Денсаулық

Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет ескертеді Тұмаудан сақтан!

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 6 тамыздағы ақпараты бойынша әлемнің 125 мемлекетінде  А/H1N1 тұмауын жұқтырған 193 574 дерек ресми түрде тіркелген. Бұл вирус жыл сайын тіркеліп отырған маусымдық тұмау вирустарына ұқсамайды.

Бұл тұмауды адамдар қалай жұқтыруы мүмкін? Вирус адамға сырқат адамның жөтелуі немесе түшкіруі кезінде залалданған ауа арқылы жұғады. Тұрмыста жеке гигиена талаптары дұрыс орындалмаса, ауру тез таралады. Тұмаудың алғашқы белгілері байқалғаннан бастап 7 күнге дейін айналадағы адамдарға қауіпті болып есептеледі. Кейбір жас балалар мен иммунитеті нашар азаматтар үшін індеттің жасырын мезгілі  10 күнге созылуы мүмкін. А/Н1N1 тұмауының белгілері маусымдық тұмау белгілерінен ешқандай айырмашылығы жоқ.  Яғни тұмауды жұқтырған адамның дене қызуы көтеріліп, жөтеледі, тамағы ауырып, мұрынмен дем алу қиындайды, бас ауырып, бұлшық еттері мен буындары сырқырайды. Егер сізде немесе сіздің балаларыңызда тұмаудың аталған белгілері пайда болса, дәрігер шақыртып, бет-аузыңызды бетпердемен жапқаныңыз жөн. Тұмаудың алғашқы белгілері сезілгеннен бастап жеті күнге дейін төсек режимін сақтаңыз. Қолыңызды сабынмен қайта-қайта жуыңыз немесе құрамында спирті бар сұйықтықты пайдаланыңыз. Сонымен қатар гигиеналық салфеткаларды немесе бет орамалдарды пайдаланғаннан кейін қолыңызды жуыңыз. Егер сіз немесе сіздің туысқандарыңыз  А/Н1N1 тұмауы тіркелген мемлекеттерде болса немесе өзіңізді әлсіз, науқас сезінсеңіз, тез арада дәрігерге қаралыңыз. Дәрігердің нұсқауынсыз дәрі-дәрмектерді пайдаланудан аулақ болыңыз!

Б. ЖАМБЫЛОВА.

жетекші маман.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button