Спорт

САН СОҚТЫРҒАН СОҢҒЫ МИНУТТАР

Премьер-Лига

23-турдан соң бірінші орынға қайтадан «Астана» көтерілді. Ал «Қайсар» соңғы орыннан жоғарылай алатын емес.
Бұл турда қақпаларға небәрі 7 гол соғылды.
Үш кездесудің нәтижесі — 0:0. Сегіз команданың футболшылары қарсыластар қақпасының кілтін таба алмады.
Бұл турда «Ақтөбенің» өз алаңында «Астананы» қабылдауы жанкүйерлерді ерекше қызықтырған болатын. Оған қоса бұл кездесуді «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы тікелей көрсетіп, «Отау-ТВ» арқылы облысымыз ғана емес, тұтас Қазақстандағы әр ауылдың көруіне мүмкіндік жасады.
Өкінішке қарай, «Ақтөбе» тағы да ұтылып, Орталық стадионға жиналған 12 мың жанкүйерді тағы да өкпелетіп алды.
Рас, жерлестеріміз тәуір ойын өрнегін көрсеткен жоқ деу қиянат болар еді. Бірақ бұл жолы да гол соғудың сәті түспей қойды. Оның үстіне «Ақтөбе» ұтылар шақта ылғи соңғы минуттар сан соқтырады. «Ертіс» 90+1 минутта, «Шахтер» 86-минутта, міне, «Астана» 81-минутта қақпамызға бір доптан енгізіп жіберді де, үш ұпайдан олжалай салды. Чемпионат басталғалы үш рет ренжіткен үш жеңілісіміздің жайы, міне, осылай болды.
«Ақтөбе» бұл кездесуді де шабуылмен-ақ өткізді. Және қандай шабуылдар. Сергей Хижниченко «Астананың» қақпашысы Ненад Эричпен жекпе-жек шыға келді, бірақ допты тым әуелетіп жіберді. Дидар Жалмұқанға айып алаңы сызығының тұсынан шірене соққы жасаудың реті келіп-ақ қалды, қорғаушыға тиген доп айдалаға лағып кетті. Андерсон Сантананың таяу бұрышқа бағыттаған добын астаналық қақпашы қақшып түсті. Маркос Пиззелидің соққысынан соң маңдайшаны маңайлап қалған допты Эрич және қағытып жіберді. Бірінші таймда астаналықтар бір-ақ рет оңды соққы жасады. Дегенмен Фокси Кетевоаманың жер бауырлата тепкен добын Стас Покатилов сыртқа қарай жөнелтіп жіберді. Енді таразыға салып көріңіз, қай команда басым ойнады?
Екінші таймда да алаң иелері тыным таппады. Дидар Жалмұқан, Данило Сирино, Сергей Хижниченко, Абат Айымбетов, несін айтасыз, бір гол соғудың мүмкіндіктері жеткілікті-ақ болды. Бірақ ойын тағдырын 81-минут шешті. Абзал Бейсебеков әлдебір шеберлікпен допты біздің жігіттердің аяғынан қағып түсті да, айып алаңына әуелете тастады. Рохер Каньяс қателескен жоқ — 0:1.
Кездесу осы есеппен аяқталды.
Рас, ойыннан кейінгі жедел сұхбат барысында «Астананың» бас бапкері Станимир Стойлов: «Расын айтсам, біздің ойынымыз маған ұнаған жоқ. Біздің команда бүгін мығым ойнады деп айта алмаймын», — деді. Және бұл әңгімесін: «Бүгін нәтиже оңды болды», — деп қорытты. Нәтиже, әрине, «Астана» үшін оңды болғаны айтпаса да түсінікті.
«Ақтөбе»-«Астана» — 0:1
Гол авторы: Рохер Каньяс, 81-минут (0:1).
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Сергей Покатилов, Юрий Логвиненко, Андерсон Сантана, Чиприан Дяк, Дидар Жалмұқан (Абат Айымбетов, 86-минут), Артурас Жулпа, Валерий Коробкин, Евгений Левин, Маркос Пизелли (Данило Неко, 65-минут), Асхат Тағыберген, Сергей Хижниченко (Данило Сирино, 73-минут).

Басқа кездесулер

«Ордабасы»-«Қайрат» — 0:0
«Ертіс»-«Атырау» — 2:0
«Тобыл»-«Жетісу» — 1:3
«Шахтер»-«Оқжетпес» — 0:0
«Қайсар»-«Тараз» — 0:0

ОЙЫН КЕСТЕСІ

1-6 орындар

Командалар О Ұ Т Ж Д Ұп

1 Астана 23 13 7 3 41-19 25
2 Қайрат 23 13 6 4 43-14 23
3 Ақтөбе 23 12 8 3 27-13 22
4 Атырау 23 9 10 4 25-21 19
5 Ордабасы 23 9 9 5 21-18 19
6 Ертіс 23 8 9 6 28-23 18

7-12 орындар

7 Оқжетпес 23 8 3 12 24-33 14
8 Тараз 23 7 4 12 17-25 13
9 Тобыл 23 7 4 12 23-35 13
10 Жетісу 23 5 5 13 20-33 12
11 Шахтер 23 5 4 14 16-38 10
12 Қайсар 23 3 9 11 12-25 10

*О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

1:0 есебі 30 рет қайталанды

Чемпионат басталғалы 138 кездесу өтті.
62 рет алаң иелері жеңсе, 37 рет қонақтар жеңді, 39 кездесу тең есептермен аяқталды.
Барлық кездесулерде қақпаларға 297 доп енді, әр ойында орта есеппен 2,15 гол соғылды.
Алаң иелері 174 гол (әр ойында 1,26 гол) соқса, қонақтар 123 доппен (әр ойында 0,89 гол) жауап қайтарды.
Ең көп (30 рет) қайталанған есеп — 1:0.
Мергендер көшін 18 гол салған Жерар Гоу («Қайрат») бастап тұр.

«Ақтөбенің» мергендері:

Сергей Хижниченко (шабуылшы) — 8 гол;
Дидар Жалмұқан (жартылай қорғаушы) — 4;
Маркос Пиззелли (жартылай қорғаушы) — 4 (1);
Данило Сирино (шабуылшы) — 2;
Данило Неко (шабуылшы) — 2;
Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 1;
Айоделе Аделейе (қорғаушы) — 1;
Алексей Антонов (шабуылшы) — 1,
Абат Айымбетов (шабуылшы) — 1;
Асхат Тағыберген (жартылай қорғаушы) — 1;
Виктор Дмитренко (қорғаушы) — 1;
Валетий Коробкин (жартылай қорғаушы) — 1.
«Ақтөбе» өз алаңымыздағы 12 ойында 5 рет ұтып, 5 рет тең ойнады, 2 рет ұтылды. Сырт алаңдағы 11 ойында 7 рет ұтып, 3 рет тең түсті, 1 рет ұтылды.

24-тур ойындары

24-турда, 23 тамызда, жексенбі күні «Ақтөбе» өз алаңымызда Шымкенттің «Ордабасы» командасын қабылдайды.
Басқа кездесулер:
22 тамыз, сенбі
«Астана» — «Атырау»
Бұл кездесу «Астананың» Чемпиондар Лигасындағы 18 тамыз күнгі кездесуіне байланысты кейінге (28 қазанға) қалдырылды.
23 тамыз, жексенбі
«Қайрат» — «Ертіс»
Бұл кездесу «Қайраттың» УЕФА Еуропа Лигасындағы 20 тамыз күнгі кездесуіне байланысты кейінге қалдырылғаны жөнінде мәлімет мақала әзірленген шақта түсе қойған жоқ.
«Жетісу» — «Тараз»
«Оқжетпес» —«Қайсар»
«Тобыл» — «Шахтер»

Ертай АШЫҚБАЕВ.

УЕФА

«Астананың» жеңісін
30 мың жанкүйер тамашалады

Сейсенбі күні Чемпиондар лигасы іріктеу бәсекесінің төртінші кезеңіндегі бірінші кездесуінде «Астана» жеңіске жетті.
Алғашқы голды жерлестеріміз 4-минутта-ақ тоғытып жібере жаздады. Әттең, Георгий Жуков қақпа діңгегіне таяу маңға тастаған әдемі пасты Таңат Нөсербаев голға айналдыра алмады, кипрлік қақпашы Бой Ватерман қақшып түсті. Ал 14-минутта Фокси Кетевоама керемет дәлдікпен жолдаған допты Бауыржан Жолшиев ысырап кеткен жоқ, баспен соғып, жібек торды бүлк еткізді — 1:0. Бірақ сол Бауыржан 28-минутта қарсыластардың сәтсіз әрекетінен соң тура қақпаның алдында аяғына орала қалған допты осылай пайдалана алмай қалды, мұндай тегін сыйды күтпеді ме, әйтеуір, тура қарсы алдындағы қақпашыны «көздеді».
Жалпы бірінші таймның орта шеніне таман «АПОЭЛ»-дің бір қауіпті шабуылын астаналық қақпашы Неад Эрич шапшаң сейілткені болмаса, қонақтар кездесудің алғашқы бөлігінде тиімді жорықтар жасай алмай діңкеледі, әр талпыныстары құр жүгіріспен аяқталып отырды.
Дегенмен екінші таймды кипрліктер шабуылмен бастады және бұлар енді бұрынғы құр жүгіріске жүгінбей, нәтиже әкелерліктей сапалы қимылдарға көшті, астаналықтарды қорғанысты күшейтуге мәжбүр етті. Мысалы, 55-минутта Иньяки Астис оңтайлы соққы жасады, бірақ жерлестеріміздің бағына орай доп қиыс кетті. 62-минутта қонақтар орындаған тағы бір соққы қақпа діңгегінен бірер сантиметр ғана ауытқып, аман қалдық. Бірақ астаналықтар дес беруді тіпті де ойлаған жоқ. Әсіресе ойынның соңғы он минутында жерлестеріміз қарқынды тым күшейтті. Фокси Кетевоаманың голға лайықты екі соққысын кипрлік қақпашы асқан шеберлікпен қайтарып үлгерді. Бұл ретте біздің қақпашымыз Эрич те қателікке жол бермегенін атап өткен жөн.
Сонымен кездесу 1:0 есебімен аяқталды. Жеңіске жеткенімізбен, ойын уақытының 61 пайызында доп қонақтарда болғанын есепке алмасақ та болмайды. 25 тамыз күні Кипрде өтетін қарымта кездесуде «АПОЭЛ» футболшылары уақыттағы басымдықты ойын есебіндегі басымдыққа айналдырып жібермесін деңіз.
Оған тағы бір қосарымыз, астаналықтар екі кездесудің нәтижесінде жеңілген күнде де УЕФА Еуропа Лигасының топтық кезеңінде ойнай беретіндіктерін мүлдем ұмыта тұрғандары жөн. Дегенмен Астанадағы алғашқы тартыс біздің жігіттеріміздің артық өнер көрсеткенін жоққа шығара алмайды.
«Астана»-«АПОЭЛ» (Никосия, Кипр) — 1:0
Гол авторы: Бауыржан Жолшиев, 14-минут (1:0).
«Астана» төмендегі құрамда ойнады: Ненад Эрич, Марин Аничич, Бранко Илич, Евгений Постников, Неманья Максимович, Георгий Жуков (Абзал Бейсебеков, 85-минут), Фокси Кетевоама (Серікжан Мужиков, 90-минут), Дмитрий Шомко, Рохер Каньяс, Таңат Нөсербаев (Джуниор Кабананга, 68-минут), Бауыржан Жолшиев.
Бұл кездесуді 30 мың жанкүйер тамашалауы рекордық көрсеткіш болғанын еске сала кетеміз. Бұдан бұрын «Шахтер» — «Селтик» кездесуіне 29 950 жанкүйер жиналған екен.
* * *
Бүгін, 20 тамыз күні УЕФА Еуропа Лигасының төртінші іріктеу кезеңінде алматылық «Қайрат» сырт алаңда Францияның «Бордо» командасымен кездеседі.
Бұған дейін алматылықтар Сербияның «Црвена Звезда» (2:0; 2:1), Арменияның «Алашкерт» (3:0; 1:2), Шотландияның «Абердин» (2:1; 1:1) командаларын жеңген болатын.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button