Спорт

Көптен күткен күміс

КоптенКеше ақтөбеліктер Ақтөбе халықаралық әуежайында 24-30 тамыз аралығында Астана қаласында өткізілген дзю-до күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, облысымыздың батыр оғланы Рустам Ибраевты зор қошеметпен қарсы алды. Рустам Ибраев — әлем чемпионатында күміс медаль иеленген тұңғыш қазақстандық спортшы.  

Қатысушылардың саны жағынан рекордтық көрсеткішке ие болған Астана қаласындағы әлем чемпионатына 120 мемлекеттен 729 спортшы қатысты. Осы әлемдік спорт додасында күміс жүлдені жеңіп алу Рустамға оңай соқпады. 60 келі салмақ дәрежесі бойынша сынға түскен ол чемпионаттағы алғашқы белдесуінде болгар палуаны Ярослав Герчевті жеңді. Ширек финалда Корея елінің палуаны Ким Вон Джинді тізе бүктіріп, финалға шығар белдесуде үздіктер қатарындағы моңғол палуаны, 2014 жылғы әлем чемпионы Болдбаатар Ганбатты ұтып, ақтық сынға жолдама алды. Тарихта тұңғыш рет мұндай дүниежүзілік додада ақтық, финалдық белдесуге екі бірдей қазақстандық спортшы шықты. Рустам тараздық Елдос Сметовпен болған жекпе-жекте төреші берген жалғыз ескертудің салдарынан жеңілді деп есептеліп, күміс медальға ие болды. Ол сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген спортшысы» атағының нормативін орындады.

— Өте қуаныштымын жерлестерімнің осылай қарсы алып жатқанына, — деді әуежайда көрсетілген құрметке дән риза болған Рустам Ибраев. — Қолдау көрсеткен халқымызға, спортшыларға жағдайдың жасалуын тікелей қадағалап отырған Елбасына рахмет айтамын! Барлық қарсыластарым мықты болды. Бірақ өз елімізде өткен чемпионатта құр қол қалсақ, бұл бізге сын болар еді. Сондықтан қолымыздан келгенше тырыстық. Жалпы, әлем чемпионатында жүлделі орынға ие болу — қай спортшының да арманы.

«Баласы атқа шапса, анасы үйде отырып тақымын қысатын» халық емеспіз бе? Десек те Рустамның әкесі Аманжол мен анасы Галя ұлдары бәйгеге түскен әлем чемпионатын тамашалау үшін Астанаға бірге барыпты.

— Чемпионат кезінде баламның барлық белдесуін қасында болып, жақыннан тамашаладым. Ол өзіне сенімді еді. «Әке, қорықпа. Мен жүлделі орын аламын» деді жарыс алдында. Сондықтан біздің көңілімізде бір сенімділік болды, — дейді ұлының жеңісі туралы әңгімелеген Аманжол Ибраев. Ал Рустамның анасы Галя:

— Ең бастысы — ол өзі үнемі дайындалып, осы жеңіске ұмтылды. Спорт мектебінен келгеннен кейін де үйде ылғи еш тыным таппастан дайындалатын. Мен кей кездері оны аяйтынмын. Бірақ ол қайтпастан алға ұмтылды. Міне, бізді де қуанышқа кенелтіп, осындай жетістікке жетіп отыр, — дейді.

Рустамның бұған дейін қол жеткізген жетістіктері де жетерлік. Қазақстанда өткен жарыстарды айтпағанның өзінде, 2012 жылы Өзбекстанда, 2013 жылы Польшада өткен Әлем Кубоктарында 2-ші және 3-ші орындарды иеленді. Өткен жылы Токиода өткен халықаралық турнирде 3-ші орыннан көрінсе, биыл Алманиядағы халықаралық турнирде 3-ші орынды, Әзірбайжанның астанасы Баку қаласында өткен халықаралық Гран При турнирінде бас жүлде — 1-ші орынды жеңіп алды.

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Рүстем әлем чемпионатынан күміс жүлде иеленген тұңғыш қазақстандық емес, оның алдында дзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Азамат Мұқанов бар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button