Мәдениет

Екі басты бүркіт бейнеленген түйме хикаясы

Үкітай БАЙЖОМАРТОВ

Болған оқиғаның ізімен жазылған повесть

Қуғын-сүргін жылдарының еш кінәсіз құрбандарына арнаймын.

Автор.

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

Ата салтымен Смағұл ағадан «Қонақ кәде» сұрайыншы?!

–  Сұрай ғой, балам, сұрай ғой…

Атасының рұқсатын алып алған бала әуелі қонақтардың қандай көңіл райында отырғандарын білейін дегендей бұлардың жүздеріне сынай қарап барып:

– Смағұл аға, «Ай салқын самалды сыйласа да, Айдай әлем күнге құмар» деген бар ғой. Белгібай ағамды күнде дерлік тыңдап жүрміз. «Басқадан сатып ала алмайтынымызды түсі келістіден сұрап ала аламыз» ғой деймін. Бізге ат арытып келген қонақ аға сенімімізді ақтайды, «Қонақ кәдені» қиынсынып жатпайды, – деп отырмыз. Ал «Сенім сеңгір тауды қозғайды!» дейді ғой білгірлер. «Қонақ кәденің» ырымын әнмен жасаңыз, аға!

–  Ой, айналайын, тіл безеп, шешен болуға жарап қалған  бала екенсің. Өркенің өсіп, талабың тау шыңындай биік болсын! «Әуелі қанаттан, самғауға сосын талаптан!» десем, еш артықтығы жоқ екен. Ата салтын орындаудан мен де бас тартпаймын. Өкініштісі, Берішбектей жігіт жайлы ән білмеймін. Халықтың «Жан ерке» деген әнін орындап берейін. Соны қабыл алыңыздар, – деді де Берішбек алып берген домбыраны қолына ұстап шырқай жөнелді:

Сүйсінемін, жан ерке, мінезіңе,

Тартқандайсың әніңмен бір өзіңе.

Үлкен-кіші естісе таңырқаған

Өнегелі, үлгілі әр сөзіңе.

Ашық мінез, ақ маңдай,

Менмендік жоқ ешқандай.

Сөзің алтын, күлкің наз,

Жайдары жүз, еркем-ай.

Ақылыңа көркің сай, ісің әрлі,

Бір өзіңдей болсашы жанның бәрі.

Күлкісі наз, сөзі бал жан ерке деп,

Аңыз еткен атыңды жас пен кәрі.

* * *

Әннің қайырмасы соңғы рет қайталанған соң Әшекеңнің киіз үйінің ішін бір сәтке үнсіздік биледі. Бұған басты себеп Фариза ананың көңілі босап, көзін кимешегінің ұшымен сүрткені еді. Әрине, әннің кімге арналғаны бұл жолы отырғандардың бәріне түсінікті болатын. Мұны сұлу қызды бір көргеннен құлай сүйген, оның ай тәріздес ажарын дәл суреттеуге сөз таппаған, жүрегін сағыныш билеген,  кездескенінен бергі санаулы  сәттер кеудесін мұңға толтырып үлгерген жан аздап дірілге, сағыныш сазына, шын ғашықтық әуеніне толы әдемі сырлы дауыспен айтқан-ды. Бұдан сәл бұрын дабырласа сөйлесіп отырған көрші үйдегі жастар да тез тыныштала қалып, Смағұл айта бастаған әнді ұйып тыңдаған еді. Тағат пен сабырдан аяқ астынан айрылған Фатиманың сол қолының сүйріктей саусақтарын жеңгесі екі алақанымен баяу сипалап, оны өзін ұстай білуге шақырды. Қара көздерінде мөлдірей қалған «шықтарды» ең жақын жанға да  көрсеткісі келмеген бойжеткен камзолының күміс қарсы ілгектеріне үңілді…

–  Өркенің өссін, балам! Әнді тәуір орындайды екенсің. Менің кемпірім де жастық шағын есіне түсіріп, көзіне жас алды-ау деймін. Мұндай мүмкіндік өзіне көптен бері болмай жүр еді, – деп Әшім қарт кеңкілдей күлді. Кемпірі үндеген жоқ. Белгібай анасының көзіндегі жастың шын сырын білетін жандай езу тартты, Смағұлға қарап, екі көзін бірдей жұмып, қайта ашты. Қонақ жігіт те езуіне күлкі үйіріліп, оған «үнсіз жауап қайырды». Телағыс пен Жанарыстың да кейуананың неліктен «босағанын» дәл танып, біліп отырғандарын бір қараған адам сөзсіз түсінген болар еді.

Үнсіздіктің созылып бара жатқанын байқаған Әшекең жан-жағына баяу көз жүгіртті де:

– Шырағым, Смағұл, біз ардақтайтын бұрынғылар:

«Үйіңе қонақ келсін,

Алыстан сұрап келсін», – дейді екен. Алыстан сұрап, көптен бергі әдейілеп ат басын бұрған қонағымыз өздеріңсіңдер. Ат арытып келген басты бұйымдарыңды бітіріп жіберуге тырысамыз. «Атың жақсы болса – қанатың, Ағайын жақсы болса – санатың» дейді ғой қазақ. Аллаға мың да бір тәубе, пейілді ағайындарым бар. Бас көтерерлерін осы жерден көріп отырсыңдар. Жеке бастарыңның бұйымдары болса, ертең жүрерде сұрармыз. Қазір демалалық. Кемпір-ау, Белгібаймен екеуімізге (Берішбектің өзіне алая қарағанын көріп қалып), ой, кешір балам, Берішбек үшеуімізге осында төсек сал, қонақтармен әңгімелесіп жатармыз. Өзің қызыңмен, келініңмен Белгібайдың үйінде боларсың, – деді.

Ерке өскен ақылды Берішбек сонда да бір сөйлеп қалды:

–  «Жақсы әке – жаман балаға қырық жыл азық» демеуші ме еді. Үйге кісі келсе, менің әкем мені ұмыта береді. Жасынан ағаларды, ұлағатты сөздерді тыңдап, естіп өспесе:

«Атадан жақсы ұл туса,

Елінің қамын жейді» дерлік жігіт қайдан шығады дейді екен?!

Шын мейірленіп, немересінің басынан иіскеген Әшекең рахаттана күліп алып:

– «Балалы үй – базар, Баласыз үй – қу мазар» дегеннің не екенін осы жігіт маған үш жасынан бері түсіндірумен келеді. «Ұстаз» деп осыны айтыңдар. Жетпістен жасы асқан мені күн сайын «тәрбиелеуден» жаңылмайды. Ал, жарандар, сендердің де осындай шебер тәрбиешілерің болсын, – деді.

– Әй, Берішбек-ай, сен айта қаларлықтай мықты жігітсің-ау. «Алты жасар бала атқа мінсе, Алпыстағы шал алдынан шығып атын ұстар» дегендей, Әшім ағам да сенің атыңды ұстауға жарап қалыпты, – деп, Жанағыс баланың тапқырлығына ризашылықпен қатты күлді. Смағұл да, Телағыс пен Белгібай да күлкіден ішектері түйілердей болып, әлгінің басынан бір-бір сипап өтті. Анау болса етпетінен жатып алып, «Ханталапай» ойнап жатыр. Өзіне өзі риза сияқты…

…Ертеңіне шай ішіліп болған соң қонақтар жол жүруге ыңғайлана бастады. Түнімен дөңбекшіп, ұйықтай алмай шыққан жігіттің жүзіне Әшекең барлай қарап өтіп:

– Айналайын Смағұл, сен де мен сияқты қонған жеріңде ұйықтай алмай шықтың-ау деймін. Бас аман болса әлі-ақ бәрі орнына келеді. Ең бастысы:

«Жақсы келді дегенше,

Жарық келді десейші.

Жақсылықтың уытын

Алып келді десейші» дегендей, ауылымызға өзіңнен жақсылықтың нұр сәулесі мықтап түскендей болды, балаларымыздың көңілдері көтеріліп, бір серпіліп қалған сияқты. Өзің сияқты көрші үйде де ұйықтамай шыққандар болған тәрізді!..

–  Қағынған мына шал не деп отыр?! Алжиын деген шығарсың! – деп Фариза ана отағасының сөзін бөліп жіберді. Смағұл ұялып, жерге кіріп кете жаздады. Жүзінде қызыл шырай лып ете қалып, тез төмен қарауға мәжбүр болды…

–  Ау, кемпір-ау, «Аян нәрсеге айғақ не керек?». Баяғыда біреу: «Мен пендемін, ендеше, пендеге тән атаулының маған да жаттығы жоқ!» деген екен. Әдеттің әмірі күшті. Білгенімді айта салатын әдетім бар, оны қалай түзерсің?!

–  Апа, «Дана болам дегенді дәрімен емдеме, даналықпен емде» деген бар. Тауып тәуір сөз айтыңыз, әкем сонда ғана тыйыла қалады, – деп сөзге Берішбек араласа кетті. Не бары жеті жастағы баланың зерделілігі, ойының ұшқырлығы кімді болсын таңдай қақтырады. Смағұл тағы да еріксіз жымиып, Берішбекті кекілінен сипап-сипап жіберді. Мұны байқаған Фариза кемпір:

–  Ана шалдың өнегесі ғой. Оның аузына түкірген де сол, – деп бір қойды. Святослав машинаны оталдырып, қыздыру керек екенін айтып, сыртқа шығып кетті.  Ал Әшекең ризалықпен күліп алып, манағы үзілген сөзін жалғастыруға кірісті:

– Кемпірім-ау, «Қисынсыз ақталу қылмыстан да сорақы» деген бар. «Ақиқатын айт – адамға жақпаса да Аллаға жақсын» дегенді де естігенмін. Оның үстіне, «Шынайы еркектің шылбыры мен тізгіні өз қолында» демей ме. Сондықтан отағасы отанасына ретіне қарай ғана құлақ асады. Бұл да қазағымның ата заманнан келе жатқан тәуір дәстүрі. Оның үстіне, «Түнімен екеуміз де кірпік ілмедік» деген өзің емес пе едің?!

– Құ-ұ-ұрсын, мынаған бүгін бірдеңе болған шығар, өмірі істемеген ісін істеп… – деді де ренішті Фариза ана сыртқа шығып кетті… Ақсақал кемпірінің қылығына күліп алып, үйде үшеуі ғана қалғанын пайдаланып:

– Қарағым Смағұл, осы сапарың сенің ғана емес, менің немеремнің де өміріне үлкен өзгеріс әкелгелі тұрған сияқты… «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» деген ғой. Сорлы бала кешеден бері өзін қояр жер таппай жүрген сыңайлы. Сонау аласапыран жылдары ауылды елсіз далаға көшіріп алып кеткенімде мұнымның кейінгі ұрпаққа келтірер зияны жөнінде ойланбаппын да. Ауыл бірнеше рудың адамдарынан құралса бір сәрі. Не бары 4-5 атаның ұрпақтарынан тұратын ағайындылар балаларының отбасын құруы түгіл, ойын-сауық өткізулерінің өзі қызықсыз болып бара жатқан жайы бар. Сенің де бас еркің жоқ, басқаға тәуелді адамсың. Байқадың ба, байқаған жоқсың ба, білмеймін. Бірақ есінде жүрсін деп, әзілмен болса да айтып қалып жатырмын. Қайтып орала аласың ба, жоқ па, оған көзім жетпейді. «Тірі адамдар тілеп жүрсе, әйтеуір, бір табысар» дейді ғой. Жеңгелері де ұялшақтау, саған жақындай алмаған шығар. Оның үстіне, Белгібайымның әйелінің, Фатимамның анасын айтып отырмын, қайтыс болғанына да биыл бесінші жыл. Маңайда төсек жаңартуға мүмкіндік беретін бір де қазақ ауылы жоқ… Жағдай түсінікті болды-ау деймін… Сақалды басыммен өз қателігімнің бір жапсарын осылай жапсам ба деп едім… «Тіліңдегі жүрегіңде болмаса, Әлдекімді сендірем деу – далбаса» деген ғой. Бұл олардың ертеңін ойлап, ұрпағы үшін жаны ауырып, кәрі жүрегін шер баса бастаған адамның жан айғайы деп біл. Ата салтына салсаң да, жас ерекшелігімді, ауыл ағасы ретіндегі мәртебемді ескерсең де менің бұлай ететін ретім жоқ. Бірақ жаңа ғана айттым ғой, кезінде жіберген қателігім еңсемді басып, ұрпақ алдындағы кінәмнан қалай да арылуды күйттете бастады. «Айтса да бүкіл халық сөздің расын, Ақымақ мойындамас өз кінәсін» дегенді жасымнан зерделеген жан едім. Сондықтан менің осы айтқандарымды әбес көре көрме, айналайын!..

Ақсақал бір сәтке төмен қарап, үнсіз отырып қалды. Айтарын айтып алып, өмірдің аласапыран ағысы өзін осындай – ақсақалға, ауылбасшысына тән емес іске итермелегеніне, өзінің де шарасыздан соны жүзеге асырғанына ренішті сияқты.

Етпеттей жатып асық ойнап, бірақ атасының сөзіне құлақ түрген Берішбектің:

– «Бұл дүние көлеңкедей алдайды,

Қусаң – қашар, қашсаң – сенен қалмайды!» деген емес пе білгірлер.

«Қайғы да өтеді,

Қуаныш та өтеді.

Дәурен де өтеді –

Тек өкініш қана қалады», – деген де бар ғой. Бірақ енді өкінгенмен ештеңе өнбейді, – демесі бар ма!

Немересінің тауып айтқан сөздеріне риза болған ақсақал оны басынан сипап, күлімсіреген күйі басын шайқады. Сосын:

– «Бір бала атаға жете туады,

Бір бала атадан өте туады» деген ғой. Атасынан да озатын осы Берішбегім болады, – деді де Смағұлға қарап:

– «Болар бала бесігінде бұлқынар,

Болар құлын желісінде жұлқынар», – дегендей, Берішбегім туғанынан зерделі болып өсіп келеді. Аузына да өзім түкіріп едім. Ерекше баланың ерте ер жетіп келе жатқанын байқап, бүкіл ауыл адамдары болып, мұны мақал-мәтел жаттауға, сөзді ұтырлы сөйлеуге үйретіп жүрген жайымыз бар. Не айтса да аузынан қақпаймыз. «Әтте-е-ең, бұған да шаршы топта басқа өнер иелерімен сайысатын күн туса» деп армандайтын болып алдым, – деді.

Смағұлдың «Одан дағы елге қайта көшпейсіз бе?» дегісі келді де, «Онсыз да өзі ауыр ой салмағынан қажып жүрген адамды «морт сындырып алармын» деп, жақ ашқан жоқ. Есесіне Берішбектің кескін-келбетіне мұқият көз жіберді. Кең маңдайлы, екі көзі бір-бірінен қашық орналасқан. Әдемі қыр мұрынды. Еріндері не қалың, не жұқа емес. Дене бітімінің де басқа жеті жасар балалардікінен еш айырмасы жоқ. Тек басы ғана үлкендеу сияқты көрінді бұған…

Сырттан оталған мотор үні естілді. Ішке Белгібай бастаған Телағыс пен Жанарыс кірді. Соңғы екеуі мұнымен қол беріп амандасып, кешегі орындарына отырды. Әшекең:

– Қарағым, Смағұл, ата салтымыз бойынша кетер алдында бұйымдарыңды сұраймыз. Не бұйымдарың бар, қысылмай айта отыр? – деді. Осы сәтте Фариза ана да сырттан үйге еніп, отырғандарға шұбат құя бастады.

–  Кешегіден басқа еш бұйымымыз жоқ. Соны қанағаттандырсаңыздар болды, -деді Смағұл. Әшім қарт Святославты шақыртты да:

– Е, жарайды, оны қанағаттандыратын болдық қой. Бастығыңның өзі келіп, сауын биелерді көріп, байламын осы жерде айтсын. Басқасын да келісе жатармыз. Бірақ бізге жылқы  бағуға көмектесетін адамын ерте келсін. Себебі биелер құлындайтын уақыт болып қалды. Сондықтан жауапкершілікті осы бастан бөліспесек болмайды. Біз сол адамының өзің болғаныңды дұрыс көріп отырмыз. «Жүрер аттың тоғы жақсы», сусын алыңдар, – деді.

Ас қайырылған соң Әшім қарттың соңына еріп бәрі сыртқа беттеді. Машинаның жанына ауылдың мал соңында жүргендерінен басқа тұрғындары түгел дерлік жиналыпты. Жартылай шеңбер жасап жайғасып, әңгімелерін де тыя қойды. Смағұл өзіне көп көздердің қадала қалғандарын сезіп, қысылып қалды. Бір қолында шинелі, екінші қолын қоярға жер таппай беліндегі жалпақ белбеуді әрең тауып, оны сипалап тұр. Белгібай мен Телағыс, Жанарыс көпшілікке қосылып, автокөліктің қасында ауыл басшысы мен қонақтар ғана қалды. Әшекең:

– Қадірлі ауылдастарым, балаларым, туыстарым, кеше кешкілік бізге ат басын тіреген құдайы қонақтар өз мекемелері үшін қымыз ашытуға көмек сұрап келген еді. Біз сұраған көмектерін беруді ұйғардық. Қалай, бұл шешіміміз дұрыс па? – деп сұрады.

– Дұрыс! Дұрыс шешкенсіздер. Көмек берейік, – деді ауыл адамдары бір кісідей.

– Сіздермен де келістік деп білеміз. Онда  қонақтарға айтарларыңыз бар ма?

Сәл үнсіздікті пайдаланып, бір сәукелелі сары келіншек:

– Ата, «Қонақ кәдесін» жасамаса бұл жігіттерді біз елдеріне жібермейміз! –  деп сыңғырлай күлді. Оны басқалар да қолдап:

– «Қонақ кәдесін» жасасын! – деп шуласты. Фатиманың інісі болып шыққан түндегі қара торы жігіт бұған домбыраны әкеліп берді. Шинелін көліктің ішіне тастай салып, аспаптың бұрауын тез келтіріп алған Смағұл:

– Жарайды, «Қонақ кәдесіне» халықтың көпке мәлім «Бекзатым» әні жарап қалар, соны орындап берейін, – деп,  айта жөнелді:

Қара нар жүк көтермес бел кеткен соң,

Ен жайлау құлазиды ел кеткен соң.

Жолыққанша,

Аман бол, амал қанша.

Бірге өскен кішкентайдан құрбым едің,

Ойнаймын енді кіммен, сен кеткен соң.

Жолыққанша,

Аман бол, амал қанша.

Әннің қайырмасын:

Кекілін кескен кер атым-ай,

Титтейден өскен бекзатым-ай.

Жанымда бірге жүрген жайдарлым-ай,

Жаутаңдаған көзіңнен айналдым-ай, – деп айтып тұрып, ақшыл тонды иығына жамыла салған, кешегі қос етекті ақ көйлек, қызыл камзол, үкілі, зерлі қызыл бөрікпен топ ішінде тұрған Фатимаға ынтыға қарады. «Жаутаңдаған көзіңнен айналдым-ай» деп тұрып, шынында да бойжеткеннің өзіне жаутаңдап тұрған шарасы кең әдемі көздерін көрді. Тұла бойын найзағай оты шарпып өткендей сезінген Смағұл қатарынан екі рет қателесіп барып, соңғы шумақты бастап кетті:

Сыртынан ауылымның өттің, кеттің,

Үкісін тақияңның бермей кеттің.

Жолыққанша,

Аман бол, амал қанша.

Сол үкің азар болса жүз теңгелік,

Қалдырдың көңілімді мың теңгелік.

Жолыққанша,

Аман бол, амал қанша.

Манағы сезімнен әлі де арыла алмай қойған  Смағұл әннің қайырмасын қайталауды ұмытып кетті…

Домбыраны кімге қайтарып берерін білмей тұрғанында топтан бөлініп, жүгіріп келген қыз жеңгесі «Еркежанның үкісі» деп, оның бөрігінің үкісін кестелі ақ жібек орамалға орап әкеліп, қолына ұстатты. Сосын домбыраны алып, кейін қарай жүгіріп кетті. Ал Әшекең болса қасына келген Берішбекке бірдеңе деп жатып, мұның бәрін көрмеген болды. Бұдан соң да немере қызы жаққа қарамауға тырысып бақты. Ауыл басшысының жаңағы келіні «Еркежанымен» сыбырласып алды да:

(Жалғасы бар).

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button