Спорт

Алтын иелері — Андрей мен Ринат

Каратэ

Қыркүйек айының басында Жапонияның Йокогама қаласында өткізілген каратэ бойынша Азия чемпионатында 3 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль жинаған Қазақстан Республикасының құрамасы командалық есеп бойынша Жапониядан кейінгі 2-ші орынды иеленді. Осы чемпионатта ұлттық құрама команда сапында өнер көрсеткен жерлестеріміз Андрей Актауов пен Ринат Сағындықов бас жүлде — алтын медальмен оралды.
Күздің алғашқы айын халықаралық жарыстағы жетістіктерімен бастаған қос каратэ шеберін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Ескендірбек Маханов қабылдады. Қос каратэшіні жеңістерімен құттықтаған Ескендірбек Маханов:
— Қыркүйек айын облыс халқы үшін жағымды жаңалықтармен бастадыңыздар. Сол қуанышты хабарлар өз жалғасын тауып, күні кеше ғана Ақтөбе облысы еркін күрес бойынша Рио-до-Жанейро қаласында өтетін олимпиадалық ойындарға қатысу лицензиясына ие болды, — деді облыс спортшыларының басқа да жетістіктерімен бөлісіп.
Қабылдауда сөз алған жаттықтырушы Орынбай Майкеев Ұлттық каратэ федерациясының алғысын жеткізді.
— Бұл Азия біріншілігіне 33 мемлекеттің 400-ге тарта спортшылары қатысты. Ұлттық құрама командамыз үлкен бәсекелестік ортасында өнер көрсетті. 1991 жылдан кейін алғаш рет командалық есеп бойынша 2-ші орыннан көрінді. Еліміз алған 3 алтынның 2-уі біздің облысымызға тиесілі. Осыған байланысты ұлттық федерация Ескендірбек Шәмілұлы басшылық ететін Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына алғыстарын жолдады, — деді Орынбай Майкеев.
Бұл жолғы алтынымен үш дүркін Азия чемпионы атанған Ринат Сағындықов ойынның өте тартысты өткенін айтады. Алғашқы белдесулерде өзбек, корей және жапон балуандарын ұтқан Ринат финалда Иран елінің каратэшісінен басым түскен. Андрей Актауов болса финалдық бәсекеде осыдан бір ай жарым бұрын Тайландта өткен жарыста, дәл осындай ақтық бәсекеде есе жіберіп алған Кувейт елінің каратэшісін тізе бүктіріп, бас жүлдеге ие болғанын жеткізді.
«Келесі жылы каратэнің олимпиадалық спорт түрлері сапына алынуы мәселесі шешілмекші. Каратэ олимпиадалық спорт түрлері тізіміне алынған жағдайда, бұйыртса, облысымыз жұртшылығын каратэ бойынша олимпиада медальдерімен қуантатын күн де туып қалар», — дейді Андрей мен Ринат болашаққа құрған жоспарлары туралы.

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button