Денсаулық

ЖАҢА БӨЛІМШЕ АШЫЛДЫ

Ақтөбе медициналық колледжі ғимаратының жанынан қалалық балалар стоматологиялық емханасының бөлімшесі ашылды.
Қаланың ескі бөлігінде орналасқан бөлімше енді күніне 100 балаға дейін қабылдайды.
Қалалық балалар стоматологиялық емханасының бас дәрігері Нартай Жиенғазының айтуынша, бөлімшеде 4 терапевт, 2 хирург дәрігер жұмыс жасайды.
— Осы күнге дейін қаланың барлық шағын аудандарындағы балалар біздің Ақтөбе қалалық балалар стоматологиялық емханасына келіп тістерін емдететін еді. 45 мың адамға арналған емханада бүгінге дейін 120 мыңнан астам баланы қабылдап келдік. Әсіресе, жазғы демалыс кезінде балалар ұзын-сонар кезекте тұрып, мамандар үлгермейтін еді. Енді жаңадан ашылған емхананың бөлімшесі қаланың ескі бөлігіндегі тұрғындар үшін қызмет көрсетеді. Бөлімше жаңа заманауи құрылғылармен жабдықталған. Мамандар жеткілікті, — дейді Нартай Жиенғазы.
Бүгінгі күні балалардың 80 пайызы тіс жегімен ауырады. Мамандар балалар арасында көп таралған бұл аурудың алдын алу және оны емдету үшін ата-аналар балаларын дер кезінде тіс дәрігерлеріне көрсетуі қажет екенін айтады.
Қалалық балалар стоматологиялық емханасының бас дәрігерінің орынбасары Роза Салихованың айтуынша, қазір ата-аналар балаларының тіс тазалығына көңіл бөлмейді. Сондай-ақ, кейбір ата-аналар «баламның жүйкесіне тиеді» деп тіс дәрігерінің орындығына отырғызудан қашады. Тіпті кейбіреулері баласының ауырған тісін түрлі антибиотиктер беріп, өздері «емдегенді» жөн көреді.
— Тіс жегі — тістің қатты тіндерінің жұмсаруынан пайда болатын ауру. Ол дұрыс тамақтанбаудан, сілекейдің құрамы мен қызметінің бұзылуынан, тәтті тағамдарды шамадан тыс жеп, ауыз қуысын тазаламаудан, сондай-ақ, фтор мен кальцийдің жетіспеушілігінен болады. Сондықтан ата-аналар балалардың тіс тазалығына ерекше назар аударып, үнемі қадағалап отыруы қажет. Күніне екі рет ауыз қуысын, тістерін тазалатып, егер тісі ауырса, дереу тіс дәрігеріне әкелгендері жөн, — дейді Р.Салихова.
Айта кету керек, сәуір айынан бастап емхана дәрігерлері аудандарды аралап, балалардың тісін емдеп, медициналық қызмет көрсетеді.
Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button