Білім

Зияткерлік мектептің мерейі

Жақында Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі 2 жылдығын тойлады. Мерекелік шараны аталған білім шаңырағының директоры Сәуле Өмірбекова ашып, құттықтау сөз сөйледі.
— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған зияткерлік мектептер мен Назарбаев университеті — «Интеллектуалдық ұлт — 2020» жобасын жүзеге асырудың негізі. Қазір елімізде осы бағытта кешенді жұмыстар жасалып жатыр.
Таңдаулы қазақстандық және халықаралық тәжірибені біріктіретін инновациялық білім үлгісін құру мен енгізуді мақсат еткен Назарбаев зияткерлік мектептері еліміздің әр өңірлерінде ашылды. Біздің мектеп — Мемлекет басшысының бастамасымен бой көтерген оныншы мектеп. Екі жылдың ішінде мектеп ұжымы — мұғалімдер мен оқушылар біраз жетістікке қол жеткізді. Қадірлі оқушылар, әр кез биіктерден көрініп, еліміздің мақтанышы болыңыздар, — деп Сәуле Рахымқызы ақ тілегін, ыстық ықыласын жеткізді.
Одан соң сөз алған ата-аналар мектептің абыройы арта түсіп, мұғалімдердің мәртебесі биіктей беруіне, оқушылардың мерейі әр кез үстем болуына тілектестіктерін білдірді.
Мерекелік шара барысында, оқушылар өз өнерлерін көрсетті. Әсіресе, «Нұр шашу» би ансамблінің өнері жиналған жұртты тәнті етті. Мексикалық әндерді әуелетіп, мың бұрала би билеп, «Пиньята» ойынын ойнаған бір топ оқушы да көпшіліктің көңілін көтерді. Ойын қорытындысында, мектептің мақтаулы оқушысы Дастан Мәжитов үздік биші атанды.
Шараның екінші бөлігінде қонақтар оқушылардың түрлі жұмыстары қойылған көрмені тамашалады.
Шара аясында қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде «NIS Charity» жобасы бойынша мұғалімдер мен оқушылардан жиналған заттар сатылды. Жиналған ақша мүмкіндігі шектеулі балалар мен аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларға ойыншықтар сатып алуға жұмсалатын болады.
Мектептің туған күнін тойлау бұл ұжымның дәстүріне айналып келеді. Өткен жылы мектептің туған күні тікелей эфир арқылы көрсетілсе, биыл мерекелік шараны жүргізушілер «Астана-Ақтөбе» бағытындағы жолаушылар пойызының «жолсеріктері» болды.

Айым ТӨЛЕГЕНОВА,
Ақтөбе қаласындағы
физика-математика бағытындағы
Назарбаев зияткерлік мектебінің
баспасөз хатшысы.
Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button