Спорт

Үзіліс алдында

Премьер-Лига

24-тур тосын жаңалықтар әкелген жоқ. Екі алтылықтағы командалар арасында да топ басындағылар жеңіске жетсе, көш соңындағылар ұтылды.
Рас, есеп нәтижелеріне үңілсек, «Қайраттан» басқа командалардан айқын басымдылықты байқау да қиын. Төрт бірдей кездесуде ұтысқа ие болған командалар бір доп айырмашылығымен ғана басым түсті. Ал «Қайраттың» негізгі ойыншылардың жартылай құрамымен ірі есеппен жеңіске жетуі әріптестерін ойландырып тастаған-ақ шығар.
Тағы бір қызығы, үш команда («Оқжетпес», Тобыл», «Қайрат») әуелі өз қақпаларына гол жіберіп алып, содан соң жеңіске жетті.
23 тамызда «Ақтөбе» өз алаңында Шымкенттің «Ордабасы» командасын қабылдады.
Жерлестеріміз алғашқы минуттардан бастап-ақ шабуылға көшіп, қарсыластарымызға тізгін ұстатпай-ақ қойды. Әсіресе алғашқы 15 минут ішіндегі уақыттың 70 пайызында доп біздің иелігімізде жүрді. Әттең, гол соға алмадық. Дидар Жалмұқан тепкен добын біресе көкке әулетіп жіберді, біресе қорғаушының тосқауылына кезікті, біресе қақпашының уысына түсірді, тіпті қақпашымен жекпе-жекке шығып та абдырап қалды, қақпа бағанасынан бірер сантиметр қиыс тепкені және бар. Ал Юрий Логвиненко ыңғайлы сәтті тауып, баспен соққан добын тура алдында тұрған қақпаға тіке бағыттай алмай пұшайман болды. Айоделе Аделейе де нысанасын дәл көздей алмады. Қысқасы, бірінші таймның соңына таман шымкенттік Қайрат Әшірбековтің соққысын қақпашымыз Стас Покатилов шеберлікпен қайырғаны болмаса, «Ордабасы» футболшылары тым дәрменсіз қимылдады.
Екінші таймды да жерлестеріміз шабуылмен бастағанымен, тағы да нәтижесіз соққылар жасаудан аса алмады. Тек 52-минутта ғана гол соғудың сәті түсті. Өз алаңында сасқалақтап қалған қорғаушы Александр Симчевич допты қолмен тоқтатуға мәжбүр болды да, төреші еш кідіріссіз он бір метрлік нүктені көрсетті. Айып добын соққан Чиприан Дяк қателескен жоқ — 1:0.
Командамыздың абыройын осы пенальти сақтап қалды. Әйтпесе жерлестеріміз бұдан соң да бірнеше айқын мүмкіндіктерді пайдалана алмады. Мысалы, 78-минутта қақпашымен жекпе-жек шыға келген Сергей Хижниченко 100 пайыздық мүмкіндікті уыстан шығарып алды. Ал Маркос Пиззеллидің соққысы айдалаға кетсе, Дидар Жалмұқан допты тура қақпашының қолына ұстатты. Жіпке тізе берсең, мұндай сәттер өте көп.
Рас, екінші таймда қонақтар бастапқы дәрменсіздіктерінен арылып, аяқтары допқа тиіп, қарымта шабуылдар ұйымдастыруға тырысты. Бірақ, обалына не керек, екі рет біздің айып алаңымыздың іргесінен айып добын соққаны болмаса, оларды ақтөбеліктер тіпті де еркінсіткен жоқ.
Осылайша заңды жеңіске жеткенімізбен, гол соғуға оңтайлы мезеттерді дұрыс пайдалана алмайтын ауруымыз тағы да қайталанғаны көңілдегі әлдебір кірбіңді сейілте алмады.
«Ақтөбе»-«Ордабасы» — 1:0
Гол авторы: Чиприан Дяк, 53-минут, пенальти (1:0).
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Сергей Покатилов, Айоделе Аделейе, Евгений Левин (Дмитрий Мирошниченко, 38-минут), Артурас Жулпа, Виктор Дмитренко, Данило Неко (Маркос Пиззелли, 72-минут), Чиприан Дяк (Марат Хайруллин, 88-минут), Юрий Логвиненко (капитан), Андерсон Сантана, Дидар Жалмұқан, Сергей Хижниченко.
«Ақтөбе» құрамынан төрт ойыншы ескерту қағазын алды: В.Дмитренко (26-минут), Д.Мирошниченко (56-минут), Д.Неко (63-минут), Ю.Логвиненко (83-минут). Келесі ойынға Д.Мирошниченко қатыса алмайды.
Кездесуді 11 мың жанкүйер тамашалады.
«Ақтөбе» мен «Ордабасы» командалары Қазақстан чемпионаттарында осымен 35 рет кездесті. 22 ойында «Ақтөбе» жеңсе, 3 рет «Ордабасының» мерейі үстем болды, 10 кездесу тең есептермен аяқталды.

Басқа кездесулер

«Қайрат»-«Ертіс» — 5:2
«Астана»-«Атырау» кездесуі 28 қазанға қалдырылғаны белгілі.
«Оқжетпес»-«Қайсар» — 2:1
«Тобыл»-«Шахтер» — 2:1
«Жетісу»-«Тараз» — 1:0

ОЙЫН КЕСТЕСІ

1-6 орындар

Командалар О Ұ Т Ж Д Ұп

1 Қайрат 24 14 6 4 48-16 26
2 Астана 23 13 7 3 41-19 25
3 Ақтөбе 24 13 8 3 28-13 25
4 Атырау 23 9 10 4 25-21 19
5 Ордабасы 24 9 9 6 21-19 19
6 Ертіс 24 8 9 7 30-28 18

7-12 орындар

7 Оқжетпес 24 9 3 12 26-34 17
8 Тобыл 24 8 4 12 25-36 16
9 Жетісу 24 6 5 13 21-33 15
10 Тараз 24 7 4 13 17-26 13
11 Шахтер 24 5 4 15 17-40 10
12 Қайсар 24 3 9 12 13-27 10

*О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

«Ақтөбенің» мергендері:

Сергей Хижниченко (шабуылшы) — 8 гол;
Дидар Жалмұқан (жартылай қорғаушы) — 4;
Маркос Пиззелли (жартылай қорғаушы) — 4 (1);
Данило Сирино (шабуылшы) — 2;
Данило Неко (шабуылшы) — 2;
Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 1;
Айоделе Аделейе (қорғаушы) — 1;
Алексей Антонов (шабуылшы) — 1,
Абат Айымбетов (шабуылшы) — 1;
Асхат Тағыберген (жартылай қорғаушы) — 1;
Виктор Дмитренко (қорғаушы) — 1;
Валетий Коробкин (жартылай қорғаушы) — 1;
Чиприан Дяк (жартылай қорғаушы) — 1 (1).
«Ақтөбе» өз алаңымыздағы 13 ойында 6 рет ұтып, 5 рет тең ойнады, 2 рет ұтылды. Сырт алаңдағы 11 ойында 7 рет ұтып, 3 рет тең түсті, 1 рет ұтылды.

25-тур ойындары

Екі апталық үзілістен соң 25-турда, 12 қыркүйекте, сенбі күні «Ақтөбе» Павлодарда «Ертіс» командасымен кездеседі.
Басқа кездесулер:
12 қыркүйек, сенбі
«Атырау» — «Қайрат»
«Ордабасы» — «Астана»
«Тараз» — «Оқжетпес»
13 қыркүйек, жексенбі
«Шахтер» — «Жетісу»
«Қайсар» — «Тобыл»

УЕФА

ЕКІ МҮМКІНДІК ЕШ КЕТТІ

Бүгін Алматының «Қайраты» өз алаңында Еуропа Лигасы плей-офф турының қарымта кездесуін өткізеді.
Бұдан бір апта бұрынғы, 20 тамыздағы бірінші кездесуде жерлестерімізді Францияда «Борда» командасы 1:0 есебімен ұтқаны белгілі. Оған қоса бір доп қақпа бағанасына тиіп кейін серпілсе, басқа доптарға қақпашымыз Владимир Плотников тосқауыл болды.
Негізінен алматылықтар бірінші таймда еш қайрат көрсете алмады. Тек ойынның екінші бөлігінде сәл ширады. Бірақ Сито Риера мен Исаэль гол соғарлықтай екі мүмкіндікті пайдалана алмай қалды.
«Бордо» (Франция)-«Қайрат» (Алматы) — 1:0.
Гол авторы: Вахби Хазри, 27-минут (1:0).
Бордо қаласы. «Стад Бордо Атлантик» стадионы. 24 795 адам.
Осылайша бүгінгі кездесу бұдан әрі топтық кезеңде өнер көрсететін команданы анықтап бермек.

Еуро-2016

СЫРТ АЛАҢ СЫНАЙДЫ

Келесі апта Қазақстан футболының қазіргі хал-ахуалын тағы бір аңғартады. 2016 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу ойындары аясында біздің ұлттық құрамамыз екі кездесу өткізеді.
Әуелгі кездесу Чехияда 3 қыркүйек күні өтеді. Ал одан соң 6 қыркүйекте тағы да сырт алаңда Исландиямен күш сынасамыз.
Расын айтсақ, бұл екі ойыннан да күтер үмітіміз шамалы. «А» тобының көш басында келе жатқан бұл екі команда қазақстандықтарға тізгін ұстата қоймас.
«А» тобының 6 турдан кейінгі жағдайы төмендегідей.
Көш басында 15 ұпаймен Исландия тұр
Екінші орындағы Чехияның 13 ұпайы бар.
Голландия 10 ұпаймен үшінші орынға жайғасса, төртінші орындағы Түркия 8 ұпай жинады. Бесінші орын 3 ұпайы бар Латвияға тиесілі.
Қазақстанның еншісінде 1 ұпай ғана бар. Біздің футболшыларымыз бұдан бір жыл шамасы бұрын (9 қыркүйекте) өз алаңымызда Латвиямен тең ойнағанын (0:0) жанкүйерлеріміз ұмыта қоймаған шығар.

Бетті әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button