Білім

Еліміздегі бірінші  ата-аналар съезі ақтөбеде өтті  

«Өскелең ұрпақтың азаматшылық және әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастырудағы ата-ана рөлінің өзектілігі». Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған республикалық ата-аналар съезі кеше Ақтөбе қаласындағы «Нұр Отан» партиясының күмбезді залында өтті.

Шараға Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев, облыс әкімінің бірінші орынбасары Роза Кемалова қатысты. Сонымен қатар, съезге еліміздің әр өңірінен ата-аналар және қамқоршылық кеңесінің төрағалары, ҚР білім беру органдарының басшылары, білім беру жүйесіндегі кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, сынып жетекшілері, мектеп психологтары, әлеуметтік педагогтар жиналды.

Жиынды Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев ашып, жүргізді.

Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетовке ата-аналардың  республикалық съезін өткізу  жөніндегі министрліктің ұсынысын қолдап, қасиетті Ақтөбе жерінде ата-аналар жиынын ұйымдастыруға мүмкіндік бергені үшін алғысымызды білдіреміз, — деп Есенғазы Нұртөлеуұлы құттықтау сөзді облыс әкімінің бірінші орынбасары Роза Кемаловаға берді. Өз сөзінде Роза Кеңесқызы елімізде бірінші рет ұйымдастырылып жатқан ата-аналар съезінің Ақтөбе өңірінде өткізілуіне сенім білдіргені үшін Білім және ғылым министрлігіне ризашылығын білдірді.

Қазақ тарихы үшін маңызды Қазақ хандығының 550 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы, Ата Заңымыз бен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын тойлайтын биылғы жылы елімізде алғаш рет ата-аналар съезінің өткізілуі — тарихи оқиға.  Сол себепті бұл шара жас ұрпаққа тәрбие беруде маңызды өзгерістерге бастама болары анық.

Қазақ халқы — қашанда отбасы өнегесін, жас ұрпақ тәрбиесін бірінші орынға қойған көреген халық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы Жолдауларында білім мен тәрбие ісіне ерекше көңіл бөлетіні белгілі. Биылғы «Нұрлы жол —болашаққа бастар жол» Жолдауында да білім нысандарын көбірек салуға тапсырма берді. Еліміздің қай өңірін алып қарасақ та жастардың болашағы үшін, ел игілігі үшін пайдалануға берілетін әлеуметтік нысандар — балабақша, мектеп құрылыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, — деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Біздің облыста соңғы үш жылда 30 мектеп, 25 мектепке дейінгі ұйым, 5 психологиялық-педагогикалық кеңес берілетін кабинет  ашылды.

Қазақ жерінде туып, білім мен тәрбие алған қазақстандық шәкірттер әлемдік деңгейдегі білім, өнер, спорт саласындағы талай жетістіктерге қол жеткізіп келеді. — Ақтөбе топырағы ел мәртебесін үстем еткен осындай дарынды өрендерімен мақтанады. Ата-анасы мен өскен өңірінің ғана емес қазақстандықтардың мақтанышына айналған 52 дарынды оқушы өткен жылы халықаралық олимпиадада алтын медаль иеленді. 1602 түлек мемлекеттік грант иегері атанды. Ұлттық бірыңғай тестілеуде 164 түлек «Алтын белгіні» қорғады.

Еліміздің мектептерінде жыл сайын білім сапасы жақсарып келеді. Біздің  облыстың түлектері де соңғы үш жыл бойы алдыңғы қатардан көрінді, — деді Роза Кеңесқызы. Оның айтуынша, мемлекет бақылауында тұрған жастарды жұмыспен қамтуда Ақтөбе облысы алғашқы бестікте тұр.

Қазір облыста жасөспірімдер қылмысы 2,5 есеге, суицид 53 пайызға азайды.

Адамның тұлға ретінде қалыптасуында отбасының орны ерекше. Әрбір ата-ана өзінің баласын Отанға пайдалы, мейірімді, саналы, еңбекқор, адамгершілігі мол адам етіп тәрбиелеуге халық алдында да, мемлекет алдында да жауапты.

Құрметті ата-аналар, съезге қатысушылар! Отанымыздың көркейіп, гүлденуі, еліміздің Мәңгілік Ел болуы, тәуелсіздік туының биік болуы қашанда біз тәрбиелеп жатқан жас ұрпаққа байланысты. Біз тәрбиелеген жас буын ел мақтанына айналатын адал азамат болсын, —  деп облыс әкімінің бірінші орынбасары Роза Кемалова съезд жұмысына сәттілік тіледі.

Бұдан кейін вице-министр Есенғазы Иманғалиев «Бөбек» балалар қайырымдылық қорының Президенті, «Алтын жүрек» халықаралық сыйлығының лауреаты Сара Назарбаеваның республикалық ата-аналар съезіне қатысушыларға жолдаған сәлем хатын оқып берді. Одан соң Есенғазы Нұртөлеуұлы ұйымдастырылған шараның маңыздылығы мен мәні туралы жан-жақты әңгімеледі.

Еліміздегі ел игілігі үшін атқарылып жатқан маңызды шаралардың бәрі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Бүгінгі ұйымдастырылған съездің өтуіне де Елбасы өнегесі сеп болып отыр. Өйткені бұдан екі жыл бұрын Елбасы бастамасымен елімізде тұңғыш рет Отбасы күні тойланғаны белгілі. Ал бүгінгі съездің әңгіме өзегі —  отбасы тәрбиесі.

Съездің өтуіне түрткі болған тағы бір жайт —былтыр Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Қостанай облысына іссапармен барғанда сондағы ата-аналар комитетінің мүшелері Кәрім Қажымұқанұлына еліміздегі ата-аналардың басын қосу туралы ұсыныс айтқан болатын. Бұл ұсынысты қолдаған Үкімет басшысы Білім және ғылым министрлігіне ата-аналар съезін ұйымдастыруға тапсырма берді, — деді Есенғазы Иманғалиев. Республикада бірінші рет ұйымдастырылған үлкен жиынды өткізу үшін Ақтөбе өңірінің таңдалып алуы да бекер емес.

Бұл жиынды өз өңірлерінде өткізуге ынта білдіргендер болды. Дегенмен біз Ақтөбені таңдадық. Өйткені Ақтөбе облысының білім саласындағы жетістіктері көп. Сонымен қатар, былтыр осы Ақтөбеде өзін-өзі тану пәні мұғалімдеріне арналған республикалық кеңес жұмысы да сәтті өтті. Сол себепті біз облыс әкімдігіне Ақтөбеде съезд  өткізу жөнінде өз өтінішімізді білдірдік. Облыс басшысы Архимед Мұхамбетов бізге қолдау білдірді, — деді вице-министр. Есенғазы Нұртөлеуұлы баяндамасында республикамыздың білім саласындағы жаңалықтарды әңгімеледі.

Елімізде мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының жаңа жобасы әзірленді. Пилоттық жоба 2015-2016 оқу жылында еліміздегі 30 мектепке енгізіледі. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін бұл мектептерде білім беретін 1800 мұғалім қысқа мерзімді курстарда біліктігін арттырады.

Баяндама барысында Есенғазы Нұртөлеуұлы ел болып талқылап жатқан тәрбие жұмыстары тұжырымдамасы туралы да айтты.

Жиын барысында педагогтар, психологтар, ата-аналар отбасы тәрбиесіне, жас ұрпақ тәрбиесіне байланысты өз ойларын ортаға салып, съезд қарарын қабылдады.

Екі күнге жоспарланған бағдарлама аясында съезд делегаттары шеберлік сыныптарына, тақырыптық көрмелерге, пленарлық отырысқа, панельдік сессияларға  қатысты. Сонымен қатар облыстық Достық үйін, Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназия мен «Еркемай-Ертөстік» балабақшасын  аралап көрді.  Ұлы Отан соғысы ардагерлерін, Жеңіс жылы туған ардагер-ұстаздарды үйлеріне құттықтап барды. Сондай-ақ, делегаттар ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында съезден естелік ретінде «Ата-аналар аллеясына» көшеттер отырғызды.

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button