Әлеумет

ҚҰПИЯ СОҒЫСТЫҢ ҚАҺАРМАНДАРЫ


Алдағы сенбі күні 1979-1989 жылдар аралығында Ауғанстан жеріндегі шайқасқа қатысқан сарбаздар кеңес әскерінің жат жерді босатқандығының 20 жылдығын атап өтпекші.

Әрине, бұл майданның көлеңкелі тұстары әлі жетерлік. Мәселен, қаза тапқан жауынгерлердің табыты арқылы Кеңес Одағына талай «бәленің» тасымалданғандығын да жоққа шығарушылар аз. Хабарсыз кеткен жауынгерлердің тарихына қатысты жұмбақ деректер де көп.

Алайда кез келген соғыстан сол зұлматқа қатысы бар кейбір мемлекеттердің пайда табары анық. Бірақ оның сыртында қымбат қазынаға баланатын адам тағдыры тұр емес пе?

Он жылға созылған осы соғыстың қаһармандарының тағдырына қарап-ақ сол кездегі саяси ахуалды, әлеуметтік жағдайды және қоғамның бетбұрысын байқауға болатын сияқты.

Қазақстаннан осы соғысқа аттандырылған сарбаздардың бірі хромтаулық Талғат Мүсірепов қан майданнан І топтағы мүгедек болып оралды. Біз осындай тағдырларды баяндау арқылы тарих қатпарына үңілгенді жөн көрдік.

«ЖАҚСЫ СӨЗ – ЖАРЫМ ЫРЫС»

Қазіргі Хромтау, бұрынғы Новоресей ауданының «Қызыл қайың» кеңшарында дүниеге келген Талғаттың соғысқа тап болуы бір қарағанда кездейсоқ жағдай сияқты. Шал-кемпірдің жалғызы мектеп бітірер тұста ауған жерін соғыс шарпыды. Балапан мұрты тебіндей бастаған бозбаланың қиялында тек қолына қару алу мақсаты тұрды. Жат жердегі зұлматтың саяси астарын түсінетін ой қайда? Расында да…Талғаттың аузына құдай салғандай, мектеп бітірісімен әскерге алынып… мүгедек болып оралды.

1984 жылдың күзінде Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге шақырылған Талғат Мүсірепов алдымен Отар қаласындағы оқыту орталығында алты айдай шыңдалды. Аузынан от шашар суық қарумен танысқаны да осы жер. Жан-жақтан жинақталған өрімдей сарбаздар осы арадан тікелей Талдықорған қаласына жіберіліп, жаңадан құрылған Орта Азиялық округтің сапында ауған жеріне кете барады.

Мектеп қабырғасындағы алған жүргізушілік куәлігі Қандағарда кәдеге асты. Енді тракторшыдан танкішіге айналып, батальон командирін тасымалдау сеніп тапсырылғанда қуанғаны есінде. Ол командирін кәсіби механик-жүргізуші ретінде шынжыр табанды тұлпарымен талай қыспақтан алып шықты. Бірақ бұл топты өкшелеген сәтсіздік ұзақ күттірмеп еді. Кезекті тапсырмаға орай Қандағар түбіндегі шағындау қышлақты «тазартып» шыққан кеңес жауынгерлері кейін қайтар жолда дұшпандар көмген минаға тап болып, жолдастарынан, яғни Талғаттан айрыла жаздады.

ЖАРЫЛЫС ПЕН ЖҮРЕК

Межелі жерге жақын қалған тұста ол мінген «тажалдың» темір тұяғы танкіге қарсы қолданылатын минаны таптап, бұлар мінген шағын ғана танкі күл-талқан болды. Жүргізушінің табан тұсынан жарылған минаның қуаттылығы соншалық, Талғаттың бір аяғы сол сәтте-ақ денесінен бөлектеніп қалған еді. Ал жанындағы басшысы дін аман.

Есін жиған сәтте көрген адамы – жерлес қаруласы Мәдениет Нұғыманов. Ауыр жараланған жолдасына бірінші болып жеткен Мәдениет одан кейінгі жағдайды былай баяндайды:

– Талғат минаға тап болып, аяқтан айрылғанда біздің батальонда көзіне жас алмаған жан жоқ. Ол оқиға куәгерлері әлі күнге Талғаттың тағдырына алаңдаулы. Мысалы, интернет арқылы сөйлесіп тұратын алыс-жақын шетелдергі қаруластарымның көпшілігі алдымен Талғаттың жайын сұрайды. Әрине, соғыс шығынсыз болмайды. Бірақ көрші бөлімшелердегі қайғылы оқиғаларға аса езіле  қайғыра қоймағандығымыз да рас. Ал өз батальонымыздағы өз жерлесіміздің ауыр жаралануы қатты әсер етті. Оны бірінші болып орнынан көтеріп алып, зембілге салғандардың бірі де өзім. Сосын жаралы жігітімізді ауруханаға дейін апаруға бұйрық алдым. Жанымдағы әскерге жаңа алынған Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданынан келген Нұрлан Медекенов жолшыбай көз жасын тыя алған жоқ. Тіпті, ызаға булыққаны соншалық, жолай кездескен ауғандықтардың автобусына оқты боратып жібергені бар. Дереу  қаруын тартып алып, шапалақпен тартып жіберуге тура келді. Әйтпесе бейбіт тұрғындардың өлімі үшін сотталып кететін едік. Ең сорақысы алда екен. Бір аяғы жұлынып, екінші аяғы сіңіріне ілігіп тұрған жігітті госпитальдағы дәрігерлер жарасының орнын тазартудан жиіркенгені есімде. Амал жоқ, аяғындағы, бетіндегі қанды өз қолыммен тазартуға тура келді. Сол кезде жаңағы Нұрлан ақ халаттылардың әрекетсіздігіне ашуланып, біреулерін сабап тастады. Сол сәтте жетіп үлгерген қарауыл бізді қамап тастауға алып бара жатқанда, бұрын осы емханада жатқанымда танысқан госпиталь бастығы кезігіп қалып, жолымыз болып кетті. Мен оған болған жайды баяндап, жараланған жігітпен бірге оқыдым деп алдауға тура келді. Сөйтіп, қапастан құтылдық…

Ал Талғат операция кезінде жанында тұрғанымды қалады. Бірақ госпитальдың тәртібі бойынша алдымен офицерлерге қызмет көрсетілетін болғандықтан, аз-кем жарақаты бар бір басшыға ота жасалуын күтіп тағы біраз бөгелуге тура келді.

Сонымен не керек, Талғаттың өтінішімен мен де операцияға қатыстым. Сол сағаттарда қолымда тас қып қысқан Талғат өз қанының тобын жаңылмауды сұрап, қайталай берді. Кейін білсек, Талғаттың ағзасындағы қан толайым таусылып, тек жүректе ғана өмір нәрі қалған екен. Ал сіңіріне ілінген екінші аяқты қанның бұзылуынан сақтану үшін кесіп тастаған.

Бұл сәттер біздің кейіпкеріміздің есінде әлі кешегідей. Қиналған, жан беріп, жан алысқан сәттер де ұмытыла қойған жоқ.

– Тіпті, жүйке талшықтарының сақталғаны соншалық, кейде аяғымның башпайлары қышитындай әсер береді, – дейді Талғат. Сәтті жасалған операциядан кейін Ташкенттегі әскери ауруханалардың біріне жеткізілген хромтаулық жігіт ол жердегі жемқорлықтан әрең қашып құтылғандай болған. Ала шапанды ағайындар елінде ақысын төлемесең, тегін дәріні егуді де ұмытады екен. Сонан соң өз өтініші бойынша арнайы ұшақпен Самараға жеткізілген Талғат Мүсірепов сол облыстың ауруханасында бақандай он ай емделеді.

ҮШ ҚУАНЫШ

Біріншісі – ата-анасымен аман сау қауышу. Бүгінде жасы сексеннің сеңгіріне шыққан Ақбас ақсақал үшін баласының әскердегі және одан бергі емделгендегі уақыты бір ғұмырына жетерлік мерзім болғандай әсер еткен рас. Анасы да күн сайын құмалақ салдырып, жалғызының тілеуін тілеп отырғандағы үміті де ақталды. Әскери өмірге бар-жоғы алты айдай уақытын арнаған ұлдарының бірінші топтағы мүгедек болса да, тірі оралуы қарияларға зор медеу болды.

– Менің қатарымның көбі Ауғанстанға тап боларын білген жоқ. Қазіргі кітаптарда жазылып жүргендей, соғысқа өз еркімен сұранып барушылар жоқтың қасы еді, – дейді Талғат.

Елге оралған соң жасанды аяқ салдырғанымен, ағаш қалып аяғының тұқылын қажап шыдатпаған соң, лақтырып тастайды. Кейінгі заманауи материалдан жасалған «аяқ» та қолайына жақпай, жасанды аяқ атаулымен біржола қоштасады.

Екінші қуаныш – мемлекет пен ел азаматтарының бағалауы. Сол қайғылы оқиғадан кейін жауынгерлік «Қызыл ту» орденімен марапатталған Талғат бұл награданы үйіне оралған соң ғана алған. Қазір бұндай орден еліміз бойынша Ауған соғысына қатысқан бес жауынгерде ғана бар. Алайда Т. Мүсіреповке ауылдастарының, атап айтқанда, сол кездегі кеңшар басшысының көрсеткен ықыласының орны тіпті бөлек. 19 жастағы жігіттің Отан алдындағы борышын өтеу кезінде қос аяғынан айрылғанын естіген ел ағалары жауынгер үшін бар қамқорлығын аямапты.

– Менің мүгедек атанғанымды естіген кеңшар директорының сол кездегі көмегіне әлі күнге ризамын. Мен келердің алдында ауылдағы тоқал үйіміздің айналасын цементтетіп, арнаулы арбаның дөңгелегі құмға батпайтындай етіп тегістепті. Үйге бір ошақтан жылытылатын пеш орнатылып, дәретхана мен жуынатын ванна да жарымжан жанның қолайына келетіндей етіп жабдықталыпты. Тіпті, есік алдына белтемір де орнатылған екен, – дейді Талғат ризалық кейіппен.

Кейіпкеріміздің үшінші қуанышы – отбасылы болуы. 19 жасында арбаға таңылған жігіттің таңдауы Қарабұтақ өңірінің сұлуына түсіп, екі жас тағдырдың тәлкегіне де мойынсұнбай, шаңырақ құрды. Қазір бұл отбасы айналасына жылуын шашқан берекелі өмір кешіп жатыр. Екі баланың үлкені – ұлы – он сегізде, кішісі – қызы – он жетіде.

ПӘТЕР МЕН КӨЛІК

Кейінгі кездері Т. Мүсірепов тұрақты жұмысқа араласпағанымен, жауынгер-интернационалистердің белсенділерінің бірі. 11-шағын аудандағы көп пәтерлі үйлердің бірінің бұрынғы жауынгерлерге берілуіне де үлес қосты. Өзі де ауыл тірлігіне араласа алмайтындықтан, 1994 жылы облыс орталығына қоныс аударып, аталған үйден пәтер алады. Алайда соңғы үш-төрт жылдықта лифті шаруашылығы тоқыраған соң сыртқа шығуы қиындап, тар дәлізде арбамен түсу машақатқа айналған соң, пәтерін жер үйге ауыстырып алады.

– Қазір-кіріп шығуым жеңілдеді. Жазда қолыма күрек, тырма алып бау-бақшамнан шықпаймын. Тіпті, жазда үйректің балапандарын алып бағып, күзге дейін семірген соң құс етіне қарық боламыз. Былтыр үйіме біздің қоғамның төрағасы салқын су құбырын жүргізіп берді. Ендігі жетпей тұрғаны – монша. Соны салуға демеушілер табылса, нұр үстіне нұр болар еді. Үйде ыстық су да жоқ. Әйтеуір, облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың ТМД көлемінде кездеспейтін ерлігі арқылы коммуналдық төлемдерден құтылғандығымызға разымыз. Әйтпесе мынадай заманда мен сияқты жарымжан жандардың күні не болмақшы? Қазір үйдегі төрт адам менің зейнетақыммен ғана күнелтіп отырмыз. Балалар – оқуда, әйелім – жұмыссыз. Оның үстіне, өткен жылы банктердің табалдырығын алты ай тоздырып жүріп, несие арқылы автокөлік сатып алғанмын. Кірістің тең жартысы соны жабуға кетеді. Қазір жолаушы тасымалдағаннан да түсетін табыс мардымсыз. Енді жас та немесе сүйегім сырқыраған кәрі де болмаған соң қиын екен, – дейді Талғат Мүсірепов.

Серік ӘБДІБЕК.

АУҒАН СОҒЫСЫ ХРОНИКАСЫ

1978-1979 жылдары КСРО мен Ауғанстан арасында 75 келісімге қол қойылды. Кеңестік 4500 кеңесші Ауғанстанда жұмыс істеуге аттанды.
Наурыз – КСРО басшысы Л.И. Брежнев пен Ауғанстан үкіметінің басшысы Н.М. Тараки кездесті.
5 мамыр – Түркістан әскери округінде «Мұсылман батальоны» жасақталды. Оған тек Орта Азиялық жастар алынды.
Қыркүйек – Кабулға КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің арнаулы тобы «Зенит-2» жеткізілді.
14 қыркүйек – Ауғанстан президенті Хафизулла Әминнің бұйрығымен Тараки тұтқындалып, артынша өлтірілді. Бұл уақыт арасында Әминнің жарлығымен өлтірілгендердің саны 50 мыңға жетті.
3-14 желтоқсанда – «Мұсылман батальоны» Баграм авиабазасына тасталды.
Желтоқсан басында оппозиция құрамында қарулы 40 мың адам болды. Олар Ауғанстанның 12 өлкесінде жаңа үкіметке қарсы ұрыс жүргізді.
12 желтоқсан – Саяси бюро жиынында Ауғанстан Демократиялық Республикасына әскер енгізу жөнінде шешім қабылданды.
25 желтоқсан – КСРО әскері мемлекеттік шекараны бұзып, Ауғанстан жеріне өтті.

АДАМ ШЫҒЫНЫ:

1979 жылы кеңестік әскер 86 адамынан айрылса,

1980 жылы – 1484,

1981 жылы – 1298,

1982 жылы – 1948,

1983 жылы – 1446,

1984 жылы – 2343,

1985 жылы – 1868,

1986 жылы – 1333,

1987 жылы – 1215,

1988 жылы – 759,

1989 жылы – 53 сарбазынан айрылды.

…сонымен қатар:

Ауғанстанда КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) 585 адамы, КСРО Ішкі істер министрлігінің 28 қызметкері және 180 кеңесші қазаға ұшырады.

Жыл сайын Ауған соғысына КСРО қазынасынан 5 миллиард рубль жұмсалып отырды.

КЕШЕГІ КҮННІҢ ЕЛЕСІ…

Әскерге шақырылғанша жүргізуші болған Роман  Тасқынбаев Өзбекстанның Самарқанд қаласында дайындықтан өткізетін үш айлық оқу орталығында болып, 1986 жылдың 1 тамызында интернационалдық борышын өтеу үшін Ауғанстан жеріне аттанды. Ол әскери міндетін Кабул қаласында орналасқан автокөлік жүргізу ротасынан бастады.

Роман өзінің алғашқы жолсапарын әлі де ұмытқан емес. Бұл күні Романның колоннасы Кабул қаласынан 200 шақырым жерде орналасқан Газни елді мекеніндегі әскери бөлімге оқ-дәрі апаруға аттанды. Жол үстінде оқ-дәрі әкеле жатқан колонна жау оғының астында қалды. Дер кезінде көмекке келген әуе күшінің арқасында ғана 41-ші колонна жолдың қалған бөлігін аман-есен жүріп өтті. Ал жақын жерге құрылыс материалдарын апаруға аттанған 42-ші колонна жол бойында шабуылға тап болып, колоннадағы отызға жуық жауынгердің бәрі мерт болды. Өрімдей жастар елдеріне «Груз-200» табытымен жеткізілді. Бұл күн қалай ұмытылсын?!

Тағы бір оқиға есінде. Жолсапар барысында жолдан ауытқымай жүру қажет. Себебі жолдан сәл ауытқып кетсең, минаға тап болуың әбден мүмкін. Бірде Құндыз поселкесіне жолсапарға шыққанда Роман мінген машинаның алдындағы көлік жолдан ауытқып, минаға түсіп жарылды. Осы жарылыста Роман контузия алып, Құндыз қаласындағы санитарлық бөлімде емделді. Кейін әскери міндетін елге оралғанша осы қалада жалғастырды.

Түрлі ұлт өкілдері шоғырланған ауған жерінде Роман қазақтармен жиі араласыпты. «Олар қазақы салт-дәстүрдің қаймағын бұзбай сақтаған, тек тілдерінде ғана сәл өзгешелік, өздеріне тән диалектілері бар», – дейді ол.

Елге оралғаннан кейін Роман Қарағанды мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, заңгерлік мамандық алып шықты да, әуелі Ақтөбе облыстық прокуратурасында ауыр қылмысты тергеу бөлімінде аға тергеуші, кейін Қандыағаш стансасы теміржол мемлекеттік тергеу комитетінің тергеу бөлімінің бастығы болды. Ал тергеу комитеті таратылғаннан кейін жеке кәсіпкерлікпен айналысты. Жары Айнагүлдің де өз кәсібі бар. Тек көңілге қаяу… аяулы үш қыздарының бірі жуырда көлік апатынан қаза болды.

Он сегіз жасында қаруластарының қазасын көріп, от пен оқтың ортасынан оралған Роман сол соғыс туралы бүгінде мүлдем басқаша ойлайды. «Ол кезде бұл жорықты патриоттық сезіммен интернационалдық борышымыз деп ойладық. Ал бүгін… өткен күннің бояуы көмескіленген сайын шындығы да айқындала түсетіндей», – дейді Ауған соғысының ардагері.

Бану ЖАРТИНА,

Мұғалжар ауданы.

ЖАУЫНГЕРЛЕР

1979 жылғы 25 желтоқсанда Мәскеу уақыты бойынша 15.00-де КСРО Қорғаныс министрінің бұйрығымен Ауғанстанға кеңес әскерлерін енгізу басталды. Командирлер: «Бұл қысқа мерзімдік акция, тапсырманы орындаймыз да кетеміз», – деді. Бірақ «акция» тоғыз жылдан астам уақытқа созылды. КСРО басшысы, КОКП-ның бас хатшысы Л. Брежнев бастаған Кремльдегі топтың 1979 жылғы бұл шешімін, әрине, әрқилы бағалауға болады.

Ауғанстанға кеңес әскерлерінің енгізілуі оппозициялық қозғалыстың күшеюіне және елдегі шиеленістің қатты ушығуына әкеліп соқты. Ауған оппозициясының отрядтарына қарсы ұрыс қимылдарына кеңес әскерлерінің қатысуы Ауғанстандағы соғысқа ұлт-азаттық қозғалыс  сипатын берді.

1978 жылы сәуір айында Ауғанстанда төңкеріс болып, оның арты қантөгіс соғысқа айналды. Бұл қасірет елдің тек өз ішінде ғана емес, сонымен қатар оған сырт мемлекеттердің қатысуымен де ерекшеленеді. 10 жылға жуық уақытқа созылған соғысқа ресми дерек бойынша  22 мың қазақстандық қатысты.

Ауған алапатын көзбен көрген, тіпті, ауыр жараланып, соғыста мүгедек болып оралған жауынгер жерлестеріміз Нағашыбай Темірғалиев және Құралбай Қармысовтарға бірер сауал қойған едік.

– Зұлмат соғыстың зардабы қаншалықты есіңізде?

Нағашыбай Темірғалиев:

– Бұл соғыс адамзат тағдырына төтен қасірет әкелгені белгілі. Отан алдындағы борышымды өтеп жүрген кезімде Отан үшін от кешу, қайда жұмсаса, сонда бару азаматтық борышым деп есептедім. Оның үстіне, ол кезде Ауған соғысының сипаты туралы бізге жөнді түсінік берілген жоқ. Сондықтан Отан алдындағы парызымды өтедім ғой деп ойлаймын.

Құралбай Қармысов:

–  Қазіргі бейбіт заманда соғысты әсте еске алғым келмейді. Жадымнан біржола өшіргім де келеді. Сол соғыс қазір көзді ашып-жұмғанша өте шыққан секілді. Бірақ ол кезде оққа ұшқан адамдарды көріп «ертеңгі күніміз не болады, өлеміз бе әлде тірі қаламыз ба?» деген күмәнмен талай таңды ұйқысыз қарсы алған болатынбыз.

– Ауғанстанның қай жерлеріндегі соғыс қимылдарына қатыстыңыз?

Нағашыбай Темірғалиев:

– Мен әскер қатарына шақырылғанда  жасым 18-ге енді толған бозбала едім. Қарапайым әскери бөлімшеден қызу ұрыс даласына бір күнде жеткізді. Әрине, жоғарғы жақтың шешімін орындау – парыз. Сондықтан да Кабул қаласының маңында бірге шайқасқан жолдастарым Отан үшін қасық қаны қалғанша күресуге даяр еді. Бұйрықты орындау барысында көптеген жолдастырымыз шейіт болды.  Ең ауыр шақтар бірге жүріп, басында бір нанды бөліп жеген жолдастарымыздың  бір сәтте оққа ұшып, өмірімен қош айтысып жатқан кездерін көру еді.

Құралбай Қармысов:

–  Ол уақытта не бары 20 жаста едім. Дивизия штабында қағаз жазушылық (писарь) қызметімді місе тұтпай, соғысқа сұрандым. Негізінен, біздің бөлімше Саланг асуындағы 8 метрлік жер асты өткелін күзетті. Ара кідік жорықтардан да тыс қалған емеспіз.

Менің де айтарым, соғыста қарулас достармен, қатар-құрбымен бүгін бірге болып, бір қазаннан бір қасықпен ас ішіп, ойнап-күліп отырасың, ертеңіне тіпті қас-қағым сәтте одан айрылып қалуың оп-оңай еді. Нағыз қасірет те, қайғы да осы!

P.S. Міне, жауынгерлер айтқан әңгіменің төркіні – осы. Соғыс – түсі суық ажал, орны толмас ауыр қасірет. Сол қасірет оралмасын!

Ботагөз АБАШЕВА,

Қарауылкелді орта мектебінің

11-сынып оқушысы.

Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button