Спорт

Соңғы минуттардың салмағы

Премьер-Лига

25-турда сырт алаңда ойнаған алғашқы үштіктің екеуі жеңіске жетті. Сырт алаңда «Тараздан» 3:0 есебімен ұтылып жатқан көкшетаулық «Оқжетпес» соңғы он минуттай уақыттың ішінде үш гол соғып, есепті теңестіріп кетті. Турнир кестесіндегі ең соңғы орында келе жатқан қызылордалық «Қайсар» осымен қатарынан он бір рет жеңіске жете алмай қойды, бұл жолы тағы да ұтылды. Бұл турдың тағы бір ерекшелігі, үш кездесуде жеңіс голдары 83-ші, 84-ші, 90+4 минуттарда соғылды.
12 қыркүйекте «Ақтөбе» Павлодарда «Ертіс» командасымен кездесті.
Ойыннан соң берген сұхбаттарында бас бапкерлер шамалас пікірлер білдірді. Йоан Андоне екі команда тең дәрежеде ойнағанын айтса, Димитар Димитров: «Екінші таймда біздің жігіттер ойын барысын бақылауда ұстады және заңды жеңіске жеттік», — деді.
Ал кездесу шынында да қалай өтті? Павлодарлықтар бірден-ақ шабуылға көшіп, Стас Покатиловтың қақпасын торуылдай бастады. Бірақ алғашқы қауіпті сәтті төндірген «Ақтөбе» болды. Павлодарлық қақпашы Давид Лория қайтарған доп біздің Виктор Дмитренконың аяғына дөп келіп-ақ еді, бірақ жерлесіміз бұл допты тым әуелете теуіп жіберді. Ал алаң иелерінің ішінен шабуылшы Ронкатто Эвандро ерекше белсенділік көрсетті. Бір шабуыл кезінде ол тепкен доп діңгектен сәл қиыс кетті. Осы екі мезет болмаса басқа уақытта командалар аңдысумен ғана болды.
Екінші таймда белсенділік негізінен «Ертіске» ауысып, доп алаң иелерінің аяғында көбірек жүрді. Әрине, «Ақтөбе» де сенімді қорғана білгеніне қоса екі рет қарсыластар қақпасына қауіп төндірді. Бірақ шабуылшымыз Сергей Хижниченко сол екі мүмкіндікті де уыстан шығарып алды. Әуелгіде жақын маңайдан допты тым қиыс тепсе, келесі жолы Давид Лориямен жекпе-жек шығып түк тындыра алмады. Оның есесіне павлодарлықтар тыным таппады. Сондай сәттердің бірінде, 83-минутта Қазбек Гетериев допты шірене теуіп, «Ақтөбе» қақпасының торын бүлк еткізді. Доп тым алыстан соғылғанымен бұл ретте Стас Покатиловты кінәлау да қиын.
Осылайша сүреңсіздеу өткен кездесу ақтөбеліктер үшін тіпті тым сүреңсіз аяқталды.
Ал сауатты ойнағанымен, бастаған шабуылдарды, қақпа алдындағы қарбаластарды гол соғумен аяқтауды жерлестеріміздің әлі де игере алмай келе жатқаны өкінішті-ақ.
«Ертіс»-«Ақтөбе» — 1:0
Гол авторы: Казбек Гетериев, 83-минут (1:0).
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов, Айоделе Аделейе, Виктор Дмитренко, Юрий Логвиненко, Андерсон Сантана, Чиприан Дяк (Марат Хайруллин, 80-минут), Дидар Жалмұқан, Валерий Коробкин (Артурас Жулпа, 74-минут), Данило Неко, Сергей Хижниченко (Данило, 81-минут).
Қазақстан чемпионаттарында бұл екі команда осымен 51 кездесу өткізді. Павлодарлықтар 22 рет жеңсе, «Ақтөбе» 20 рет басым түсті, 9 ойын тең есептермен аяқталды.

Басқа кездесулер

«Ордабасы»-«Астана» — 2:3
Гол авторлары: Еркебұлан Тұңғышбаев, 10-минут (1:0); Серикжан Мужиков, 31-минут (1:1); Джуниор Кабананга, 56-минут (1:2); Эдин Юнузович, 62-минут (2:2); Таңат Нөсербаев, 90+4 минут (2:3).
65-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Ахметов («Астана») жасыл алаңнан қуылды.
«Атырау» — «Қайрат» — 1:2
Гол авторлары: Стефан Эссаме, 17-минут (1:0); Бауыржан Исламхан, 64-минут (1:1); Жерар Гоу, 84-минут (1:2).
«Қайсар» — «Тобыл» 1:2
Гол авторлары: Огнен Красич, 12-минут (0:1); Йосип Кнежевич, 20-минут (1:1); Игорь Зенькович, 37-минут (1:2).
«Тараз»-«Оқжетпес» — 3:3
Гол авторлары: Әлішер Сүлей, 30-минут (1:0); Тимур Досмағамбетов, 53-минут (2:0); Санат Жұмаханов, 74-минут (3:0); Александр Павлов, 79-минут (3:1); Сергей Гридин, 90-минут (3:2); Иван Цветкович, пенальти, 90+3 минут (3:3).
«Шахтер»-«Жетісу» — 3:1
Гол авторлары: Душан Савич, 23-минут (0:1); Алдин Джидич, 34-минут (1:1); Михрат Топчагич, 79-минут, пенальти (2:1); Максим Фещук, 83-минут (3:1).

ОЙЫН КЕСТЕСІ

1-6 орындар

Командалар О Ұ Т Ж Д Ұп

1 Қайрат 25 15 6 4 50-17 29
2 Астана 24 14 7 3 44-21 28
3 Ақтөбе 25 13 8 4 28-14 25
4 Ертіс 25 9 9 7 31-28 21
5 Атырау 24 9 10 5 26-23 19
6 Ордабасы 25 9 9 7 23-22 19

7-12 орындар

7 Тобыл 25 9 4 12 27-37 19
8 Оқжетпес 25 9 4 12 29-37 18
9 Жетісу 25 6 5 14 22-36 15
10 Тараз 25 7 5 13 20-29 14
11 Шахтер 25 6 5 15 20-41 13
12 Қайсар 25 3 9 13 14-29 10

*О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

«Ақтөбенің» мергендері:

Сергей Хижниченко (шабуылшы) — 8 гол;
Дидар Жалмұқан (жартылай қорғаушы) — 4;
Маркос Пиззелли (жартылай қорғаушы) — 4 (1);
Данило Сирино (шабуылшы) — 2;
Данило Неко (шабуылшы) — 2;
Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 1;
Айоделе Аделейе (қорғаушы) — 1;
Алексей Антонов (шабуылшы) — 1,
Абат Айымбетов (шабуылшы) — 1;
Асхат Тағыберген (жартылай қорғаушы) — 1;
Виктор Дмитренко (қорғаушы) — 1;
Валерий Коробкин (жартылай қорғаушы) — 1;
Чиприан Дяк (жартылай қорғаушы) — 1 (1).
«Ақтөбе» өз алаңымыздағы 13 ойында 6 рет ұтып, 5 рет тең ойнады, 2 рет ұтылды. Сырт алаңдағы 12 ойында 7 рет ұтып, 3 рет тең түсті, 2 рет ұтылды.

26-тур ойындары

26-турда, 20 қыркүйекте, жексенбі күні «Ақтөбе» өз алаңымызда «Атырау» командасын қабылдайды.
Басқа кездесулер:
19 қыркүйек, сенбі
«Тобыл» — «Тараз»
«Жетісу» — «Оқжетпес»
«Шахтер» — «Қайсар»
20 қыркүйек, жексенбі
«Астана» — «Қайрат»
«Ордабасы» — «Ертіс»

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button