Білім

ҰБТ: интернет жүйесі, жеке код

Елбасы Н.Назарбаев білім мен ғылымды республикамыздың стратегиялық даму бағыты ретінде айқындап, еліміздегі білім беру саясатының мақсаттары мен міндеттерін нақты айқындап берді. ҚР білім беру жүйесін жетілдіру және оны сапалы деңгейге көтеру мақсатын көздейтін мемлекет саясаты отандық білім саласын әлемдік білім кеңістігіне кірістіруге бетбұрыс жасады. Бұл мәселеде білім беру нәтижесі мониторингінің маңызы зор.

Мектеп бітіруші түлектердің білім жетістігінің қорытынды тексеру мен бағалаудың 2004 жылдан бері қолданылып келе жатқан тиімді формаларының бірі  — ұлттық бірыңғай тестілеу. Тест  —  сынау, зерттеу, байқау деген сөзден шыққан. Тестілеудің басты мақсаттарының бірі — көпшіліктен бір мезгілде, бірдей талаптар негізінде емтихан қабылдау, әділ, тәуелсіз бағалауды қамтамасыз ету.

Соңғы жылдары тестілеу жүйесін жетілдіру бағытында бірнеше елеулі өзгеріс жүзеге асты: математика және жаратылыстану ғылымдары пәндері бойынша логикалық сипаттағы тест тапсырмаларының базасы жасақталып, 2012 жылдан бастап, математика пәні бойынша осындай тапсырмалар бірінші рет қолданылды. Жыл сайын осы бағыттағы тапсырмалар саны біртіндеп көбейтіліп, келешекте басқа пәндерге де енгізу жоспарланып отыр.

ҰБТ-ны екі кезеңге бөліп өткізуге дайындық жүруде: бірінші кезең — орта мектепті бітірудегі білім сапасын тексеру үшін, екіншісі —  жоғары оқу орындарына қабылдау үшін, бұл тестілеуде жоғары оқу орындарында оқу мен жеке мамандықтардың  ерекшеліктері толық ескерілмек. Биылдың өзінде осы бағытта алғашқы қадам жасалды. Мектеп бітірушіге пән бойынша қорытынды баға қоярда тест нәтижесімен қатар оқушының бүкіл оқу мерзімінде көрсеткен білім сапасы да ескеріледі. Бұл түлектердің білімін тестілеу арқылы бағалау барысында кездесетін кейбір олқылықтарды болғызбауға ықпал етеді. Мысалы, 11 жыл бойы жоғары білім сапасын көрсетіп келген оқушылардың тестілеу барысында әртүрлі объективті, субъективті себептерге байланысты (психологиялық көңіл күй, жауап дөңгелекшесін шатастыру, т.б.) бір пәннен 1-2 балы жетпегендіктен «Алтын белгі» иегері бола алмай, күйзеліске ұшырауының алдын алуға мүмкіндік берді.

Тест нәтижесіне байланысты ақпараттардың бүкілхалықтық талқылау объектісіне айналып, оқушы психикасына кері ықпал етпеуі үшін тиісті мәліметтің мүдделі тұлғаларға жетуіне интернет жүйесін, тестілеуге қатысушының жеке кодын пайдалану да тәжірибеге енеді.

Мектеп, колледж түлектерінің білімін тексеру мен бағалауды ұйымдастыруда өзіндік орны бар жеке құрылым — ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пункттерінің (ҰБТӨП) санын көбейту, материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында да жұмыстар жоспарланып жатыр. Ақтөбе қаласындағы №714 ҰБТӨП мектеп түлектерімен ҰБТ ұйымдастыру және өткізуге байланысты жұмыстарды уақытында, белгіленген кестеге сай өткізіп келеді. Тестілеуге қатысатын оқушылар тізімі, аудиториялық қор нақтыланып, техникалық тұрғыдан талапқа сай жабдықтау мәселелері толық шешілді. ҰБТ-ны ұйымдастыруға және өткізуге жауапты тұлғалар кандидатуралары өкілетті органдардың бекітуіне ұсынылып, қажетті топтар құрылды. Ата-аналар, оқушылар арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, тиісті құжаттар толтырылды. Сонымен қатар түлектердің ҰБТ-ға дайындығын тексеру, білім сапасының мониторингін анықтау мақсатында жыл басынан бері байқау тесттері өткізіліп, нәтижелері мектеп ұжымымен талданды, тиісті шаралар қабылданды.

Дегенмен оқушыларда тесттің білім сапасын тексеру және бағалау қызметіне баса көңіл бөліп, оның түзетушілік мәнін ескермеуі байқалып жүр. Сондықтан тест нәтижесіне байланысты сұрақтарға талдау жасау, әр пән бойынша өз біліміндегі олқылықтарды анықтау, олардың орнын толтыруға бағытталған жеке білімін жетілдіру жоспарын жасау, өз бетінше байқау сынағына қатысып, жұмыстарының нәтижесін бақылау сияқты жүйелі әрекет ететін оқушылар саны әлі де болса аз. Білім сапасы — қоғамның, әр отбасының, әр ауылдың, әр қаланың және бүкіл елдің өсіп-өркендеуінің негізі, «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асырудың басты тұғыры. Сондықтан білім сапасын тексеру мен бағалаудың қазіргі қолданыстағы тәсілі —  ҰБТ-ны тиімді ұйымдастыру мен өткізу үшін ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу пунктерімен берлескен әрекетке шақырамыз.

 

 

Жасұлан ТҰРСЫНБАЕВ,

 №714 ұлттық бірыңғай

тестілеу өткізу

пункітінің жетекшісі.

 Ақтөбе қаласы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button