Әлеумет

Сұрақ-жауап

Компьютерлік томографқа

кімдер тегін түсе алады?

Дәрігер маған компьютерлік томографқа түсуге жолдама берді. Бірақ ол өте қымбат тұрады деп естимін. Қандай да бір жеңілдікпен түсуге мүмкіндік бар ма?

Әсем,

көп балалы ана,

Ойыл ауданы.

Жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Сәубет Келімбердиев:

– Компьютерлік томография – өте қымбат тұратын медициналық қызмет

түрі. Бірақ 2008-2009 жылдарға арналған кепілденген тегін медициналық қызмет көлемі туралы Үкімет қаулысына сай, бірқатар адамдар бұл қызметті тегін пайдалана алады. Олар: Ұлы Отан соғысының ардагерлері; Алтын және Күміс алқасы бар көп балалы аналар;  жүкті әйелдер; мемлекеттен жәрдемақы алып отырған, яғни әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мүшелері; тұрмысы ауыр, жалғызілікті зейнеткерлер; аса қауіпті жұқпалы ауруға және туберкулез, СПИД секілді қоғамға қатер төндіретін дерттерге шалдыққан жандар. Олар жергілікті кеңес беру-диагностикалық емханалардың жолдамасымен келулері тиіс. Сондай-ақ, жедел жәрдем ауруханасында емделіп жатқан науқастар да компьютерлік томографқа тегін түсе алады.

Жеңістің 65 жылдығына

арналған жоба

– Кезінде «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылып, бірақ әділетсіздік салдарынан ол құрметке қолы жетпеген аталарымызды енді «Халық қаһарманы» атағына ұсыну мақсатындағы акция жүріп жатыр деп естідім. Осы жөнінде нақтырақ білгім келеді.

Бақытбек ӘЗІМОВ,

Ақтөбе қаласы.

– Ұлы Отан соғысы кезінде асқан ерлігімен көзге түсіп,  «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылған, бірақ жоғары жақтың әділетсіздігі, озбырлығы салдарынан ол атақты ала алмаған батыр аталарымыз аз емес. Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Рақымжан Қошқарбаев сынды даңқты тұлғалардың тағдырын алға тартсақ та болады. Өз уақытында лайықты құрмет көре алмаған сондай аталарымызды дәріптеу мақсатында  Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры мен «Атақазақ» қоғамдық бірлестігі бірігіп, «Халық батыры» жобасын қолға алып отыр. Қолында атасының «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылғандығы жөніндегі мәліметтер, құжаттар бар жандар жобаның ақпараттық демеушісі болып табылатын «Ана тілі» және «Алаш айнасы» басылымдарына хабарласуы тиіс. Жоба жыл соңына дейін жүреді. Құжаттар сарапшы, тарихшы мамандар тексеруінен өтіп, «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылғандығы расталған жағдайда, ол адамға «Халық қаһарманы» атағын беру жөнінде ұсыныс жасалатын болады.

Кім қанша төлейді?

– Жақында біздің ауылымызға электр жарығы келеді деп күтіп отырмыз. Ал электр жүйесіне қосылуға рұқсат беретін құжаттар үшін көршілеріміз әрқайсысы әр түрлі мөлшерде ақы төлепті. Бұл қалай болғаны?

Қ. АСҚАРОВА,

Ясное-2 ауылы,

Ақтөбе қаласы.

– Бұл істе тұрғындар алдымен «Энергосистема» ЖШС-дан техникалық құжат алуы керек.  «Энергосистема» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Марат Аманғалиевтен білгеніміздей, техникалық құжат үшін ешқандай ақы төленбейді.

Ал электр жүйесіне қосылу үшін рұқсатты ҚР Мемлекеттік қуат бақылау жөніндегі комитеті Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясы береді және аталмыш инспекцияның жетекшісі Аманбай Сакиевтің айтуы бойынша, бұл үшін де ешқандай ақы төленбейді. Әйткенмен рұқсат алу үшін тұрғындар аталмыш мекемеге сараптамалық ұйымдардан электроқондырғылар, басқа да жабдықтардың тексеруден өткендігі жөніндегі қорытынды алып барулары тиіс. Ақтөбе қаласында ғимараттардың электр жүйесіне қосылуға әзірлігін тексеріп-сараптаудан өткізетін бірнеше ұйымдар бар: «Қазэнергосараптау», «Минэнерго», «Энергосараптау», «Пауэр инжиниринг», т.б. Жеке құрылымдар болып табылатын бұл ұйымдар көрсеткен қызметі үшін тұрғындардан әрқайсысы өз тарифтеріне сай, яғни әр түрлі мөлшерде ақы сұрайды.

Көшеде сыра ішсеңіз,

айыппұл төлейсіз

– Көшеде сыра ішкен жандардың енді заң бойынша жазаланатыны рас па?

Ермек,

Ақтөбе қаласы.

– ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі Кодексінің 336-бабына өзгерту енгізіліп, мұндағы «спирттік сусындар» сөзі енді «алкогольдік сусындар» сөзімен алмастырылып отыр. Ал сыра алкогольдік сусындар санатына енеді. Соған байланысты қоғамдық орындарда сыра ішіп ұсталған жандарға: бірінші жолы – бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде; екінші жолы – бір немесе екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Ал үшінші жолы ұсталар болса, 15 тәулікке бас бостандығынан айыру орнына жіберіледі. Айта кетейік, бір айлық есептік көрсеткіш мөлшері – 1296 теңге.

Доңыз тұмауын оксалин майы жеңеді

– Доңыз тұмауынан  қарапайым сауықтыру шаралары арқылы сақтануға бола ма? Жалпы, құс тұмауы мен доңыз тұмауының айырмашылығы неде?

Армангүл ОСПАНОВА,

Алға қаласы.

Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі орталықтың дәрігері, жоғары санатты терапевт Гүлнәр СИДАШЕВА:

– Құс тұмауы (H5N1) адамнан адамға жұқпайтын болса, доңыз тұмауы (H1N1) адамнан адамға жұғатын қасиетке ие, сондықтан оның таралу қаупі де жоғары. Әйткенмен  доңыз тұмауы құс тұмауына (осы кезге дейінгі деректерге сай, құс тұмауы 50 пайыз жағдайда өлім-жітімге соқтырған) қарағанда жеңіл өтеді, дәрігер емі, вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер көмегіне дер кезінде жүгінген адам тез айығып, қатарға қосылады. Доңыз тұмауының алдын алу мақсатында кәдімгі оксалин майын, дәкеден істелген бетперде пайдалану керек. Сондай-ақ, зиянды әдеттерден аулақ болып, ағзаны шынықтыру шараларына ерекше көңіл бөлген жөн. Қорғаныс қабілетін күшейтуге септігі тиетін сарымсақ, пияз және витаминдерді молырақ пайдаланыңыз.

Ал ең бастысы – қызу көтеріліп, жөтел пайда болған, яғни тұмау белгілері білінген жағдайда, дереу дәрігер шақырыңыз! Өз бетіңізбен емделудің соңы үлкен өкінішке ұласуы мүмкін екендігін тағы да ескерткім келеді.

Құлпынай жеймін десеңіз…

– Өз жерімізде өсіп шыққан жеміс-жидектердің бағасы жылдан-жылға қымбаттап барады. Тосап әзірлеу үшін де, балаларға пайдасы жағынан алғанда да, алыстан әкелінген жемістерден гөрі, құлпынай, таңқурай, қарақаттардың жөні бөлек қой? Жақында саяжай алуды жоспарлап отырмын. Бірақ алдымыз күз, жеміс-жидек көшеттерін отырғызуға болар ма екен?

А. Нұржанова,

Ақтөбе қаласы.

– Тәжірибелі бағбандардың пікірінше, кейбір жеміс-жидек түрлерін егу үшін ең тиімді уақыт – күз. Мысалы, құлпынай отырғызу үшін тиімді уақыт – тамыздың соңы мен қыркүйектің алғашқы онкүндігі; қарлыған (крыжовник) үшін – қыркүйек-қазан айлары; қарақат үшін – қазан айының алғашқы жартысы; ал таңқурайды күзде де, көктемде де отырғызуға болады. Әйткенмен құлпынай, таңқурайдың кей сорттары аязға шыдамсыз. Сондықтан құлпынайды мүмкіндігінше ық жерге отырғызып, қыста үстінен сабанмен жауып тастаған дұрыс. Ал таңқурай отырғызуды ерте көктемге қалдырсаңыз да болады.

Қажылыққа бару үшін

вакцина алу керек

– Биыл қажылық сапарға баратындардан тұмауға қарсы вакцина егілгендігі туралы анықтама талап етіледі деседі?..

О. Ормантаев,

Қобда ауданы.

– Иә, Сауд Арабиясы елшілігі ҚР Сыртқы істер министрлігіне қажылыққа баратын азаматтардан тұмауға қарсы егілгендігі туралы анықтама талап етілетінін айтып, хат жіберген. Вакцина әзір болған жағдайда, қажылық сапарға шығуға ниет еткен азаматтар виза алудан екі апта бұрын тұмауға қарсы егілулері керек. H1N1 вирусына қатысты пандемия қаупі төніп отырған жағдайда, бұл, әрине, түсінікті де болар.

Биыл қажылық сапары қараша айында басталады. Қазақстан үшін қажылыққа 4 мың адамға квота беріліп отыр.

Бетті әзірлеген Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button