Спорт

Ерте сөнген жұлдыз

Боз кілемде жасындай жарқырап көрініп, елді ғана емес, грек-рим күресі бойынша әлемдік деңгейдегі мамандарды тәнті еткен дарын иесі Есенкелді Батырғариннің жұмбақ өлімі қазақ күресіне орны толмас өкініш әкелді. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген, талантты палуанның ғұмыры қысқа болды. Бірақ ол артына өшпестей із қалдырып кетті. Есенкелдінің інісі Бақтығали Батырғарин Ақжар ауылында  палуан атындағы спорт мектебін салуды қолға алды.

 

Есенкелді

1971 жылы Шалқар қаласында теміржолшылардың отбасында дүниеге келген Есенкелді өзі құралыптас балалармен бірге Владимир Цеханович атындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне барып, грек-рим күресінің әліппесін үйрене бастады. Оның күреске өте икемділігіне, әдістерді тез меңгеріп, оны өзінің қалауына қарай сәтті орындайтынына, шапшаңдығына және талдырмаш болса да ерен күштің иесі екендігіне жаттықтырушылар бірден назар аударды. «Осы баладан бірдеңе шығады» десті. Шынымен де бапкерлердің үміті ақтала бастады. Жасөспірімдер арасында облыста ғана емес, Қазақстан біріншілігінде топ жарған Есенкелдіге алматылық бапкерлер «құда түсті». Осылайша, балаң жігіт Алматыдағы Қажымұқан атындағы спорт мектебіне қабылданып, білікті жаттықтырушылар Марат Қошаев пен Таңат Сағындықовтың қоластында жаттыға бастады.

Күні бойы төккен тер мен бапкерлердің ақыл-кеңесі жеңіс жолдарын кеңейте түсті. Жасөспірімдер мен жастар арасындағы КСРО біріншіліктері мен одақтық турнирлерде олжа салған қазақ баласы КСРО құрама командасына алынды. Кеңес Одағы сапында әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. КСРО құрама командасының бапкерлері Есенкелдіні жасы жетпесе де ересектер арасындағы додаға салып кеп жіберді. Жас жігіт ересектерден қаймықпай, қайсар да шебер палуан екенін көрсетіп, 1992 жылы Грекияда Әлем кубогының иегері атанды.

Айтқандай, Есенкелдінің бір ірі жеңісі — КСРО чемпионатына пара-пар КСРО халықтары спартакиадасының алтын медалін иеленуі еді. 1991 жылы Запорожьеде өткен спартакиадада іріктеу сындарынан сүрінбей өтіп, жартылай финалға жетті. Оны өзбекстандық Дмитрий Коршунов күтіп тұр еді. Есенкелді анағұрлым тәжірибелі Коршуновтан ұпай санымен ұтылып жатты. Айырмашылық анау-мынау емес — бес ұпай. Аруаққа сыйынып, арқаланып кеткен Есенкелді соңғы секундтарда қарсыласын партерден жұлып алып, айналдырып тастап, жауырынын жер иіскетті. Таза жеңіс! Ал ақтық сында әзірбайжан жігіті Мұстафаевтан басым түсіп, алтын медальды жеңіп алды. Осылайша, Есенкелді 20 жасында КСРО-ның байрақты бәсекесін бағындырды.

Айта кету керек, КСРО халықтары спартакиадасының жеңіс тұғырына қазақстандық үш палуан ғана көтерілді: Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов және Есенкелді Батырғарин. Ал ақтөбеліктер арасында бұл спартакиаданың жүлдесін 1963 жылы жеңіп алған тек Алексей Семкин еді. Бірақ ол еркін күрестен жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, облыс бойынша грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған тұңғыш палуан. Кейін жиырма жылдай уақыт өткен соң ғана Асхат Құдайбергенов пен Әсет Әділов халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын қорғады. Есенкелді КСРО универсиадасында да озық шықты. Түркия, Қытай, Ирак елдерінде өткен халықаралық турнирлердің жеңімпазы.

1997 жылдан бері Есенкелді Батырғарин атындағы жүлде үшін грек-рим күресінен республикалық турнир өткізіліп келеді. Алғашқы турнирді ұйымдастыруға КСРО спорт шебері Қабақбай Қайрақбаев басшылық жасап, Марат Ахметов қаржылай көмектесті. Бұл турнирлерге әр жылдары Есенкелдінің әйгілі палуан достары әлемнің екі дүркін, Азия ойындарының, олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко, Азия ойындарының чемпионы, екі дүркін Азия чемпионы, әлем чемпионы Бахтияр Байсейітовтер, грек-рим күресінен Қазақстанның мемлекеттік жаттықтырушысы Мейірхан Рахметов, Астана қаласы күрес федерациясының атқарушы директоры Баянсұлу Әлдерзина және басқа құрметті азаматтар келіп, қонақ ретінде қатысты. Есенкелді туралы өздерінің жүрекжарды ықыластарын білдіріп, әңгімелер айтып берді. Сол әңгімелерден үзінді келтірсек.

Бахтияр Байсейітов: «1986 жылы қыркүйекте Алматының спорт интернатына Ақтөбенің біз үшін шалғай болып көрінетін Шалқарынан Есенкелді келді. Содан бастап достығымыз басталды. 1991 жылы 20-ға толмаған жасында КСРО халықтары спартакиадасының бас жүлдесін жеңіп алғанда, Одақ құрамасының бапкерлері оны ересектер командасына қосты. Осылайша Есенкелді жастайынан КСРО-ның басты командасына алынып, әлемдік аренаға шықты. Оның спорттық таланты мен спорттық ішкі сезімі керемет еді. Қай жерде қалай әдіс жасауды, қандай сәтті пайдаланып қалуды қатты сезінетін. 48 келіде күрескеніне қарамастан шымыр, тамаша күштің иесі еді. Сондай-ақ, оның дене бітімінің өзі сезімтал болатын және шапшаң қимылдайтын. Ол өзінің қайтпас қайсарлығы арқылы мықты палуан болып шықты. Есенкелді отандық күрес үшін көп нәрсе тындырды, бірақ оның бергенінен берері көп еді. Алайда тағдыры осылай болды…».

Юрий Мельниченко: «Мен Есенкелді Батырғаринмен 90-жылдардың басында КСРО құрамасы сапында таныстым және неге екенін білмеймін, бірден достасып кеттік. 1991 жылы Одақ құрамасында күресіп, жастар арасында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Сол жылы КСРО халықтары спартакиадасында айқын басымдылық танытып, жеңіске жетті. Оның палуандық жолындағы жетістіктері мені қатты таңғалдырған еді және оған қызыға қарайтынмын. 1993 жылы Қазақстанға көшіп келгеннен кейін достығымыз Алматыда жалғасты (Юрий Мельниченко Қырғызстанда туып-өскен – Б.К.).

Алматыда мен оның отбасымен, інілері Жанкелдімен, Бақытқалимен таныстым. 1994 жылы Есенкелді Қазақстан чемпионы атанып, екеуміз Финляндияның Тампере қаласында өткен әлем чемпионатына қатыстық. Мен чемпион атанғанда Есенкелдінің қалай қуанғаны көз алдымда. Есенкелді Батырғарин — грек-рим күресінен бұл өңірде одақтық және халықаралық деңгейде үлкен жетістікке жеткен тұңғыш палуан».

 

Палуан ұмытылмайды

Қазіргі кезде Шалқар қаласында Есенкелді Батырғарин атында көше бар. Бұл жерлестерінің Есенкелдіге деген, қазақ палуанына деген құрметі. Енді «Есенкелді Батырғарин атындағы грек-рим күресін дамыту орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, палуанның бауыры, спорт шебері Бақтығали Батырғарин Ақтөбе қаласы іргесіндегі Ақжар-2 ауылында грек-рим күресі мектебін ашу жұмыстарын бастап кетті.

Қарғалы селосындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс жасайтын Бақтығали жұмыстан тыс уақытта Ақжар-2 ауылындағы мектепте грек-рим күресі секциясын ашып, балаларды палуандыққа даярлап жүр. Бұл оның күреске, спортқа деген адалдығын, балаларға деген қамқоршылығын көрсетсе керек. Әйтпесе кешкі сағат сегізде мектепке барып, бір-бір жарым сағат балғын палуандармен айналысар ма еді? Жалпы Батырғариндердің қай-қайсысы да күресті жастайынан сүйіп өсті. Есенкелдінің тетелес інісі Жангелді де кезінде жақсы күресіп, бірқатар жүлделерге ие болды. Спорт шебері атанды.

— Ақжар ауылындағы мектеп оқушыларына күрестің қыр-сырын үйрете бастағаныма екінші жыл, — дейді Бақтығали. — Аяқ алысымыз жаман емес. Бірқатар турнирлерде жүлдегерлер сапынан көрініп жүрміз. Жақында Шалқарда өткен В.Цеханович атындағы турнирде бір шәкіртім жеңімпаз, 4 шәкіртім жүлдегер атанды. Шалқардан мұндай жүлдемен оралу оңай емес. Ол жақта кілең «сен тұр, мен атайын» палуандар.

Бақытқалидың айтуынша, қазір Ақжар мектебінде 50 шақты бала күреспен тұрақты айналысады. Оларды толыққанды баулуға мүмкіндік жоқ. Мектептің спорт залы тек кешкілік қана босайды. Сондықтан осы ауылда Есенкелді Батырғарин атындағы спорт мектебін ашуды мақсат етіп отыр. Ақжарда спорт мектебін салу жөніндегі жоба тиісті комиссияда мақұлданып, Ақтөбе қалалық әкімдігі Ақжар ауылынан 20 сотық жер телімін бөлді. Енді таяу күндері спорт мектебінің іргетасы құйылатын болады.

Болашақта мықты спортшылар даярлау мақсатында салынатын мектеп құрылысы ақтөбелік кәсіпкерлерді, спортшыларды, жалпы жұртшылықты бейжай қалдырмайды деп ойлаймыз. Қандай іс болса да көппен бітеді. Сондықтан демеушілік етемін деген қолы ашық, спортты сүйетін, балалардың болашағын ойлайтын азаматтарға есепшотты ұсынамыз.

СТН/РНН 061800317149, БИН 120740008470 ИИК КZ 66826 D0 KZTD 2002043, «АТФ Банкі» АҚ филиалы, Ақтөбе қаласы, БИК ALMNKZKA. 030000, Ақтөбе қаласы, Берсиев көшесі, №3 үй.

Бердібай КЕМАЛ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button