Білім

Қайырымды ұжымның қамқорлығы

«Мектепке жол»

Өткен аптада республикалық «Мектепке жол» акциясына орай «Трансэнерго» акционерлік қоғамы 1-сыныпқа қабылданатын 10 балаға 231 617 теңгеге мектеп киімдерін, аяқ киім, сөмке және оқу құралдарын тарту етті.

Акционерлік қоғам басшылары қамқорлық жасауға бүкіл ұжым болып ат салысқандарын айтады.

Біздің қызметкерлер бұл күнге бір апта бойы дайындалды. Бізге бекітілген он баланы сауда орындарына апарып, өздеріне ұнаған киімдерін алып берді. Сонымен бірге балалардың көңілін көтеріп, тәттілер сыйлауды жөн санадық. Бұл шара біздің ұжымның мықты ауызбіршілігінің арқасында жүзеге асып отыр. Мектеп табалдырығын аттағалы отырған бүлдіршіндерге еліміздің мақтан тұтар азаматы болып өсіңдер дегім келеді, – дейді «Трансэнерго» акционерлік қоғамының директоры Мәжит Бекмеев.

Шараға шақыртылған клоунның күлдіргі іс-әрекеттері қуанышты балғындарды одан әрі жадырата түсті. Аға-апалары ұсынған киімдерді киіп келген жеткіншектер облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандары ұйымдастырған «Сен мектепке әзірсің бе?» атты психологиялық тренингке қатысты. Департамент қызметкерлері тек сыйлықтар ұсынып қана қоймай, сонымен бірге балғындар көңілін көтеруде бірталай шара өткізіп жатқан акционерлік қоғам ұжымына  зор алғыстарын білдірді.

Әр балаға 20 мың теңгенің үстінде көмек көрсетіп отырған «Трансэнерго» акционерлік қоғамы қам көңіл балаларға керемет көңіл-күй сыйлап отыр. Акцияға қызу кіріскен мекемелерге барлық ата-аналар, балалар атынан рахметімді жеткізгім келеді. Қыркүйектің аяғына дейін жалғасатын акция басталғалы 115 балаға 1 565 400 теңгеге көмек көрсетілді. Алдағы уақытта жиырмаға тарта  мемлекеттік мекеме 46 баланы мектепке даярлау жұмыстарын жүргізеді деп жоспарлануда,- дейді облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің бөлім бастығы Бағдат Орынбаева.

Облыс аумағынан әлі де тізімге ілінбей қалып кеткен әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасылар анықталып жатқан жағдайда қыркүйектің соңына дейін жалғасатын акцияға қатыстыру мақсатында 56-27-21, 55-19-91 сенім телефондарына хабарласуға болады.

Лаура МҮЛКАМАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button