Білім

Мемлекеттік қызмет көрсету талапқа сай

Облыстық білім басқармасының мамандарының ұсынысын Білім және ғылым министрлігі қолдады. Жақында еліміздегі білім беру саласының қызметкерлері «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына құжаттарды және балаларды қабылдау» мемлекеттік қызмет көрсету стандарты жобасы, талқылаған болатын. Жобадағы: «Бала Қазақстан Республикасының тек бір ғана қаласында (ауданында) кезекке тұра алады. Басқа қалаға (ауданға) немесе қала ішінде (аудан ішінде) қоныс аударғанда мектепке дейінгі балалар ұйымындағы (МДБҰ) кезектен міндетті түрде шығады. МДБҰ-ына тіркелген күні сақталмайды. Қайтадан кезекке тұруы тиіс» деген қызмет көрсету тәртібіне облыстық білім басқармасының бас маманы Рахима Жамансарина өз көзқарасын білдіріп, пікірін дәлелдеп, жобаға өзгерту енгізді. Нәтижесінде, баланың отбасы қала ішінде (аудан ішінде) қоныс аударса да, баланың кезегі сақталады. Кезектен шығып, қайтадан кезекке тұрып, әуреге түспейді.

Біз облыстық білім басқармасының өкілдерімен білім беру саласына қатысты мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы сөйлескен едік.

 

Кезек сақталады

 

Балабақшаға бала үш жаста қабылданады. Онда үш-төрт жыл тәрбиелененіп,   алты-жеті жасында балабақшамен қоштасатыны белгілі. Біздің Ақтөбе қаласында балабақшада кезегін күтіп жүрген балапандар өте көп. 29 мың балдырған бар. Бұдан шығатын қорытынды: қала ішінде қоныс аударғанына байланысты баланы қайтадан кезекке тұрғызу ата-ананы босқа әуреге түсіреді. Кезек енді жылжыды дегенде, қайтадан кезекке тұрып, бәрін басынан бастауға тура келеді. Кезекті күту үшін кем дегенде 3-4 жыл керек. Ол кезде балаға балабақшада тәрбие алу қажет те болмай қалады. Мектепке барады. Осының бәрін ой елегінен өткізіп, саралай келе, Білім және ғылым министрлігіне өз ұсынысымызды айттық. Бұл ұсынысты республика бойынша біз ғана айтқан екенбіз. Министрліктегі қызметкерлер ұсынысымызды құптады, — дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Рахима Жамансарина.

Жаңа стандарт мамыр, маусым айларында қолданысқа енгізіледі.

2012 жылы алғаш бекітілген стандарттардың бірі — мектепке дейінгі балалар ұйымдарына балаларды кезекке қою.

Өйткені сол жылы балдырғандарды балабақшаға қабылдау үлкен мәселе болып көтерілді. Бұған дейін балабақшаға кезекке тұру қалалық, аудандық білім бөлімдері арқылы жүргізілді. Тұрғындар тарапынан наразылықтар, арыз-шағымдар көп болды. Түсініспеушіліктер болмау үшін тұрғындардың бәріне бірдей деңгейде қызмет көрсету мақсатында мектепке дейінгі балалар ұйымдарына балаларды кезекке қою және құжаттарды қабылдау туралы мемлекеттік стандарттар бекітілді. Қазір бұл қызмет түрлері халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүзеге асырылып жатыр. Әр баланың кезегі базада сақтаулы тұр. Мұны ата-аналар электронды үкімет порталы (www.egov.kz) арқылы біле алады, — дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбекова.

Кезекке қою үшін екі құжат керек: баланың туу туралы куәлігі және жеке сәйкестендiру нөмiрi. Ал балабақшаға қабылдау үшін бес құжат тапсыру қажет.

 

 

Мақсат — сапалы қызмет көрсету

 

Еліміз бойынша жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын, тиімділігін және нақтылығын арттыру мақсатында ел Үкіметі 2012 жылы шілденің 20-сында мемлекеттік қызметтердің тізілімін бекіткен болатын. Мұнда түрлі сала бойынша (құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы, еңбекпен қамту, т.б.) 569 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Соның ішінде білім беру саласына байланысты қызметтер саны — 32. Бұл мемлекеттік қызмет түрлері білім беру саласының барлығын — мектепке дейінгі тәрбие, жалпы, орта, кәсіптік, жоғары білім беру жүйесін қамтиды.

Ел Үкіметінің 2012 жылғы 31 тамыздағы қаулысымен бекітілген білім беру саласындағы мемлекеттік қызмет көрсетудің 32 стандартының 17-сі — мектепке дейінгі, жалпы орта, кәсіптік білім беруге байланысты, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарының саны жыл сайын арта түсуде. Бастапқы жылы мектепке дейінгі, жалпы орта, кәсіптік білім беруге байланысты стандарттардың саны 17 болса, биыл талқыланып жатқан стандарттар жобасы — 29. Оның жетеуі — жаңа жоба. Олардың арасында «Орта білім беретін үздік ұйым», «Үздік педагог» атағын беру және мемлекеттік орта білім беру мекемелерінің басшылары лауазымдары үшін конкурстарға қатысуға құжаттар қабылдау стандарттары талқыланып жатыр.

Стандарттар бекітілгенге дейін де халыққа мемлекеттік қызметтер көрсетілді. Бұл қызметтер Үкімет бекіткен ережеге сай жүргізілді. Дегенмен олардың стандарты, мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі болған жоқ. Қазір стандартпен бекітілген кез келген мемлекеттік қызмет көрстеу түріне құжат қабылдаудың нақты уақыты көрсетілген.

Мысалы, 1-сыныпқа баратын баланың құжаты ең көп дегенде 15 минутта қабылдануы тиіс. Яғни стандарт тәртібіне сәйкес құжат қабылдаушы ата-ананы 30 минут, болмаса бір сағат күттіріп қоюға құқығы жоқ. Баланың мектепке қабылданғаны туралы бес жұмыс күнінің ішінде хабарлама берілуі керек, — дейді Гүлжан Құлыбекқызы.

 

Талап өзгерді

 

Енді баланы мектепке қабылдау үшін ата-анадан мекенжай анықтамасы талап етілмейді. Бұл туралы жаңа оқу жылы басталғанда бекітілген мектепке балаларды қабылдау стандартында көрсетілген. Бұл, әсіресе, пәтер жалдап тұратын, саяжайларда тұрып жатқан отбасылар үшін жағымды жаңалық болды.

— Баланы мектепке қабылдау жөнінде ата-анасының немесе заңды өкілінің өтініші қабылданады. Сонда өтініш беруші мекенжайын көрсетеді. Ал мекенжай анықтамасы талап етілмейді. Бұған дейін бұл үлкен мәселе болды. Пәтер жалдап тұратын отбасылар бар. Олардың мекенжай анықтамасы жоқ. Бұған дейін пәтер жалдап тұрып жатқан ата-аналар пәтер иесімен келісім-шартқа отырып, пәтер иелері кооперативтерінен анықтамалар алып, оны мектепке тапсырып, әуреге түсті. Жаңа стандарт бойынша енді олар мекенжай анықтамасы мәселесін шешу үшін әлек болмайды, — дейді Гүлжан Құлыбекқызы.

1-сыныпқа балаларды мектепке қабылдауда алдымен тұрғылықты мекенжайы ескеріледі.

2012 жылы 19 қаңтарда ел Үкіметінің №127 қаулысы шықты. Балаларды 1-сыныпқа қабылдарда осы құжатты басшылыққа аламыз. Бастауыш білім беру мекемелері, даярлық деңгейіне қарамастан, 1 қыркүйекке дейін білім беру ұйымдарының қызмет көрсету аумақтарындағы алты (жеті) жасқа толған барлық балалардың бірінші сыныпқа қабылдануын қамтамасыз етуі тиіс. Бірінші кезекте мектептің аумағындағы балаларды қабылдаймыз. Орын болған жағдайда басқа шағын ауданның балалары қабылданады, — дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы.

Білім беру саласына қатысты мемлекеттік қызмет көрсетуде бекітілген стандарттардың бірі — мектепке экстернат ретінде тіркелу. Мұның екі түрі бар.

Соның бірі — баланың ата-анасы шетелде уақытша жұмысқа жұмыс жасайтын болса, онда бала Қазақстандағы оқыған мектебінде экстернат ретінде тіркеледі. Оған Қазақстанның негізгі мектепті бітіргендігі туралы куәлігі, орта мектепті бітіргендігі туралы аттестаты беріледі. Экстернат ретінде тіркелудің екінші түрі — кейбір адамдар түрлі себептермен 9-сыныпты ғана бітіреді. Арада біраз уақыт өткеннен соң (жасына шектеу қойылмайды) оған орта мектепті бітіргендігі туралы аттестат қажет болады. Мұндай жағдайда бұл азамат желтоқсанның 1-іне дейін мектепке экстернат ретінде тіркеліп, маусым айында мемлекеттік емтихан тапсыруы керек. Содан кейін аттестат беріледі. Бұл — ел азаматтарына Үкімет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндік.

Экстернат негізінде білім алуға рұқсат беру жөніндегі стандарт жобасына облыстық білім басқармасы тарапынан төрт негізгі ұсыныс беріліп, бұл ұсыныстарды Білім және ғылым министрлігі қолдап, өзгерістер енгізілді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button