Спорт

Воркоутшылар сайысқа түсті

Street Workout. Соңғы кездері жасөспірімдердің қызығушылығын тудырып жүрген жаңа спорт түрінің атауы. «Көше спортының бірі түрі» дейді жас спортшылар жаңа әуестіктері туралы. Турник пен брусья секілді спорттық тренажерлерде шиыршық айналатын воркоутшылар неше түрлі гимнастикалық қимылдар жасайды.
Өткен сенбі күні спорт күні қарсаңында қаламыздың 12-шағын ауданында жаңадан ашылған саябақта аталған спорт түрінен қалалық чемпионат өткізілді. Спорт додасы үшін бұл саябақтың таңдалуы да бекер емес. Өйткені осы саябақтағы түрлі спорт тренажерлерімен жабдықталған спорт алаңы ақтөбелік воркоутшылардың сүйікті орнына айналды.
— Бұл спорт бізге таяуда келді, екі-үш жылдың шамасындай болды. Енді ғана танылып, дамып келеді. Үстіміздегі жылы қала күнінде алғашқы жарысымызды да ұйымдастырып үлгердік. Міне, қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің қолдауымен спорт күніне орай тағы бір сайысымыз өтіп жатыр, — дейді осы спорт түрімен әуестенуші жерлесіміз Сергей Кравченко.
Сергей биыл мектепті тәмамдап, білімін қаламыздағы кәсіп беру колледждерінің бірінде жалғастыруды жоспарлайды. Оның айтуынша, Street Workout АҚШ пен Колумбия елдерінен тараған. Олар алғашында бұл спортты интернет арқылы тамшалаған. Уақыт өте келе жаттығуларды іс жүзінде орындауға көшкен. Қаламызда жаңа спорт түрін дамыту мақсатында команда жинауға кірісіпті. Бүгінде олардың саны 30 адамнан асады. «Біз салауатты өмір салтын ұстануды насихаттаймыз. Қызығушылық танытқан барлық жастарды шақырамыз. Біздің арамызда әр түрлі мектептен, әр түрлі ауданнан келген мектеп оқушылары, мектепті бітірген жастар бар», — дейді Сергей. Ол сонымен қатар, бәсеке алдында қобалжып тұрғанын да жасырмады.
— Бүгін өткізіліп отырған қалалық Street Workout чемпионатына 20-дан астам адам қатысуға тілек білдірді. Жарыстың мақсаты — қаламыздағы жасөспірімдерді жаппай спортпен шұғылдануға шақыру, спортты насихаттау. Осы спорт түрінің дамуы үшін қаламызда жұмыстар жасалып жатыр. Осы 12-шағын аудандағы саябақта арнайы турниктер мен брусьялар алаңы тұрғызылды. Мұндай алаңды демеушілердің қолдауымен енді орталық саябақта да тұрғызбақшымыз, — дейді қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің жетекші маманы Біржан Мұсаев.
Қалалық чемпионаттың жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бірінші орынның иесі Samsung маркалы смартфонмен марапатталса, екінші орынды алғанға Airshop маркалы кроссовка, үшінші орынның иесіне спорт тауарлары дүкенінде 5000 теңгеге жеңілдікпен сауда жасау құқығын беретін сертификат табыс етілді.

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button