Спорт

«Астана» — жаңа парақтың авторы

«Астана» қазақ футболы тарихының жаңа парағын ашты. Біздің елдің командасы бірінші рет клубтық турнирлер арасындағы ең мәртебелі жарыс — Чемпиондар Лигасы бәсекесінің топтық кезеңінде ойнайтын болды. Бұған дейін қарағандылық «Шахтер» ғана бір рет УЕФА Еуропа Лигасының топтық кезеңінде өнер көрсеткен еді.
Астаналықтар Еуропадағы үздік 32 клубтың арасынан орын алған бұл белеске оңай көтерілген жоқ.
Зор додаға екінші іріктеу кезеңінен бастап қосылған жерлестерімізге әуелі Словенияның «МАРИБОР» командасы тап келді. Бұлар өте тәжірибелі, мысалы, өткен маусымда осы Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінде ойнаған тісқаққан клуб еді. «Астана» әуелі сырт алаңда 0:1 есебімен ұтылғанымен, өз алаңымызда аса тартысты өткен кездесуде 3:1 есебімен жеңіске жетті. «Астана» командасынан гол соққандар: Бауыржан Жолшиев, Рохер Каньяс, Патрик Твумаси.
Үшінші іріктеу кезеңінде Финляндияның «ХИК» командасымен күш сынастық. Хельсинкидегі ойын тең (0:0) аяқталды. Ал Астанада жерлестеріміз ерекше қайрат көрсетті, 4:3 есебімен жеңді. Әсіресе ең қажетті төртінші голды астаналықтардың екінші таймның соңындағы қосымша минуттарда соғуы ерік-жігердің соншама мығымдығын дәлелдеді. Жеңіс әкелген голдардың авторлары: Патрик Твумаси, Рохер Каньяс, Дмитрий Шомко, Евгений Постников.
Төртінші кезеңде сынға түскен «АПОЭЛ» (Израиль) де осал команда емес еді. Бұлар да өткен жылы Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінде өнер көрсеткен болатын және бұған дейін мұндай плей-офф кезеңіндегі кездесулерде еш жеңіліп көрмеген екен. Астаналықтар Израильдың атақты командасын өз алаңымызда 1:0 есебімен жеңді де (Бауыржан Жолшиев), сырт алаңда кездесуді 1:1 есебімен аяқтап (Неманья Максимович), топтық кезеңге шықты.
Сөйтіп, «Астана» сырт жұртқа Қазақстан командаларының айбынды қуат-күшін көрсетті. Бұны бір десек, екіншіден, «Астана» мол қаражат тапты. Ереже бойынша Чемпиондар Лигасының екінші іріктеу кезеңінен өткен командаға 300 мың еуро берілсе, үшінші кезеңде сәтті өнер көрсеткен команда 400 мың еуро сыйақы алады. Ал Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне жолдама алған команда 12 миллион еуро иегері атанады. Астаналықтардың бұл қаржыны одан әрі көбейту мүмкіндіктері де бар. Топтық кезеңдегі әр жеңіс 1,5 миллион еуроға бағаланса, тең нәтижеге 500 мың еуро беріледі.
28 тамыз күні Монакода өткен жеребе тастау рәсімі кезінде Чемпиондар Лигасының «С» тобы төмендегідей болып түзілді:
«БЕНФИКА» (Португалия), «АТЛЕТИКО» (Мадрид, Испания), «ГАЛАТАСАРАЙ» (Түркия), «АСТАНА» (Қазақстан).
Қалай десеңіз де, тіпті де осал командалар емес. Сол себепті де қай елдің футбол білгірлері де «Астананың» бұл топта ілгері оза алмайтынын жарыса айтып жатыр. Рас, қарсыластарымызға біз де мін таға алмаймыз.
Мысалы, «БЕНФИКА» Португалияның 34 дүркін чемпионы екендігін былай қойғанда, екі рет Еуропа чемпиондары Кубогының иегері (1961, 1962) атанған. Рас, Бела Гуттманның 1962 жылғы қарғысынан соң бұл команда не Чемпиондар Лигасының, не Еуропа Лигасының жеңімпазы бола алмай жүр, ылғи финалдық ойындарда омақасады. Соңғы деректі айтсақ, 2012/2013 жылғы маусымда Еуропа Лигасының финалдық кездесуінде бұлар ағылшындық «Челсиден» 1:2 есебімен жеңіліп қалса, 2013/2014 жылғы маусымда сол Еуропа Лигасының финалында испаниялық «Севильядан» пенальти есебімен (2:4) жеңілді. Дегенмен өткен маусым «Бенфика» үшін табысты да бола алмады. Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінде (2014/2015) «С» тобында болған португалдықтар ең соңғы төртінші орынмен қанағаттанып, 1/8 финалға шыға алмай қалды, әрине, Еуропа Лигасының топтық кезеңі ойындарына да іліге алмады. 1 рет ұтып, 2 рет тең ойнап, 3 рет жеңілген, алты ойында қарсыластар қақпасына небәрі 2 гол ғана соққан бұлар «Монако» (Франция), «Байер» (Германия), «Зенит» (Ресей) командаларын ілгері жіберуге мәжбүр болды. Биыл «Бенфика» өткен жылғы сол өкініштің есесін қайтаруға барынша тырысатыны анық. Қалай болғанда да, «Бенфика» — басқа отандастарына қарағанда өз елінде де, Еуропа алаңдарында да ең көп табысқа жеткен ең атақты клуб. Қазір бұл команда сапында ел құрамасының мүшелері Андре Алмейда, Элизеу, Пицци бар, ал команда капитаны — Бразилия құрамасының бұрынғы ойыншысы, 34 жастағы Луизао. Әр кездерде өз ұлттық құрамалары қатарында мексикалық Рауль Хименес, аргентиналық Николас Гайтан, сербиялық Филип Джуричич, т.б. өнер көрсеткен.
Енді Бела Гуттманның қарғысы туралы бірер сөз. Венгриялық даңқты бапкер Бела Гуттманн «Бенфиканы» жоғарыда көрсетілгендей қатарынан екі мәрте Еуропа чемпиондары кубогының жеңімпаздығына жеткізген. Рас, бұл кезде командаға әйгілі Эйсебио бастаған мықты футболшылар жиналған болатын. Дегенмен бапкердің аты бапкер ғой. Осы екі чемпиондық атақтан соң Гуттманн өзіне төленетін жалақы мөлшерін ұлғайтуды өтінеді де, оған теріс жауап алады. Бұдан соң Гуттманн португалдық командалар енді жүз жылға дейін Еуропа алаңдарында чемпион болмайтындығын мәлімдеген қарғысын жария етіп, есікті тарс жабады. Содан бері «Бенфиканың» жолы болмай келе жатқаны рас. Бұлар биыл қай сатыға дейін көтерілетінін әзір ешкім болжай алмайтыны белгілі.
Испанияның 10 мәрте чемпионы «АТЛЕТИКО» да сен тұр мен атайындардың бірі. Екі мәрте УЕФА Еуропа кубогының (2010, 2012), екі дүркін УЕФА Суперкубогының (2010, 2012) иегері. Бұл команда 2013/2014 жылы Чемпиондар Лигасында финалдық ойынға дейін жетіп, бұл сатыда әйгілі жерлестерінен — «Реалдан» ұтылса (1:4), өткен жылғы маусымда да (2014/2015) топтық кезеңнен, 1/8 финалдан өткенімен, ширек финалда тағы да «Реалдан» ұтылды (0:1). Бұрынғы жетістіктерін қайталауға тырысатын бұл командада қазір ұлттық құрама ойыншылары Коке мен Хуанфран және Торрес бар. Ұзақ жылдар бойы «Ливерпуль», «Челси», «Милан» командаларында ойнаған Фернандо Торрес жуықта өзінің осы «Атлетикосына» қайтып оралды. Соңғы әлем чемпионатында көзге түскен француз Антуан Гризманн да осы командада ойнап жүр.
Сондай-ақ УЕФА жеңімпазы (1999/2000), УЕФА Суперкубогының иегері (2000), Чемпиондар Лигасында жартылай және ширек финалға жетіп жүрген «ГАЛАТАСАРАЙ»-ды да есептен шығарып тастау мүмкін емес. Рас, жоғарыда көрсетілгендер әріректегі жетістіктер ғана. Әйтпесе өткен маусымда (2014/2015) «Галатасарай» Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне өткенімен, одан әрі аттап қадам баса алмады. Алты ойында бес рет жеңіліп, бір рет қана тең ойнады. Сөйтіп, өзінің қуат-қарымы «Боруссия» (Германия), «Арсенал» (Англия), «Андерлехт» (Бельгия) командаларынан әлдеқайда төмен екендігін мойындады. Бірақ бұлар биыл мығымданып алды. Голландиялық атақты жартылай қорғаушы Уэсли Снейдерге әйгілі неміс шабуылшысы Лукас Подольски қосылды. Бұлармен бірге Түркияның ұлттық құрамасының мүшелері, қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс Бурак Йылмаз, Умут Булут, Сельчук Инан, Хакан Балта, Семих Кайа, Хамит Алтынтоп, камерундық Орельен Шеджу, бразилиялық Фелипе Море ойнайды.
Әрине, бақ шаба ма, бап шаба ма, уақыт көрсетер. Біз үшін бір өкініштісі, УЕФА Тәртіптік комитеті «АПОЭЛ»-ге қарсы қарымта кездесуде өрескел тәртіп бұзғаны үшін Патрик Твумасиді қатарынан алты кездесуге қатыстырмау жөнінде шешім қабылдады.
Ал жерлестеріміздің ойындарын жанкүйерлер мына күндері «Таң» телеарнасы арқылы тамашалай алатындығын еске сала кетпекпіз:
15 қыркүйек
Бенфика — АСТАНА
Галатасарай — Атлетико
30 қыркүйек
АСТАНА — Галатасарай
Атлетико — Бенфика
21 қазан
Атлетико — АСТАНА
Галатасарай — Бенфика
3 қараша
АСТАНА — Атлетико
Бенфика — Галатасарай
25 қараша
АСТАНА — Бенфика
Атлетико — Галатасарай
8 желтоқсан
Галатасарай — АСТАНА
Бенфика — Атлетико

«ҚАЙРАТ»: ӨКІНІШТІ ЖЕҢІС

«Қайрат» УЕФА Еуропа Лигасының топтық кезеңі ойындарына өте алмады, бірақ қазақстандық жанкүйерлерді шынымен-ақ риза етті.
Бұларға бірінші іріктеу кезеңінде Сербияның әйгілі «ЦРВЕНА ЗВЕЗДА» командасы тап болғаны белгілі. Қауіп ойлағанымыз рас еді. Бірақ жерлестеріміз сербиялықтарға тізгін ұстатқан жоқ. Әуелі Сербияда, одан соң Алматыда жеңіс туын желбіретті — 2:0 (Жерар Гоу, Ермек Қуантаев); 2:1 (Бауыржан Исламхан, Исламбек Қуат).
Екінші кезеңде қарсылас болған Арменияның «АЛАШКЕРТ» командасына да жерлстеріміз ерік берген жоқ. Өз алаңымызда 3:0 (Бауыржан Исламхан, Жерар Гоу, Джордже Деспотович) есебімен жеңді де, мәселені бірден шешіп алды. Ал сырт алаңдағы жеңіліс — 1:2 (Жерар Гоу) есебі жалпы ахуалға еш ықпал ете алмады.
Үшінші іріктеу кезеңінде қарсылас болған Шотландияның «АБЕРДИН» командасын да жерлестеріміз маңдайдан сипаған жоқ. Екі ойынның есебі бойынша жеңіп шықты — 2:1 (Михаил Бакаев, Бауыржан Исламхан); 1:1 (Жерар Гоу).
Төртінші кезеңде, плей-офф ойынында да «Қайраттың» жұлдызы жарқырағалы-ақ тұр еді. Францияда «БОРДО»-дан 0:1 есебімен жеңілгенімізбен, өз алаңымыздаға қарымта кездесудің екінші таймында 2:0 есебімен жеңіп жатқанбыз (Седрик Ямбере сасқалақтап алғашқы допты өз қақпасына өзі кірігізіп алса, екінші голды Исламбек Қуат соққан). Тек ойынның аяқталуына он минут шамасы қалғанда қақпамызға еніп кеткен доп топтық кезеңге барар жолды жауып тастады. Әйткенмен «Бордоны» 2:1 есебімен жеңу тамаша жетістік емес дей аласыз ба?! Енді «Борда» топтық кезеңде «Рубин» (Ресей), «Ливерпуль» (Англия), «Сьон» (Швейцария) командаларымен ойнайтын болады.
Осылайша «Қайрат» биыл топтық кезеңге өте алмай қалды. Дегенмен бұдан былай бізбен де, яғни қазақстандық клубтармен де санаспаса болмайтындығын еуропалық командалардың санасына сіңіріп қойды. Мұның бір дәлелі мынау. «Қайраттың» «Бордоға» қарсы қарымта кездесуде жеңіске жетуі Қазақстанның УЕФА рейтингінде 27-орынға көтерілуіне себепші болды. Қазақстан қоржынында қазір 13.125 ұпай бар. Дәл осындай ұпайды Сербия (28), Болгария (29) және Словения (30) да еншілеп тұр. Алайда, Қазақстан осы маусымда 3.625 ұпай жинауына байланысты олардан жоғары орналасқан.

«АҚТӨБЕ» СЫРТ АЛАҢДА ОЙНАЙДЫ

«Астанаға» да, «Қайратқа» да қаншалықты риза болғанымызбен біз, әрине, өз «Ақтөбемізге» тілектестігімізден айни алмайтынымыз белгілі.
УЕФА Еуропа Лигасының бірінші іріктеу кезеңінде жерлестеріміздің эстониялық «Нымме Кальюге» есе жібергені (0:1; 0:0) көңілге кірбің түсіргенімен, Қазақстан чемпионатындағы жетістіктеріміз жалғаса беретіндігіне сенгіміз келеді.
Сөйтіп, Премьер-Лигадағы ойындарымызға қайта оралсақ, «Ақтөбе» өз алаңымыздағы 13 ойында 6 рет ұтып, 5 рет тең ойнады, 2 рет ұтылды. Сырт алаңдағы 11 ойында 7 рет ұтып, 3 рет тең түсті, 1 рет ұтылды.
Келесі аптада, 12 қыркүйекте, сенбі күні «Ақтөбе» Павлодарда «Ертіс» командасымен кездеседі.
Бұл 25-турдың басқа кездесулері:
12 қыркүйек, сенбі
«Атырау» — «Қайрат»
«Ордабасы» — «Астана»
«Тараз» — «Оқжетпес»
13 қыркүйек, жексенбі
«Шахтер» — «Жетісу»
«Қайсар» — «Тобыл»

ОЙЫН КЕСТЕСІ

1-6 орындар

Командалар О Ұ Т Ж Д Ұп

1 Қайрат 24 14 6 4 48-16 26
2 Астана 23 13 7 3 41-19 25
3 Ақтөбе 24 13 8 3 28-13 25
4 Атырау 23 9 10 4 25-21 19
5 Ордабасы 24 9 9 6 21-19 19
6 Ертіс 24 8 9 7 30-28 18

7-12 орындар

7 Оқжетпес 24 9 3 12 26-34 17
8 Тобыл 24 8 4 12 25-36 16
9 Жетісу 24 6 5 13 21-33 15
10 Тараз 24 7 4 13 17-26 13
11 Шахтер 24 5 4 15 17-40 10
12 Қайсар 24 3 9 12 13-27 10

*О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

Бетті әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button