Білім

МАҚСАТ — БІЛІКТІ, САПАЛЫ КАДРЛАР ДАЯРЛАУ

Сапалы кадрлар даярлау ісі өңіріміздің бүгінгі даму үрдісіне және Елбасы белгілеп берген басым бағыттарға, заман талабына сай болуы керек. Осы мақсатта Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Кенжеғали Кенжебаевтың 2014 жылдың 1 қыркүйегіндегі бұйрығымен университет жанынан Экономика және құқық институты құрылды. Осы институттың директоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Халел Хаймуллаұлы Құсайыновқа бірнеше сұрақтар қойған едік.

— Экономика және құқық институтының құрылу себебі, мақсаты мен міндеттері туралы айтып берсеңіз?
— Экономика мен заңтану салаларын терең меңгеру, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау деңгейін жоғарылату мақсатында университеттің бұрынғы экономика және заң факультеттері біріктіріліп, Экономика және құқық институы болып құрылды. Жоғары оқу орны білім берудің мемлекеттік стандарттарына сәйкес жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі, магистратура бойынша оқу бағдарламаларын жүзеге асыратын кәсiби бiлiм беру мекемесі ретінде университеттің құрылымдық бөлiмі болып табылады.
Институт — түлектерге мемлекеттік үлгідегі білім туралы құжат беретін және екі деңгейлі білім беру (бакалавриат және магистратура) жүйесі негізінде жұмыс жасайтын заманауи білім ордасы. Білімді, білікті мамандар даярлаумен қатар, болашақта халықаралық ғылыми-ақпараттық және коммуникациялық кеңістік жүйесіне кіру мақсатында халықаралық байланыстарды дамыту да ойымызда бар. Институттың оқыту жүйесі бюджеттік және ақылы негізде жүргізіледі. Соған сәйкес бакалавриаттың 7, магистратураның 3, орта кәсіптік білім берудің 3 мамандығы бойынша жоғары білікті мамандар даярлаймыз.
Институтта 100-ден астам штаттық бiрлiкті құрайтын жоғары бiлiктi профессор-оқытушылар құрамы оқу үдерісін жүргізіп отыр. Атап айтқанда, 5 ғылым докторы, профессорлар, 43 ғылым кандидаты, доценттер, 2 PhD докторы еңбек етеді.
— Студенттердің білім деңгейін өзін-өзі жетілдіруі үшін институтта қандай жағдайлар жасалған?
— Институт басшылығы мен оқытушылары білім беру қызметінде адами капиталға басты бағдар ұстанады. Қазіргі қоғамда адами капиталды дамыту немесе оның дамуына оңтайлы жағдай жасау — басты мақсаттардың бірі. Себебі кадр даярлау мәселесінің бір ұшы осыған келіп тіреледі. Сондықтан болашақ маманның кәсіби білім алуы үшін білім кеңістігінде инновацияларды игеруге ұмтылысын, өзін-өзі білім тұрғысында тәрбиелеу және қазіргі әлеуметтік құндылықтар әлемінде емін-еркін бағдарлана алу мүмкіндігін барынша қамтамасыз етуіміз қажет.
Қазіргі кезде институтымызда 1300-ден астам студент білім алып жатыр. Студенттердің басым бөлігі ақылы негізде оқитын болғандықтан, олардың оқу ақысына жыл сайын әртүрлі критерийлер бойынша жеңілдіктер жасалынады. Айта кету керек, осы оқу жылында университет ректорының бұйрығымен оқу ақысына жеңілдік алатын студенттердің құрамы бекітілді. Мұндай жеңілдіктер алдымен оқу озаттары мен аз қамтылған және көпбалалы отбасыдан шыққандарға, жетімдер мен мүгедектерге, қоғамдық жұмысқа белсенді араласатын студенттерге берілді. Мәселен, 2014-2015 оқу жылының бірінші жарты жылдығының нәтижесі бойынша институттың 79 студенті осындай жеңілдіктерге ие болды. Сонымен қатар, сабақ үлгерімі жоғары деңгейдегі студенттер Президенттік стипендияның иегері атанды.
Институт заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталған. Сабақтар арнайы мамандандырылған оқу залдарында өтеді, практикалық және зертханалық сабақтар үшін компьютерлермен жабдықталған арнайы аудиториялар жұмыс жасайды. Оқу процесі кредиттік жүйеге негізделгендіктен, мультимедиялар, интернет, электронды оқулықтар, электронды оқытушы және бақылаушы бағдарламалар, аудио және бейнематериалдар және жалпы оқытудың жаңа технологиялары қолданылады.
— Студенттердің ғылыми жұмыстармен айналысуына қаншалықты көңіл бөлінеді?
— Қазіргі қоғам инновацияға негізделген, жаңа технологиясыз ғылымда даму да жоқ. Елді индустрияландыру тікелей дамудың жаңа технологияларына байланысты. Үкімет бағдарламасы да осыны меңзейді. Институт студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуына зор мән береді, әр білім алушының ғылымға деген қызығушылығын қалыптастыру мен үйретуді көздеген ғылыми үйірме, проблемалық топтардың жұмыстары нақты, нәтижелі. Студенттер аймақтық ғылыми, ғылыми-практикалық конференция, семинар-тренинг, алқалы жиын, дөңгелек үстел, түрлі байқауларға қатысып жүр. Дәстүрлі «Студент — ғылым жолында» ғылыми апталықтың барысында студенттеріміз жан-жақты екендіктерін дәлелдеп келеді. Біздің студенттеріміз Қазақстанның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары өткізетін республикалық пәндік олимпиадалар мен халықаралық конференциялардың тұрақты жүлдегерлері.
2014 жылдың 22 шілдесінде «Казахстанская правда» газетінде Қазақстан Республикасының аккредитациялау және рейтинг тәуелсіз агенттігі жүргізген мамандарды даярлау деңгейі мен бағыттары бойынша ҚР жоғары оқу орындарының тәуелсіз рейтингі нәтижесі жарияланды, нәтижесінде біздің магистратурамыздың «Мемлекеттік және жергілікті басқару» және «Маркетинг» мамандықтары 3-орын алды.
— Академиялық ұтқырлық бағдарламасының нәтижелері туралы не айтасыз?
— Біздің студенттер мен оқытушылар академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысу арқылы сапалы білім беру және ғылыми-зерттеу бағдарламаларына қол жеткізіп отыр. Академиялық ұтқырлықты қолдау және көтермелеу халықаралық еңбек нарығында беделді орын алумен қатар, ұлттық экономикадағы еңбек ресурстарының сапасына маңызды әсер етуге қабілетті жаңа сападағы еңбек адамының қалыптасуына ықпал етеді.
Студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлық аясында АҚШ, Қытай, Нидерланды, Швейцария, Латвия, Ресей және басқа алыс және жақын шетел жоғары оқу орындарымен өзара тиімді ынтымақтастық туралы келісімшарттар бар.
Атап айтсақ, институттың оқытушылары Құралай Балғынова, Айгүл Тасмамбетова және Мақсат Шәкібаев 2013 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша Монтре қаласындағы халықаралық бизнес мектебінде оқып, ғылыми тағылымдамадан өтіп келді. Жаңа оқу жылында халықаралық «Болашақ» бағдарламасы желісі бойынша «Мемлекеттік басқару және маркетинг» кафедрасының оқытушысы Райхан Якудина Лейден университетінің ICLON біліктілікті жоғарылату институтында (Нидерланды) 3 ай, «Экономика және менеджмент» кафедрасының доценті Аслан Тасмағамбетов Ақпараттық жүйелер менеджменті Август мектебінде (Латвия), «Қаржы және банк ісі» кафедрасының аға оқытушысы Жанат Байшүкірова қытай тілі курсын бітіріп, Синьцзян қаржы-экономикалық университетінде тәжірибеден өтіп келді. «Экономика және менеджмент» кафедрасының оқытушысы Жанат Ерниязова «Болашақ» бағдарламасы бойынша Лондон университет-колледжінде (Ұлыбритания) оқуын жалғастыруда.
Бүгінгі күні ғылыми-педагогикалық қызметті жүзеге асыру үшін біздің институтқа Канада, Ресей және Үндістаннан 5 шетелдік ғалым шақырылды.
— Өнеркәсіп кәсіпорындарының базасы негізінде «Білім-ғылым-өндіріс» схемасы қалай жүзеге асуда?
— Мемлекеттік жалпыға ортақ білім беру стандарттарына сәйкес кәсіби тәжірибенің келесі түрлері қарастырылған: оқу тәжірибесі, педагогикалық тәжірибе және өндірістік тәжірибе. Институтта өндірістік тәжірибе бағдарламасы мемлекеттік білім беру стандарты және мамандықтардың оқу жоспарының негізінде және сапа менеджменті жүйесінің талаптарына сәйкес жасалады.
Өндірістік тәжірибеден өту базалары ретінде ұйымдардың қызмет бағыттарына байланысты әртүрлі кәсіпорындар мен мекемелер таңдалады. Осыған орай студенттер үшін тәжiрибелік база ретінде көптеген компаниялармен ынтымақтастық орнатылған. Мысалы, қаржы мекемелері, банктер және салық басқармалары, түрлі қорлар, коммерциялық фирмалар, мемлекеттік және жергілікті басқару органдары мен мекемелері арасында серіктестік туралы келісімшарттарымыз бар. Кәсіпорын жетекшілері студенттермен бірге ғылыми-зерттеушілік, кеңестік және инновациялық сипаттағы бірлескен жұмыстар жүргізуде. Ағымдағы оқу жылының қыркүйек айында бизнес-қауымдастық өкілдерімен, соның ішінде, облыстық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Төлеміс Шотановпен кездесу ұйымдастырылды.
—Түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
— Өкінішке қарай, қоғамымызда экономистер мен заңгерлердің еңбек нарығы талаптарынан артық мөлшерде екендігі туралы сыңаржақты пікірлер бар. Алайда нарықтың өз сұраныстары мен ұсыныс, талаптары бар екені белгілі. Жұмыспен қамту мәселесі де нарықтың осы заңдылықтарына сүйенеді. Бір кездері белгілі бір мамандықтарға деген сұраныс азайса, келесі бір уақытта оған деген сұраныс туып жатады. Бүгінгі мемлекет тарапынан қабылданып жатқан индустриялық-инновациялық бағдарламардың жүзеге асырылуы осы бағыттағы мамандарға деген қажеттілікті туғызып отыр. Бұл өз кезегінде түлектеріміздің жоғары сұранысқа ие болатындығының дәлелі. Жалпы өз мамандықтарына сәйкес бітіруші түлектеріміздің 80 пайызы жұмысқа орналасады. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі кезінде жұмыс берушілер қызығушылық танытты. Біздің түлектеріміздің 20-30 пайызы өндірістік тәжірибеден өту барысында кәсіпорын, фирма мен ұйымдардан жұмысқа орналасу жөнінде шақыртулар алады.
— Бүгінгі таңда жоғары оқу орны қиыншылықтармен кездесіп отыр және оны қалай жоюды жөн санайды?
— Жастардың материалдық өндіріс аясына бағытталуын нығайту мақсатында білім алушы жастар арасындағы жұмысты белсендірек жүргізу қажет. Біздің ойымызша, қазақстандық ғылымға қоғам мен экономиканы дамытудың жетекші институттарының рөлін қайтару қажет. Сонымен қатар, ғылыми салада қызмет ететін ғалымдар мен мамандардың өзін-өзі жетілдіруіне мүмкіндік жасалуы тиіс.
— Болашақта институтта мемлекеттік бағдарламалар шегінде жұмыс жасау қалай жоспарланып отыр?
— Болашақта біздің институт мамандарды Ресейден және Қытайдан шетел ғалымдары мен мамандарын тарту арқылы жұмыс берушілердің тапсырысы бойынша даярлай бастайды. Бұл үшін біз еңбек нарығында білікті мамандардың қажеттілігі тұрғысынан мониторинг жүргізудеміз. Облыста үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып жатқан жаңа жобаларға ерекше көңіл бөлінуде. Жаңа кәсіпорындар келешекте маман тапшылығына ұшырамас үшін өз кадрлары туралы бүгіннен бастап ойлануы керек. Сонымен қатар, мектеп оқушыларының экономикалық және құқықтық білім алуына көп көңіл бөлу керек. Мұның бәрі үдемелі индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының жобаларын жүзеге асыру үшін мамандар даярлау мәселесін шешудің қажетті шарттары болып табылады.
— Экономика және құқық институтының даму перспективалары қандай?
— Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Экономика және құқық институтының мақсаты — болашақта өндіріс саласында ғылым мен білім жетістіктерін тиімді пайдаланып, өндіріс орындарының сұранысы бойынша өңірге қажетті экономикалық және құқықтық профилдегі білімді мамандар әлеуетін дайындайтын жоғары беделді институт ретінде көріну.
Алдағы уақытта институтымыздың даму стратегиясында білім, ғылым, зерттеушілік және бизнес бағыты бойынша жетекші позицияларға шығу міндетімен қатар, бәсекелестік ортасына бейімделудің жоғары дәрежесіне жеткен, ерекше қабілетті, халықаралық деңгейдегі сұранысқа ие, іргелі және тәжірибелі, білімді маман-түлектер дайындау міндеттері қойылып отыр.
Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button