Спорт

Алғашқы тур. тең текетірестер

Премьер-Лига

ХХІV чемпионаттың алғашқы турында елең етерліктей тосын оқиға болған жоқ. Жеңіске жеткен екі команда да күтпеген сый жасады деуге келмейтіні анық. Екеуі де былтырғы чемпионаттың медалін иеленгендер, оның үстіне екеуі де өз алаңдарында ойнады, бұған қоса олардың қарсыластары да үздіктердің қатарында жоқтардың сапынан. Ал қалған төрт ойындағы тең есептер науқан басында ақырын жүріп, анық басу тактикасын ұстанған сақтықтың салдары деуге келетін шығар.
Алғашқы турда «Ақтөбе» өз алаңында «Атырауды» қабылдады.
№8 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жасыл алаңында алғашқы минуттардан бастап-ақ тартысты талас басталып кетті. Орталық қорғаушылар тыным таппады. Рас, ойын барысы тартымдылығымен көз қызықтыра қоймады, бірақ текетірестер жеткілікті болды. Сондай сәттердің бірінде ақтөбелік қорғаушылардың қателігін пайдаланып кеткен Алексей Маров біздің «су жаңа» қақпашымызбен жекпе-жекке шыға келді. Қақпадан атып шыққан Стас Покатилов от ұшқынын бірден өшірді. Іле-шала, 40-минутта енді біздің Абат Айымбетов ыңғайлы позициядан тепкен добын қақпадан тым биікке асырып жіберді. Осылай голсыз біткелі тұрған таймның кестесін атыраулық тәжірибелі жартылай қорғаушы Мақсат Байжанов бұзды. 42-минутта біздің қорғаушыларымыздың назарына ілікпей дара қалған ол соққан доп жібек торды бүлк еткізді: 0:1.
Дереу есе қайыруға кіріскен ақтөбеліктер қақпаға тағы бір гол кіргізіп ала жаздады. Тағы да Мақсат Байжанов баспен соққан, ашық қалған қақпаға тура сүңгіп бара жатқан допты Юрий Логвиненко кері қайтарып үлгерді.
Ойынның бірінші бөлігі осылай бітті.
Екінші таймда жартылай қорғаушымыз Марат Хайруллиннің орнына бірден шабуылшы Сергей Хижниченко шығып, шабуылды қыздыра түсті. Ал он минуттай уақыт өткен соң шабуылшы Абат Айымбетовті жартылай қорғаушы Дидар Жалмұқан ауыстырды. Сол Дидар бірер минут өтер-өтпесте қарсыластар қақпасы алдындағы қарбаласта еш абыржусыз қимылдап, қақпашы Илья Бәйтерековті қапы қалдырды: 1:1.
Осыдан соң «Ақтөбе» тізгінді қолға алды. Шабуылды үдетіп жіберді. Тіпті гол енгізбейтін реті де жоқтай көрінді. Бірақ Асхат Тағыберген, Маркос Пиззелли мен Артурас Жулпаның соққылары қауіпті болғанымен, нысананы дөп баса алмай қойды. Кейінгіні кім білсін, тап осы алғашқы ойында литвалық жартылай қорғаушыны биыл команда басшылары қатесіз таңдап алғандай әсерде қалдық. Сондай-ақ, тайм соңына таман Данило Неконы тағы бір жас шабуылшы Рустам Сахибов алмастыруы да жас буынға батыл сенім артудың бір мысалындай болды. Осы ретте Абат Айымбетов 1995 жылы, ал Дидар Жалмұқан мен Рустам Сахибов 1996 жылы туған түлектер екенін еске сала кеткеніміз мақұл сияқты.
Соңғы минуттарда «Ақтөбе» тұтасымен қарсыластар алаңына көшіп алғандай болды, бірақ есеп өзгерген жоқ. Ал тең есеп жеңіске лайық болған ақтөбеліктердің көңіліне қаяу түсіргенімен атыраулықтарға тым тиімді болғаны түсінікті. Өткен жылы да «Атыраумен» екі рет тең ойнаған болатынбыз, екеуінде де қақпа құлпы ашылмаған.
Бұл кездесуді стадионның мүмкіншілігіне байланысты 3000 жанкүйер тамашалады.
«Ақтөбе»-«Атырау» — 1:1.
Гол авторлары: Мақсат Байжанов, 42-минут (0:1); Дидар Жалмұқан, 63-минут (1:1).
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов, Валерий Коробкин, Арутрас Жулпа, Дмитрий Мирошниченко, Марат Хайруллин (Сергей Хижниченко, 46-минут), Данило Неко (Рустам Сахибов, 85-минут), Асхат Тағыберген, Юрий Логвиненко, Маркос Пиззелли, Андерсон Сантана, Абат Айымбетов (Дидар Жалмұқан, 57-минут).
Ескерту қағазы көрсетілгендер: Андерсон Сантана, 66-минут, Асхат Тағыберген, 90+3 минут («Ақтөбе»), Бауыржан Қасымов, 90+2 минут («Атырау»).
* * *

Басқа кездесулердің нәтижелері:
«Қайрат»-«Тобыл» — 4:0
Гол авторлары: Жерар Гоу, 16-минут (1:0); Жерар Гоу, 35-минут, пенальти (2:0); Бауыржан Исламхан, 56-минут, пенальти (3:0); Жерар Гоу, 90-минут (4:0).
«Астана»-«Оқжетпес» — 2:0
Гол авторлары: Рохер Каньяс, 37-минут (1:0); Патрик Твумаси, 59-минут (2:0).
«Ордабасы»-«Ертіс» — 1:1
Гол авторлары: Иван Божич, 12-минут (1:0); Алан Гатагов, 45-минут (1:1).
«Қайсар»-«Жетісу» — 0:0
«Тараз»-«Шахтер» — 0:0
* * *

1-турдың анықтамасы:
Алғашқы турда 10 гол соғылды.
Төрт ойын тең есептермен аяқталды.
Биылғы чемпионаттағы ең алғашқы гол авторы — «Ордабасы» ойыншысы Иван Божич.
«Қайрат» ең алғашқы ірі жеңіске (4:0) жетті.
Бір ойында қарсыластар қақпасына үш гол салып, Жерар Гоу («Қайрат») алғашқы хет-трик иесі атанды.
Атыраулық жартылай қорғаушы Мақсат Байжанов қарсыластар қақпасына 30-шы добын енгізді. Ол Премьер-Лигада 296 ойын өткізді. Ал «Қайратқа» өткен жылы келген 26 жастағы шабуылшы Жерар Гоу 13 ойында 15 гол соғып үлгерді.
Ең көп жанкүйер Алматыдағы Орталық стадионға, «Қайрат» пен «Тобыл» кездесуіне жиналды — 7000 адам.
Ал «Астана»-«Тараз» ойынын 1500 ғана жанкүйер қызықтады.
Барлық кездесуге келген жанкүйерлердің жалпы саны — 27 200.
Ойыншыларға 25 ескерту қағазы көрсетіліп, екі футболшы (жартылай қорғаушы Дмитрий Шомко, «Астана»; қорғаушы Заурбек Плиев, «Қайрат») «қызыл қағазбен» жазаланды.
Ең тәртіпсіз команда «Ертіс» болды: 5 ескерту қағазы.
* * *

Кеше, 11 наурыз, сәрсенбі күні 2-турдың ойындары өтті.
«Ақтөбе»-«Қайрат» —
«Ертіс»-«Астана» —
«Атырау»-«Тараз» —
«Шахтер»-«Ордабасы» —
«Жетісу»-«Тобыл» —
«Оқжетпес»-«Қайсар» —

«Ақтөбенің» негізгі құрамы

ҚАҚПАШЫЛАР
Стас ПОКАТИЛОВ, 08.12.1992 жыл. Қазақстан
Станислав ПАВЛОВ. 30.05.1994 жыл. Қазақстан
Алмат БЕКБАЕВ. 11.07.1984 жыл. Қазақстан
ҚОРҒАУШЫЛАР
Айоделе АДЕЛЕЙЕ. 25.12.1988 жыл. Нигерия
Дмитрий МИРОШНИЧЕНКО. 26.02.1992 жыл. Қазақстан
Виктор ДМИТРЕНКО. 04.04.1991 жыл. Қазақстан
Роберт ПРИМУС. 10.11.1990 жыл. Тринидад
Юрий ЛОГВИНЕНКО. 22.07.1988 жыл. Қазақстан
Андерсон САНТАНА. 24.04.1986 жыл. Бразилия
ЖАРТЫЛАЙ ҚОРҒАУШЫЛАР
Артурас ЖУЛПА. 10.06.1990. Литва.
Маркос ПИЗЗЕЛЛИ. 03.10.1984 жыл. Армения
Марат ХАЙРУЛЛИН. 26.04.1984 жыл. Қазақстан
Асхат ТАҒЫБЕРГЕН. 09.08.1990 жыл. Қазақстан
Павел ШАБАЛИН. 23.10.1988 жыл. Қазақстан
Евгений ЛЕВИН. 12.07.1992 жыл. Қазақстан
Валерий КОРОБКИН. 02.07.1984 жыл. Қазақстан
Дидар ЖАЛМҰҚАН. 22.05.1996 жыл. Қазақстан
ШАБУЫЛШЫЛАР
Рустам САХИБОВ, 28.04.1996 жыл. Қазақстан
Данило НЕКО. 27.01.1986 жыл. Бразилия
Алексей АНТОНОВ. 08.05.1986 жыл. Украина.
Сергей ХИЖНИЧЕНКО. 17.07.1991 жыл. Қазақстан
Абат АЙЫМБЕТОВ. 07.08.1995 жыл. Қазақстан
(Команда құрамында өзгерістер болуы мүмкін екендігін еске саламыз).
«Ақтөбе» құрамынан басқа командаларға ауысқандар:
Андрей Сидельников, қақпашы, 34 жас
Роберт Арзуманян, қорғаушы, 29 жас
Алексей Мулдаров, қорғаушы, 30 жас
Андрей Харабара, 29 жас, қорғаушы
Тимур Кападзе, 33 жас, жартылай қорғаушы
Игорь Зенькович, 27 жас, шабуылшы
Ал 38 жастағы Петр Бадло футболмен қоштасты.

Әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button