Спорт

Алтын да, күміс те — өзімізде!

Елдос Сметов — дзюдо спорты бойынша қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы! Ал ақтөбелік дзюдошы Рустам Ибраев әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды!

Кеше Астанада дзюдодан әлем чемпионаты басталды. 24-30 тамыз аралығында өтетін жарыстарға әлемнің 123 елінен 800-ден астам спортшы қатысады. Жарыстар ерлер арасында — 7, әйелдер арасында 7 салмақ дәрежесі бойынша өтеді, сондай-ақ командалық біріншілік те ұйымдастырылады. Үздік палуандар Олимпиадаға жолдама алу жолында ұпайларға ие болады.
Чемпионаттың алғашқы күні ерлер арасында — 60 кг салмақ дәрежесі бойынша, әйелдер арасында 48 кг салмақ дәрежесі бойынша жарыстар өтті. 60 кг салмақ дәрежесі бойынша жарысқа екі бірдей қазақстандық қатысты: Рустам Ыбраев пен Елдос Сметов. Ең қызығы — екеуі де финалдан бір-ақ шықты!
Рустам Ыбраев финалға жетер жолда болгар Янислав Герчевті, эквадорлық Ленин Пресидоны, грузин Амиран Папинашвилиді және жартылай финалда моңғол Болдбаатар Ганбатты тізе бүктірді. Елдос Сметов те өзбекстандық, мексикалық және Сауд Арабиясынан келген қарсыластарын жеңіп, жартылай финалда жапон Торе Шишимиді ұтты.
Айта кетелік, Елдос Сметов — 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы, үстіміздегі жылғы ел біріншілігінде Рустам одан басым түсіп, Қазақстан чемпионы атанған еді.
Ал кешегі финалдық жекпе-жекте екі қазақстандық дзюдошы бірін-бірі жеңе алған жоқ. Рустам төрешінің берген бір ескертуі салдарынан ғана жеңіліске ұшырап отыр. Яғни, оның күмісі де — алтынға тең жүлде! «Құтты болсын!» — дейміз.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button