 теңгеге 104 литр газ сатып алуға болады. Енді айырмашылықты қараңыз: 20 литр бензиннің орнына 100 литр газ келеді. 100 литр газбен бір күн емес, 5 күн жүруге болады.
Газ отынына деген сұраныстың артып отырғанын облыс аумағында жұмыс жасайтын газ отынын құю бекеттерінің санынан да көруге болады. Өткен жылы қараша айындағы жағдай бойынша, облыста барлығы 32 газ отынын құю бекеті жұмыс жасаса, бүгінгі күні олардың саны 46-ға жеткен. Газ отынын құю бекеттерінің саны бір жылдың ішінде 44 пайызға көбейіп отыр. Қазір облыс орталығынан бөлек барлық аудан орталығында газ отынын құю бекеттері жұмыс жасайды.
Облыста сұйытылған газды газ құю бекеттеріне жеткізетін мемлекеттік лицензиясы бар 3 компания қызмет етеді. Олар: «АСГазЛогистик» ЖШС, «Кепіл Сапа» ЖШС, «Центргаз» ЖШС.

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button