Экономика

Баламалы энергия — болашақтың энергиясы

Электр энергиясынсыз өмір сүру мүмкін емес. Қарапайым ғана мысал: егер электр энергиясы болмаса, үйіңіздегі теледидар, тоңазытқыш, телефоныңыз істен шығады, киім үтіктей алмайсыз, компьютер қоса алмайсыз. Әлем де үлкен үй секілді: энергиясыз зауыттар мен ірі кәсіпорындар жұмыс істеуін тоқтатады, ал олар болмаса, азық-түлік өндіріліп, киім-кешек шығарылмайды, жұмыссыздық белең алады, адамдар кедейшілікке ұшырайды… Былайша айтқанда, электр энергиясы — тұтас әлем экономикасының бүлкілдеп соғып тұрған «қантамыры».

ІІІ индустриялық революция «жасыл экономикадан» басталады!

Соңғы жылдары әлемде «энергетикалық қауіпсіздік» термині пайда болды. ХХІ ғасырда энергетикалық қауіпсіздік мәселесі бірінші орынға шығып отыр: біріншіден, дәстүрлі қуат қорлары сарқылып барады, екіншіден, энергияны тұтыну көлемі артып отыр. Мәселен, халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметтеріне сүйенсек, 1990 жылдан 2008 жылға дейін әлем елдерінде адам басына шаққандағы энергияны пайдалану көрсеткіші 10 пайызға артқан, ал жер бетіндегі адам саны 27 пайызға өсіпті! Аталған агенттіктің 2012 жылы жүргізілген зерттеуіне сәйкес, Қазақстан 135 елдің арасында электр энергиясын тұтыну көрсеткішінің жоғарылығы жөнінен 43-орында тұр екен.
Жалпы, электр қуаты қорларының сарқылуы, баламалы энергетика көздерін табу мәселелері жаһандық деңгейде де түрлі ұйымдар шеңберінде қарастырылып келеді. Егер болашақта электр қуатын тұтыну мен оны өндіру арасындағы тепе-теңдік тым алшақтап кетсе, энергоресурстар үшін әлем елдері арасында талас-тартыс та туындауы мүмкін екендігін сарапшылар жоққа шығармайды. Сондықтан аталған саладағы түрлі сын-қатерлерді болдырмау бағытында адамзат қауымы бірлесіп күресуі тиіс.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылғы халыққа Жолдауында энергетиканың дәстүрлі түрлерін дамыту туралы айтты. «Жылу-электр стансаларынан шығатын қалдықтарды тазарту жөніндегі ізденістер мен жаңалықтарға, өндіріс пен тұрмыста жаңа технологиялар арқылы жаппай электр қуатын барлық жерде үнемдеуге қолдау көрсету қажет. Таяуда Еуроодақтың ірі компанияларының алғашқы ондығы Еуроодақтың әйгілі жасыл экономика тұжырымдамасы негізінде қабылданған энергетикалық стратегиясына қарсылығын жариялады. Еуроодақ оны жүзеге асырған төрт жылда 51 гигаватт энергия қуатын жоғалтты. Жасыл экономика бағдарламасымен жұмыс жүргізе отырып, біз осы қателікті ескеруіміз керек», — деді Мемлекет басшысы.
Астанада өткізілетін Дүниежүзілік ЭКСПО-2017 көрмесі энер¬гияның баламалы көздерін, яғни болашақтың энергиясын іздеу және «жасыл экономик໬ мәселелеріне арналып отыр. «Іс жүзінде ІІІ индустриялық революция «жасыл экономикадан» басталмақ. Бұл ретте қай елд嬬 «жасыл экономика» болса,¬ соның қолында жаңа тех-нло¬гия¬лар бар. Ал жаңବ¬ технологияларсыз енді да¬му¬ жоқ», — деді Елбасы. ¬
Энергия қорларының тапшылығы салдарынан әлем елдері қуатты күн, жел сынды табиғи көздерден алуға ұмтылып отыр. Бұл бағытта Қазақстан қолға алған «Болшақтың энергиясы» мәселесі бірінші орынға шығатыны сөзсіз.
Бүгінде еліміз батыс елдері мен Азияны жалғай алатын маңызды стратегиялық аймаққа айналып отыр. Сондықтан болашақта әлемдік деңгейдегі энергетикалық қауіпсіздік мәселесін шешуде маңызды роль атқаратын мемлекеттердің бірі болары тағы айқын. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің «жасыл экономика» тақырыбын таңдауының тағы бір себебі осы.

Энергетикалық қауіпсіздік һәм энергетикалық тәуелсіздік

Қазақстанның климаттық жағдайы күн, жел энергетикасын дамытуға қолайлы. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Жасыл технология¬лар мен инвестицияны тарту департаментінің «Астана ақшамы» газетіне берген дерегі бойынша «біздің елде жел энер¬гетика¬сын пайдалану еуропалық одақ елдерімен салыстырғанда екі есе тиімді, ал күн энергетикасы жөнінен әлемнің ең үздік аймақтарымен теңдесе алады». Осы бағытта еліміздің бірқатар өңірінде күн, жел электр станциялары құрылысын салу жұмыстары қолға алынған.
Ақтөбе облысында ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында «Болашақтың энергиясы» тақырыбы бойынша 4 жоба жүзеге асырылмақ. Олардың үшеуі — жел электр станциялары, біреуі тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу арқылы электр энергиясын өндіретін зауыт.
Ақтөбе облысында жел электр станцияларын салудың бірнеше алғышарты бар. Біріншіден, Ақтөбе — әлі күнге электр энергиясынан тапшылық көріп отырған аймақ. Әрине, жылу электр орталығы, электр станциялары, бірнеше газ турбиналық станциялар жұмыс істейді, дегенмен мұның барлығы өңірдің электр қуатына деген сұранысын толық өтей алмай отырғаны рас. Облыстың экономикалық даму қарқыны жоғары, аймақта өндіріс орындары ашылып, инновациялық бағдарламалар жүзге асырылып жатыр, жаңа кен орындары игеру жұмыстары да жүйелі жүргізіліп келеді, осының барлығы электр энергиясына деген сұранысты арттыратыны айқын. Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басшысының орынбасары Амантай Бекниязовтың айтуынша, бүгінде өңірде әртүрлі кернеулі барлығы 17 014 шақырым электр желілері бар. «Соның ішінде 14 441,8 шақырым желі — «Энергосистема» ЖШС, 439,4 шақырым — «KEGOK» АҚ, 440,2 шақырым — «Батыс Транзит» АҚ, 1661,3 шақырым — «МК КТЖ» және 31,7 шақырым «ЖемМұнайЭнерго» ЖШС-на тиесілі. Өзіміздің дербес энергия көздеріміздің жалпы қуаты — 409 МВт, жалпы қажеттілік көлемі — 620 МВт, яғни 211 МВт көлеміндегі электр энергиясына тапшылық бар», — дейді ол. Басқарма өкілінің берген дерегіне қарасақ, өзімізде өндірілетін энергия көлемі аймақтың бұл ресурсқа деген сұранысының 66 пайызын ғана қанағаттандырып отыр. Қажетті энергоресурсты сырттан, соның ішінде Ресейден (14,4 млн. кВт/сағ.) және Солтүстік Қазақстан (1443,1млн. кВт/сағ.) тасымалдап отырмыз. Ал энергетикалық қауіпсіздік ең алдымен энергетикалық тәуелсіздікке байланысты. Сондықтан Ақтөбе өңірінде баламалы энергетика нысандарын салу аса маңызды.

Бадамшаның желінен баламалы қуат аламыз

Ақтөбе облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасы берген дерек бойынша, Қарғалы ауданының Бадамша ауылында қуаты 48 МВт жел электр стансасын салу жұмысын 2017 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Толық мүмкіндігінде жұмыс істеген жағдайда жел электр стансасының қуаты 96 МВт болады.
«ARM WIND» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған бұл станса жылына 210 000 МВт электр энергиясын өндіреді. Ол негізінен ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандыру үшін жұмыс істемек. Жоба құрылысы жүргізілген уақытта — 50, ал нақты іске қосылған уақытта 10 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін 27,3 млрд. теңге инвестиция тарту қарастырылған. Алайда теңгенің еркін айналымға жіберілуіне байланысты, қосымша қаржы қарастыру мәселесі күн тәртібінде тұр. Аталған серіктестік басшысы Даниял Дүйсенғалиевтің айтуынша, теңгенің еркін айналымға жіберілуі салдарынан жобаны жүзге асыру үшін дайындалған қаржы жоспарына өзгеріс енгізу қажет.
— Біріншіден, Ақтөбе облысының электр энергиясына деген сұранысы жоғары, қажетті ресурстың белгілі бір бөлігін әлі де болса сырттан тасымалдап келеді. Баламалы электр станциялары импорттық энергоресурс көлемін азайтады. Екіншіден, мұндай күн, жел электр станциялары қоршаған ортаға шығарылатын зиянды заттардың азаюына септігін тигізеді, ал Ақтөбе өңірінің экологиясы ахуалының онша жақсы еместігін ескерсек, мұндай нысандар өте қажет. Елбасы биыл Парижде өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымының жер бетіндегі ауа райының өзгеруіне байланысты өткізілетін жиынға қатысады, атмосфераға парникті газдарды шығаруды азайтуға бағытталған бағдарламаны орындауға Қазақстан да мүдделі. Міне, баламалы энергетика саласын дамыту осы міндеттемелерді орындаудың бір бағыты болып есептеледі. Үшіншіден, Ақтөбе облысының Қарғалы, Хромтау ауданы аумағында желдің әлеуеті өте жоғары. Осыны пайдалана білуіміз керек. Егер ол жерлерде жел электр станциясы салынбаса, бәрібір не көмір, не газ электр станциялары салынар еді. Ал баламалы энергетика, жоғарыда айттық, қоршаған ортаға шығарылатын зиянды заттардың аз болына септігін тигізеді, — дейді Даниял Дүйсенғалиев.
Серіктестік басшысының айтуынша, валюта нарығындағы өзгерістерге сәйкес, әзірге жоба тоқтап тұр. Тарифтік өзгерістер жобаны жүзеге асыру үшін экономикалық тұрғыда тиімсіз. Себебі жел электр станциясына қажетті жабдықтардың дені Еуропа елдерінен, Америкадан долларға, евроға сатып алынады. Жоба жүзеге асырылған уақытта алынатын өнім — электр энергиясы теңгеге сатылады. Сондықтан жоба өзін ақтамауы мүмкін.
— Осы себепті Энергетика министрлігіне бекітілген тарифті индексациялауды сұрап, хат жолдадық. Алайда ол үшін алдымен тиісті заңға өзгеріс енгізілуі керек, яғни бұл Үкіметтің құзырындағы мәселе екен. Қазіргі уақытта техникалық шарттар жасалды, «KEGOK» акционерлік қоғамымен Кемпірсай станциясы арқылы өндірілген энергияны тасымалдау үшін келісімшарт жасастық, жер алып қойдық. Енді тарифті индексациялау мәселесі шешілсе, жұмысты бастауға дайынбыз, — дейді Д.Дүйсенғалиев.

«Кемпірсай» жел электр стансасы:
посткеңестік елдер мен Азия елдері аумағындағы ең үлкен жел электр стансасы болады!

Қарғалы ауданында жүзеге асырылатын осындай жобалардың тағы бірін «SB CAPITAL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алып отыр. Ақтөбе облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасы берген дерек бойынша, аталған компания құрылысын жүргізетін жел электр стансасын іске қосу нәтижесінде жаңғыртылатын энергия көздерін пайдалану негізінде энергиямен қамтамасыз етуді арттыру,тиімділігі жоғары заманауи жел қондырғыларын қолдану арқылы электр қуатын өндіруді арттыру, сондай-ақ, атмосфераға шығарылатын зиянды заттар мен парникті газдардың көлемін азайту арқылы қоршаған ортаға тигізетін кері әсерді барынша азайтуға қол жеткізіледі. Бұл жел электр стансасының бастапқы қуаты — 100 МВт. Болашақта бұл көрсеткіш 500 МВт-қа дейін арттырылуы мүмкін. Сондай-ақ, «Жел+Күн» стансасын дамыту жоспарланып отыр. Яғни болашақта жел электр стансасына қосымша күн электр стансасының құрылысы жүргізілуі мүмкін. Бұл жобаға 243 млн. доллар инвестиция тартылмақ. Жоба жоспар бойынша 2016-2017 жылдары жүзеге асырылады. Станса құрылысы жүргізілген уақытта 70, ал толық іске кіріскен жағдайда 5 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Баламалы энергетика бағытында Кемпірсай станциясында да жел электр стансасы салынады деп жоспарланған. «KimpersayEnergy» ЖШС жүргізетін «Кемпірсай» жел электр стансасының қуаттылығы бастапқыда 200 МВт болады, кейін кеңейтіліп, 300 Мвт дейін жеткізіледі. Аталған стансаның екінші кезеңі іске қосылған жағдайда, ол посткеңестік елдер мен Азия елдері аумағындағы ең үлкен жел электр стансасы болмақ.
— Жобаны жүзеге асыру үшін 108 миллиард теңге инвестиция тарту қарастырылып отыр. Жоба құрылысы жүргізілген кезде уақытша 1000, ал іске қосылған уақытта тұрақты 100 жұмыс орны ашылады. Жобаны жүзеге асыру 2016-2018 жылдарға жоспарланып отыр. Жобадан қандай нәтиже күтеміз? Ол, біріншіден, Батыс энергетикалық аймақты тұрақты жаңғыртылатын энергия көздерімен қамтамасыз етеді, екіншіден, Ақтөбе аумағындағы электр энергиясына деген сұранысты біршама қанағаттандырады, үшіншіден, сырттан келетін импортты ығыстырады, бір сөзбен айтқанда, аймақтың экологиялық жүктемесін барынша жеңілдетеді, — дейді Ақтөбе облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасы инвестиция бөлімінің жетекші маманы Алмас Момлыков.
Төртінші жоба — RentehB.V. компаниясы қолға алған тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу зауыты биогаз қондырғысы бойынша жұмыс істейді. Сағатына 12 МВт электр қуатын өндіретін зауыттың құрылысы үшін 19,2 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл жобаны жүзеге асыру мерзімі 2017 жылға жоспарланған.

P.S. Жел диірмендері біздің дәуірімізге дейінгі 200 жылы Қытай мен Таяу Шығыста салынған деседі. Ал бірінші жел электр генераторы 1942 жылы АҚШ-та салыныпты. Бүгінде жел электр станциялары әлемнің 55 елінде пайдаланады екен. Қазақстан да «жасыл экономиканы» қолға алды.
Түбінде әлем елдері тұтастай экологияға бағытталған жасыл эко¬но¬микаға бет бұрады — баламалы энергетиканы пайдаланатын болады. Бұл — уақыт талабы.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button