Білім

Жаңа оқу жылына – жаңа серпінмен

Қазақстан Республикасының Конституциясы күні облыстың білім беру саласы қызметкерлері үшін қос мерекеге айналды. Өйткені бұл күні көптеген білім беру саласы үздіктерін ерекше марапаттаулар күтіп тұр еді.

Облыс әкімдігі ғимараты алдындағы алаң таңертеңнен мерекелік салтанатқа ие болды. Ең бастысы, мұнда жиналған жұртшылық үлкен монитор арқылы Астанадағы шеруді тамашалады.

Содан кейін жиналғандар алдына шыққан облыс әкімі Елеусін Сағындықов ел тарихындағы елеулі кезеңдер туралы айта келіп, көпшілікті Конституция күнімен құттықтады.

Салтанатты сәт үш адамға «Ақтөбе облысына еңбегі сіңген қайраткер» атағын берумен басталды. Олардың қатарында соғыс және еңбек ардагері Владимир Финютин, облыстық Алға балалар үйінің директоры Кенжеғазы Байғазин және Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әншісі Гүлсім Рахметова бар еді.

Бүгінгі жиынның бір ерекшелігі – облысымызда алғаш рет облыс әкімінің қолдауымен өткізілген педагогикалық жетістіктер марафон-конкурсының жеңімпаздарын марапаттау болатын.

Облыс әкімі әрқайсысы он мектепке – отыз мектеп директорына «Үздік инновациялық мектеп», «Үздік жалпы білім беретін мектеп», «Үздік жалпы орта білім беретін шағын жинақталған мектеп» атақтарының сертификаттарын тапсырды. Сондай-ақ облыс бойынша 605 ұстаздың «Облыстың ең үздік мұғалімі», 294 ұстаздың «Облыстың ең үздік сынып жетекшісі» атағын иеленгендігі хабарланды. Бұл реттегі сертификаттар иелеріне табыстау рәсімін өткізу үшін қала және  аудан әкімдеріне берілді. Олар бұл рәсімді бірден орындауға көшті.

Облыстық мектеп-интернаттық ұйымдардың үздік ұстаздары да бұл күні ерекше құрметке ие болды. Облыс әкімі М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың, облыстық мамандандырылған физика-математикалық мектеп-интернаттың, Ақтөбе қазақ-түрік лицей-интернатының ұжымдарына сыйлықтарды өз қолымен тапсырды.

Жиын кезінде №1 Бадамша мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Любовь Таранец, Ақтөбе қаласындағы №30 орта мектептің сынып жетекшісі Шынар Сақыпова, соғыс және еңбек ардагері Владимир Финютин сөз сөйлеп, көпшілікті Конституция жемістерімен құттықтады. Алаңдағы салтанат әсем әуенге ұласты.

… Сонымен, ұстаздар жаңа оқу жылына жаңа серпінмен кірісті. Оларға жасалған ерекше құрмет пен марапаттар сөз жоқ, оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру жолындағы жақсы істерге бастау болары сөзсіз.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button