Спорт

«Ақтөбе»: үшінші тең ойын

Премьер-Лига

 4-тур ойындарында алғашқы үштіктегі командалар жеңіске қол жеткізе алмады. «Астана» мен «Ордабасы» тең ойынмен қанағаттанса, «Қайрат» ұтылуға мәжбүр болды. Оның есесіне Премьер-Лигаға биыл қайта қосылған, кезінде «Ақтөбенің» бас бапкері болған Владимир Муханов жаттықтыратын «Оқжетпес» қатарынан үшінші рет жеңіске жетіп, екінші орынға көтерілді. Ал 2011, 2012 жылдарғы чемпион «Шахтер» көш соңына сырғыды.

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда шымкенттік «Ордабасы» командасын қабылдады.

Ойынның алғашқы минуттарынан бастап-ақ шымкенттіктер ширақ қимылдады. Біздің қақпаны бірнеше рет торуылға алды. Рас, ақтөбеліктер де бірте-бірте ес жинады. Бірақ жерлестеріміздің пас берудегі немесе соққы жасаудағы жиі қайталанған қателіктері мен мағынасыз жүгірістері жанкүйерлерді тіпті де риза еткен жоқ. Бірінші тайм осылайша сүреңсіз өтті.

Екінші таймда «Ақтөбе» тізгінді мықтап қолға алды. Бұған, мысалы, ойын барысында екі доптың бірі қапталдағы діңгекке, екіншісі маңдайшаға тиіп кері серпілгенінің өзі куә бола алады. Дегенмен, голға айналмаған басымдылықтың беделі, қанша мақталса да, соншама биікке қалықтай алмайтыны анық. Оның үстіне шымкенттіктердің де біздің қақпаның жібек торын бүлк еткізерлік мүмкіндіктері болмай қалған жоқ. Осылайша, құрамында былтырғы екі ойыншымыз (Андрей Сидельников пен Александр Гейнрих) бар «Ордабасымен» кездесу тең аяқталды.

Бұл өз алаңымыздағы үшінші тең ойын екендігін, оның екеуі еш голсыз (0:0) аяқталғанын ескерсек, шабуылдағы шебіміздің олқы екенін тағы бір рет мойындамасқа болмайды.

Республикалық «Sports.kz» интернет-порталы 4-турдың 11 үздіктен құралатын символикалық құрамына оң қанатта сенімді ойнаған жас қорғаушы Дмитрий Мирошниченко мен өз айып алаңында да, қонақтардың айып алаңында да шебер қимылдаған орталық қорғаушы Юрий Логвиненконы енгізгенін еске сала кетейік.

«Ақтөбе»-«Ордабасы» — 0:0

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов, Айоделе Аделейе, Артурас Жулпа, Дмитрий Мирошниченко, Данило Неко, Асхат Тағыберген (Валерий Коробкин, 78-минут), Юрий Логвиненко (капитан), Маркос Пиззелли, Андерсон Сантана, Сергей Хижниченко, Абат Айымбетов (Дидар Жалмұқан, 36-минут).

«Ақтөбе»командасынан ескерту қағазын алғандар: Артурас Жулпа, 47-минут; Асхат Тағыберген, 77-минут. Қонақтарға 3 ескерту қағазы көрсетілді.

№8 балалар мен жасөпірімдер спорт мектебінің стадионында өткен бұл кездесуді 3000 жанкүйер тамашалады.

*   *   *

 

Басқа кездесулердің нәтижелері:

«Шахтер»-«Қайсар» — 1:2.

Гол авторлары: Пламен Димов, 44-минут (0:1); Михрет Топчагич, 71-минут (1:1); Эдин Юнузович, 87-минут (1:2)

«Оқжетпес»-«Жетісу» — 2:0

Гол авторлары: Лука Роткович, 69-минут (1:0); Әлібек Бөлешов, 75-минут (2:0).

«Тараз»-«Қайрат» — 1:0

Гол авторы: Александр Пищур, 28-минут (1:0).

«Атырау»-«Астана» — 1:1

Гол авторлары: Антон Григорьев, автогол, 56-минут (0:1); Мақсат Байжанов, 63-минут (1:1).

«Ертіс»-«Тобыл» — 1:1

Гол авторлары: Григорий Сартаков, 2-минут (1:0); Сергей Мошников, 90+3 минут (1:1).

 

ОЙЫН КЕСТЕСІ

 

Командалар                       О         Ұ          Т         Ж        Д         Ұп

 

1 Астана                              4          3          1          0          8-2      10 

2 Оқжетпес                         4          3          0          1          5-2      9  

3 Ордабасы                       4          2          2         0          4-1      8

4 Қайрат                               4          2          1         1          6-1      7

5 Ақтөбе                               4          1          3         0          2-1      6

6 Қайсар                               4          1          2         1          2-2      5

7 Атырау                              4          1          2         1          4-5      5

8 Тараз                                 4          1          1         2          2-3      4

9 Ертіс                                  4          0          3         1          2-5      3

10 Жетісу                              4          0          2         2          0-4      2

11 Тобыл                              4          0          2         2          1-7      2

12 Шахтер                            4          0          1         3          2-5      1

 

*О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

 

500 жанкүйер

 

Чемпионат басталғалы осымен үшінші тур бірдей көрсеткіш ұсынды: 10 гол соғылды. 2:0 есебі бесінші рет қайталанды.

Ойыншыларға 22 ескерту қағазы көрсетілді, жасыл алаңнан қуылғандар жоқ. Өткен турдағы секілді бұл ойынды да «Атырау» футболшылары ескерту қағазынсыз өткізді.

«Астана-Арена» стадионында өткен «Оқжетпес»-«Жетісу» кездесуіне бар-жоғы 500 жанкүйер келді. 3000 жанкүйер Ақтөбе мен Тараз қалаларында өткен ойынға жиналды. Барлық кездесулерге келген жанкүйерлердің жалпы саны — 12 800.

Мергендер көшін 4 гол салған Жерар Гоу («Қайрат») бастап тұр.

«Ақтөбе» сапында қарсыластар қақпасына Дидар Жалмұқан мен Сергей Хижниченко бір доптан соқты.

Чемпионат басталғалы 24 кездесу өтті. 9 рет алаң иелері жеңсе, 8 рет қонақтар жеңді, 7 кездесу тең есептермен аяқталды. Барлық кездесулерде қақпаларға 38 доп енді, әр ойында орта есеппен 1,58 гол соғылды. «Ақтөбенің» орташа есебі — 0,50 гол. Өткен жылы 4 турда 6 гол соққанбыз: И.Зенькович (2); М.Хайруллин, Ю. Логвиненко, Р.Шабалин (1). Бір допты Сигурни Банджар («Тараз») өз қақпасына соғып алған еді.

*   *   *

 

Келесі 5-тур ойындары 5 сәуір, жексенбі күні өтеді.

Бұл күні «Ақтөбе» сырт алаңда «Астанамен» кездеседі.

Өткен жылы «Астананы» екі рет ұтып (2:1; 3:0), бір рет тең (1:1) ойнадық, ал бір рет Астанада ойсырай ұтылдық (1:6).

Басқа кездесулер:

«Қайрат» — «Оқжетпес»

«Ордабасы» — «Тараз»

«Қайсар» — «Атырау»

«Жетісу» — «Ертіс»

«Тобыл» — «Шахтер»

 

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button