Денсаулық

74 жастың «сальтосы»

Бадамшалық Бақыткерей ақсақалдың қимыл-қозғалысына өзгелер қызыға қарайды

Жетпістің төртеуіне келген қарияның пәленбай шақырым жерді жаяу жүріп, қала берді велосипедпен бүтін бір ауылды аралап, шатыр үстінде төбесінен тік тұрып жаттығу жасағанын бұрын-соңды көріп пе едіңіз? Бақыткерей Нұрқаевтың күнделікті әдеті — осы.

Жетпісінде желдей есіп…

Бақыткерей ақсақал Қарғалы ауданының орталығы Бадамшада тұрады. Денсаулығы тың, сөзі түзу. Біраз жасқа келсе де еңбектен әлі қол үзген жоқ. Қорасындағы азын-аулақ малын бағып, үй айналасындағы ұсақ-түйек шаруаларды атқара береді. Біздің назарымызды ерекше аударған — ақсақалдың үйдің шатырына шығып, төбесімен тік тұрып жаттығу жасауы. Жетпістен асқан қарт адам түгілі жастардың өзі жүрегі дауаламайтын бұндай жаттығуды ақсақал оп-оңай орындайды. Шатыр үстінде сальто жасап, екі аяқты жоғары көтеріп қолмен жорғалағанда кәнігі спортшылардан кем емес. Және бұндай өнерді көрсету үшін арнайы жаттығып, әуреге түспейді.
Бақыткерей Нұрқаев ілгеріде Красное поле, бүгінде Байтөбе деп аталатын ауылда туып-өскен. Бала кезінен ширақ, спортқа ықыласы зор болыпты.
— Ауыл арасында ұйымдастырылатын футбол, жүгіру жарыстарынан қалмайтынмын. Алты кластық мектепті аяқтаған соң ауылда қалып сиыр, бұзау бақтым. Ол уақытта кеңшарда мал көп болатын. Табын-табын сиырды өріске айдап кетеміз. Кешке сауыншылар күтіп алады. Аттың құлағында ойнап өскен бала емеспін бе, сауыншы қыз-келіншектерді күлдіру үшін ат үстінде төбемнен тік тұрамын, кейде секіріп мініп-түсіп жиналған жұртшылықтың көңілін көтеремін. Түрлі жаттығу жасаймын. Үнемі қозғалыста жүргендіктен бұның барлығы оңай атқарылады. Алайда осыны өнер екен деп арнайы жаттығып көргенім жоқ. Кез келген уақытта төбеммен тік тұрып, екі қолыммен жорғалап кете беремін, — дейді ақсақал.
Бақыткерей ата үнемі қозғалыста жүру ағзаны сергітіп қана қоймайтынын, ол бұлшық еттерді, сүйектерді, жүрек тамырларын, жүйке, иммунитетті және ағзаның барлық жүйелерін нығайтатынын айтады. Жеке көлігі болса да жаяу жүргенді, велосипед тепкенді тәуір көреді. Бадамшаны күніге бірнеше мәрте велосипедпен аралап шығады. Ілгеріде орталықта ұйымдастырылатын жаяу жарыстарда Бақыткерей ақсақалға тең келетіндер болмапты. Қазірдің өзінде қария қатарластарын басып озады. Мал өрістен қайтарда жастармен бірге жарысып, қозы-лақты қуғанда ауылдастары қайран қалады. Бақыткерей ата қазір ауданда жүгіруден жарыс ұдайы ұйымдастырылып тұрса деген пікірін де білдірді.

Шатыр үстіндегі «шоу»

Бақыткерей ақсақал алпыс жасқа толғанда құда-жекжат, ағайын-туыстарын шақырып той жасапты. Той үстінде келген қонақтар мен құдағайларының көңілін көтеру үшін ақсақал өз тарапынан «шоу» ұйымдастырады. Әдетінше аяқты жоғары көтеріп, шатыр үстімен өрмелей жөнеледі.
— Шатырдың төбесіне шыққанда барлығы «ойбай, құлайсың, түс» деп шулап қоя берді. Алпыстағы адамнан бұндай өнерді күтпесе керек, келген қонақтар мен құдағайлардың бәрі мәз болысты. Телефондарына суретке түсіріп алды. Құдағайларыма жетпіске келгенде де осы өнерімді көрсетемін деп уәде бердім. Жетпіске толғанда балаларым ағайын-туыстың басын қосып, тағы той жасады. Бұл жолы барлығы қатты қорықты, «аяғың тайып кетіп, жазым боларсың, шықпа» деді. Өзіме сенімді болмасам шатырға шығып, нем бар? Жетпісімде де төбеммен тік тұра қалдым. Аудандағы Арман деген фотограф бала суретке түсіріп үлгеріпті. Құрадастарым биыл да мені сынап, төбеге шығарды, — дейді ақсақал күліп.
Бақыткерей ата жиырма жылдан бері бес уақыт намазы мен оразасын қаза жібермейді. «Намаз — Аллаға құлшылық қана емес, ол мықты жаттығу әрі намаз оқыған адам сабырлы болады, ашуға бой алдырмайды. Көп ашуланбайтын адамнан ауру-сырқау әрі жүреді», — дейді қария.

Сорпаның қуаты

Бақыткерей ата қозғалыстың аздығы мен құнарсыз ас — барлық аурудың басы деп біледі. Тамақтану режимін бұзбайды. Майлы ет жейді, сорпа ішеді. Айран мен сүтті тәуір көреді. Жиын-тойда қатарластары асқазан, бауыры ауыратынын айтып ет пен сорпаға қол соза алмай отырғанда, Бақыткерей ақсақал бір табақ етті бір өзі жеп, бір ішкенде сегіз кесе сорпаны қотарып, таңдай қақтырады. Борщ, қуырылған тауық етін ас көрмейді. Құнары жоқ тамақ бойға қуат бермейтінін айтады.
— «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей» деген Абай атамыз денсаулығың дұрыс болса майлы асты неге жемеске? «Ауру — астан» деп бекер айтылмаған. Қазір аяқ-қолы сырқырап, ішек-құрылысы ауырмайтын жан жоқ. Оның барлығы дұрыс тамақтанбаудан, қимыл-қозғалыстың жоқтығынан пайда болады. Қазір жастардың өзі аурушаң. Көлікке мінеді, жаяу жүрмейді, велосипед теппейді. Қара жұмыс істемейді. Қозғалыс болмаған соң дене шынықпайды. Аллаға шүкір, осы жасқа келгенше аурухана табалдырығын аттап көрген емеспін. Биыл сәуір айында кемпірім жиі ауыра берген соң, балаларым Қытайдан келген дәрігерге көрсету үшін Астанаға алып барды. Мен де бірге бардым. Қыздарым қоймай дәрігерге көрсетті. Қытайлық дәрігер менің денсаулығымның мықтылығына таңғалды, — дейді қария.
Бес қыз, екі ұлды өмірге әкелген Бақыткерей ата мен Әсия әженің шаңырағында қазір немере, шөберелердің қуанышты күлкісі естіледі. Немерелері атасымен бірге үйде жаттығу жасайды, мостикке тұрады, шпагатқа отырады. «Кемпірімнің сырқаттанып қалғаны болмаса, Аллаға шүкір, осы күніме ризамын», — дейді ақсақал.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button