Тұлға

Әбдіжәміл

Әрі терең, әрі шөлдегі бір ащы сулы шыңыраудай осынау роман (“Қан мен тер”) қазіргі таңдағы әлемнің ірі туын­дыларымен иық тірестіре алады; мейлі ол америкалық, мейлі ол француздық болсын…

Луи АРАГОН (Франция)

 

Біз, мына батыс оқырмандары, француз тіліне аударылған нағыз қазақ қаламгерлері Мұхтар Әуезов пен Әбді­жәміл Нұрпейісовті мысалға келтіре ала­мыз. Әуезов жайлы айтқанбыз, енді Нұр­пейісовті атап өткім келеді. Иә, Қа­зақ­стан мақтана беруіне болады. Револ­ю­ция ша­пағымен бірге азаттық пен әділет­тік жолында өз халқының қасіреті мен ұлы­лығын паш еткен нағыз жауһар — шедеврлер бере білген жазу­шыларымен мақтана беруіне болады. Осының бәрі бір буын ұрпақ жазушыларының маңдайына жазылыпты.

Жорж БУЙОН (Бельгия)

 

Меніңше, ол — қазақ топырағына көші­­рілген орыс классикалық роман дәс­түрін жалғастырушы. Белгілі бір дәре­жеде мен Нұрпейісовті Лев Толс­тоймен салыстырар едім.

Лили ДЕНИ (Франция)

 

Трилогия классикалық орыс проза­сының дәстүрінде жазылған. Эпикалық құлаш, терең суреткерлік, қилы кейіп­керлер галереясы, көркемдік шеберлік еріксіз “Тынық Донды” еске түсіреді. Осы ретте Нұрпейісовті қазақ әдебиетінің Шолоховы деуге болады.

Аугуст ВИДАЛ (Испания)

 

Өмірдегі әділетсіздік атаулыға қар­сылық білдірген қаламгер қарапайым тіл­мен үлкен шындықты айта білген. Осынау сөз саптаудағы қатал кірпияз­дығының арқасында Нұрпейісов өзіне ғана тән таңғаларлық қолтаңбасы бар, заманымыздың ең терең жазушы­лары­ның бірі дәрежесіне көтерілген.

Жан МОНТАЛЬБЕТТИ (Франция)

 

“Ымырт”, “Сергелдең”, “Күйреу” ат­ты осынау үш кітапта алып әлем бейнесі сомдалған.

Бір нәрсе анық; қазақ әдебиетіне көр­­кемдік қуаты зор ұлттық эпопея келіп қосылғаны анық.

Нұрпейісов романы — дала пси­хо­логия­сының энциклопедиясы. “Қан мен тер” — ұлттық ғарышқа тән мінездер галереясы.

Лев АННИНСКИЙ (Ресей)

 

Таланты тарихы романда жарқырап көрінген ол қазақ әдебиетінің ұлы өкілдерінің біріне айналды.

Альбер ФИШЛЕР (Франция)

 

 

 

“Қан мен тер” туралы. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің “Абайынан” кейін тарихи романға құлаш сермеу тек жүрек жұтқандардың ғана қолынан келетін тірлік. “Абай” — қазақ әдебиетіндегі эта­лон-роман. Оқырман кез келген жаңа романды сонымен салыстырады.

Юрий КАЗАКОВ (Ресей)

 

Осынау ұлан-ғайыр әдеби арманның жүзеге асуы нені көрсетті дейсіз ғой, алдымен М.Әуезовтің эпикалық дәстүрін бізге жақын заманның тарихи материалында жалғастырған және дамытқан жазушы шыққанын көрсетті.

….Тұрмыс тауқыметтерінің сурет­теріне толы осынау реалистік эпос қаһар­­мандық эпос деңгейіне көтерілген.

Феликс КУЗНЕЦОВ (Ресей)

 

Сенің романыңа арқау болған (“Соңғы парыз”) проблемалар — әлемдік маңызы бар проблемалар.

Леонгард КОШУТ (Германия)

 

“Соңғы парыз” — бүгінгі күннің бас тақырыбына арналған түйінді роман. Роман біз бастан кешкен адыра қалған арман, ақталмаған үміт, зая заман жайлы.

Роман финалы таңғаларлық. Автор аспан құлап жерге түскендей заман­ақыр­лық пессимизмді қалай еңсерген. Бәрі қарапайым. Тіл безеу атымен жоқ.

Анатолий КИМ (Ресей)

 

Терең мұңды дүние екен, “Соңғы парыз”. Оқығаныма әлденеше күн өтсе де өн бойымды баурап алған сенің сол ұлы мұңыңның әсеріндемін.

Мұстай КӘРІМ (Башқортстан)

 

Теңіз тартылып жатыр. Кезінде балық тулаған тордың мыңсан көзінде бүгінде қысыр жел ойнайды. Кезінде ел сыңсыған жағалау құба белдер бүгінде құлазып жатыр.

Әбдіжәміл дилогиясы тірілткен өмір сиқы осындай. Қаны сорғалаған сор­маңдай тақырып. Жаралы жан азабы. Осынау алақандай балықшы ауыл тағ­дырының сыртында бұлаңдап әлем қасіреті бой көрсеткендей. Әлемдік эко­ло­­гиялық апат бой көрсеткендей.

…Нұрпейісов одан әрмен сілтейді. Ол ро­ма­нын тұтас лирикалық ой-өрімге құра­ды. Мұн­дайды мен әдебиетте кез­дестірмеген сияқтымын.

“Қан мен тер” шыққаннан кейін Нұрпейісовті қазақ Шолоховы деп жатты. Теңеу негізсіз емес сияқты. “Тынық Дон” да эпос, “Қан мен тер” де эпос. Шы­­­­­нымды айтсам, бұл теңеу маған сол кез­дің өзінде онша оғаш көрінген жоқ бо­ла­тын. Ал енді, міне, “Соңғы парызды” оқы­ғаннан кейін сол алғашқы көз­қара­сымның растығына деген се­німім беки түсті.

Әдебиетте ылғи да біреуді біреуге теліп жа­татынымыз бар. Бұл өзі табиғи нәрсе. Онсыз болмайды. Ендеше, телу керек екен, мен оны Уильям Фолкнерге телір едім.

“Соңғы парыз” — әдебиетте маңызы “Қан мен терден” кем емес оқиға. Тіптен жазушы барған нартәуекел қатерін тара­зылар болсақ, маңызы одан да асып түсуі мүмкін…

Николай АНАСТАСЬЕВ (Ресей)

 

Меніңше роман (“Соңғы парыз”) — алда келе жатқан алапат Апат тынысы сезілген дәуірдің айқын құжаты, куәлігі. Сіздің романыңыз сондай құжат. Сіз жақын болашақта Жер тағдыры қалай болатыны жайлы бүгін-ақ куәлік бердіңіз.

Болот ШӘМШИЕВ (Қырғызстан)

 

Аса құрметті Әбдіжәміл Кәрімұлы!

Б.Панкин Сіз “Соңғы парызды” біздің баспаға ұсыну туралы түбегейлі шешім қабылдағаныңыз туралы хабарлады. Сол үшін рақмет Сізге!

Мен романды аса мұқият оқып шық­тым. Сондықтан да өз сөзіме өзім толық жауап бе­ре­мін; романда ешқандай да ұсақ-түйек нәрсе жоқ. Бізге сенім артқа­ныңыз үшін Сізге тағы да алғыс білдіре­мін. Басып шығару жұмыстарын қолға ала отырып, біз бір нәрсені түсінеміз, біз заманауи әдебиет классигімен жұмыс істеп отырғанымызды түсінеміз. Соған сенімді болыңыз!

Владимир МИЛЮКОВ (Ресей)

 

 

egemen.kz.

Ә.НҰРПЕЙІСОВ — АДАМЗАТ ТАҒДЫРЫНЫҢ ЖЫРШЫСЫ

 

«Мен ең әуелі қазақпын. Менің осынау бүтіл жаратылысқа, бүтіл тіршілікке деген көзқарасым мына жарық дүниеге келген сәттен, былайша айтқанда жөргегімнен ана тілімнің әсем әуезі, боз далада бозала таңнан шырылдап, шырқырап ән салатын бозторғайдың үні, садағаң кетейін қазақ даласының боз жусанының ащы исі мен ән-күйі арқылы ғана қалыптасқан». Нұрпейісов қайда да, не туралы сөз қозғаса да өзінің жүрек түкпірінен шыққан осынау шынайы ойынан бір айныған емес. Ол саяси диссидент те емес. Сөйте тұра, көңілі қаламаса жұрт дүрілдетіп тойлап жатқан ешбір айтулы күнге де, қоғамдық ахуалға да мойын бұрмайды. Әнебір жылы, тың игерудің 30 жылдығына арналған бүкілодақтық жиналыс өтіп жатқанда ол небір маңғаз, небір жоғары лауазымды адамдардың өзі амалсыз бетін тыржитуына мәжбүр ететін мына бір аңызды айтқаны бар. «Құдай-екем осынау жалпақ жердің үстімен батыстан шығысқа қарай қалықтап ұшып, жолшыбай Өзінің жомарт қолымен тіршілікке қажетті иен байлықты таратып беріп келе жатады. Ол, әсіресе, со күні көңілінің қошы келіп, зор шаттыққа бөленген ғажайып бір күйде әлсін-әлсін қоржынына қол салып, сыңсыған сұлу ормандарды, көкорай шалғын жайылымдарды, айнакөл, ағынды өзендерді осы күнгі еуропалықтар тұратын үлкен мекенге тарту берумен болыпты. Ол аз болса оларға қысы жайлы, жазы жайдары, ауа райы қолайлы жағдай жасауды да қаперінен шығармаған екен дейді.

Ал Құдай-екем адамдарды да Өзінің мінез-қылығына ұқсатып жаратқан ғой. Сондықтан қарапайым адам-пенденің бойында болатын кейбір осалдықтар Оған да жат емес сияқты екен. Осынау ұзақ сапарда Ол аздап жолсоқты болып, сосын қоржынындағы тарту-таралғысы да ортайыңқырап қалған еді. Тап сондай бір тұста Ол Қазақстанның үстімен өтіп бара жатыр екен дейді. Міне, сонда Ол әлгі таусылуға жақын сый-сияпатын бұл жерге бір-екі уыстап, бір-бір шымшып қана тастап-тастап өте шыққан көрінеді. Енді, міне, біздің жерімізде ұдайы өрттей ыстық жел, алқынған аңызақ соғып, жаз бойы кейде жаңбыр тамбай, ал қыста солқылдаған сары аяз болатыны да содан екен. Қысқасы былай барсаң – арбаң сынады, былай барсаң — өгіз өледі».

Әбдіжәміл Нұрпейісов, тіпті ұғым-жұғымы басқа еуропалықтардың өзімен, ЮНЕСКО-ның сол кездегі ноқтабасы Федерико Майормен де, оның серіктерімен де туған даласының даңқын асқақтата отырып шабыттана да шамырқана үн қатады. Сонда ол әуелі «Құрметті мырзалар мен ханымдар» деп хаттама тілімен бастап алады да іле-шала: «Біздің ұлы дала да адамша тыныс алып, адамша тіршілік етеді. Ол түсіне білгенге адамша сөйлейді. Ал оны түсіну үшін сол далада тууың керек. Дала дегеніміз — сайыпқыран жігіттердің ат ойнатып, ептілігі мен ерлігін шыңдар ұлан-байтақ мекені. Сонымен бірге, дала дегеніңіз күні тас төбеден шақырайып қарап тұрған көгілдір аспан астында шетсіз-шексіз ішектей шұбатылған ұзақ жолда келе жатқан жалқы жолаушының түпсіз де терең фәлсафаға толы ойлары мен тұңғиық толғам-тұжырымдары. Ол сонау шырқау биікте тербеліп тұрған көгілдір күмбездей аспаннан да жоғары одан да заңғар, өзі өмір бақи іздеумен келе жатқан Ақиқатпен ғана оңаша сырласып келе жатқан адамның жан сыры іспетті», — деп тебірене жөнеледі.

Иә, дәл солай. Тіпті адам атаулы аузынан тастамайтын киелі Ақиқаттың өзі осынау құладүз, құбажонның тылсымында тыныстап жатады екен. Ендеше, бұл даланы қалай өліп-өшіп сүймессің? Ендеше, басқа жақтан жоқ іздеп жортуылдаудың қажеті қанша?! Қаламгердің жанын күйзелтпейтін шаруа жоқ екен мына заманда. Бүгінгі адамның рухани мүгедектігі, баяғы шығармашылық бай рухтың сарқылуы, адамның адамшылығы, ар-ұждан, ұят-намыс, бәрі-бәрі ақшамен өлшенетін, демократия кім көрінгеннің қалқаны мен қаруына айналған қоғам – осының бәрі оның жүрек тамырын түгел тітіркендіреді де тұрады. Әбдіжәміл Нұрпейісов бұл заманның осынау кесел-дертін ұтыры келген жерде даусы жеткенше ашына айтып келеді. Мұндайда, ара-тұра «мәдениетті емес» сөздер де қыстырылып кететіні тағы бар. «Әлемнің басым көпшілігі қайыршылық, жабайылық, үмітсіздік жайлаған күн кешіп, өмірге деген ашу-ызасы қара қазандай қайнап отырғанына көзді жұмып қойып, ғылым мен техниканың кереметтерін таңдай қаға тақылдап лепіретіндер бар. Осының бәрі меніңше, адам санасындағы үдеп бара жатқан технократизмнің кесірі сияқты», – дейді Әбекең.

Мен бұл жерде үлкен қаламгердің әр жылдары, әртүрлі жағдаяттарға орай айтқандарынан үзінділерді біріктіріп келтіріп отырмын. Ал оларды қанатын кеңге жайдырып, олардан туындайтын ойлармен толықтырып беруге де болады.

Нұрпейісовте роман, көсемсөз тақырыбынан шығып, оның өмірлік тақырыбына айналған бір тақырыбы бар. Ол —  экология. Иә, экология дегеніміздің ең басты мағынасы — адам тіршілігінің басты көзі табиғатты аман-сау сақтау дегенді білдіреді. Бірақ бұл туралы «Соңғы парызды» қайта бір оқып алып әңгімелесу дұрыстау сияқты. Ол дегеніміз қазақтардың ұлттық мәдениетінің, ұлттық тілінің экологиясы. Және бұл мәселені дәл қазір айту керек. Әбдіжәміл Нұрпейісов тіл туралы айтқанда оны ең алдымен халықтың мәдениеті, оның жаны, тіпті тіл – халықтың өзі дейді. Иә, «Әуелі Сөз болған!». Ал біздің санамызға соншама жылдар бойы түрі — ұлттық, мазмұны — социалистік деген ұғым әбден сіңірілді. Әрине, бұл да бір сандырақ! Өйткені мазмұн дегеніңізді түрден өзге де тәсілмен түсіндіріп беруге болады. Себебі, түр — іші қуыс бос қауашақ емес. Міне, біз осы қағидаға Құдайға сенгендей сеніп, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып отырдық. Көрдіңіз бе, Жаратқан Иеміз Вавилон мұнарасын бекер күл-талқан еткен жоқ қой!

Жазушының әртүрлі жиындарда, кездесулерде әбден айта-айта қажыған, шаршаңқыраған үнмен айтса да жаңа бір екпін байқалып тұратын әр сөзін жүрегің сыздамай тыңдай алмайсың. «Профессор Дэвид Кристолдың дүниені дүрліктірген «Тілдер ажалы» деп аталатын кітабында ай сайын осы күнгі әлемдегі бес мың тілдің екеуі жойылып отырады делінген. Біз «тіл – халықтың жаны» дегенді қайталап айта беруден танбаймыз. Және қазақ тілінің өз жерінде, өз елінде адам шошырлық күйге түскеніне қарап отырып, қазақ халқының да өмірі мен ажалы қалай болатынын зәреміз қалмай отырып ойланамыз». Бұл — Ә.Нұрпейісовтің халықаралық ПЕН клубтың Ослодағы сессиясында сөйлеген сөзінің үзіндісі ғана.

Ал Мәскеуде қалың жазушы қауымның алдында сөйлеген сөзінде ол: «Мұхаммед пайғамбардың жасынан асып кеткеніме де төрт жыл болды. Осы күні мен өзімді сонау сәби кезімде ұзақ бір ұйқыға кетіп, енді, міне, сол қалың ұйқыдан қартайғанда бір-ақ оянған адамдай сезінемін. Осынау ұзақ ғұмырымның өзі маған бір қым-қиғаш өң мен түс сияқты. Бұл өзі менің сонау бір бала шағымда қазақ даласындағы күштеп колхоздастыру кезінде басталған еді. Басқа республикаларда қалай болғанын қайдам, бізде Қазақстанда бұл «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген большевиктік басты ұранмен жүргізілді. Шынында да солай болды. Бүкіл байлығы — малынан айрылып, қолына көген, құрық ұстап қалған қазаққа енді қалғаны тек ажал ғана еді. Ол да болды. Сөйтіп, бас-аяғы біржарым, екі жылда үш миллионнан астам қазақ қара шыбындай қырылып қалды. Тұтас ауылдар, ру-тайпалар жойылып кетті. Қалса жетім-жесірлер қалды. Сосын репрессия басталды да қазақтың бүкіл оқығандары, білімділері, бетке ұстар азаматтары атылды, асылды, жер аударылды. Қазақ одан енді есін жия бергенде соғыс басталды. Қазақтың жарты миллион қыршын жас боздақтарының сүйегі жат елде, жат жерде қалды. Қысқасы, мен бес-алты жастан бері өз отандастарымның қырылуын көрумен келемін. Ал кейін тың эпопеясы дегенге тап болдық. Бір-екі жылдың ішінде біздің солтүстік уәлаяттарымызға үш миллион тың игеруші дейтіндер келді. Сталиндік коллективтендіру кезінде дәл осынша қазақ қырылған еді. Ашығын айтайын, тың игеру дегеніңіз патшалық Ресейдің отарлау саясатын одан әрі жалғастырудың жаңа бір түрі ғана еді. Никита Хрущев мұны «егер патша соншама уақыт бойына бұл аймақты адамдармен толтырудың патшалық әдістерін пайдаланып толтыра алмаса, біз оны кеңестік әдіспен жүзеге асырдық» — деп ашықтан-ашық айтты.

Біздің бақытсыздығымызға қарай осының бәрі нағыз кеңестік шындықтың өзі еді. Дәлірек айтсақ бұл — халқымыздың зор қасіреті болды». Иә, бұл оның Мәскеудегі жазушылар қауымы алдында сөйлеген сөзінен үзінді ғана. Мұның алдында КСРО құламай тұрғанда Әбдіжәміл Нұрпейісов:

«Ал сондай беделді-беделді бір топ адамның «Известияда» ұлттық республикалардағы тіл мәселесін орыс тілінің пайдасына шешу керек деп мәлімдеуін қалай түсінуге болады? …Әрине, олардың елдегі тілдер мен ұлттық мәдениеттердің тең құқылығы туралы пікірлерін түсінемін, ол менің жаныма жат та емес, кез келген адамға ұлтына, тіліне қарап қысым жасауға болмайтыны болмайды.

Бірақ мен мынаны түсінбеймін: «Осы бір адамгершілікшіл, демократияшыл адамдар Қазақстанның солтүстік уәлаяттарын игеру деп аталатын науқанның өзі де осы қасиетті қағидаларды бұзудан басталып, қазақ тілінде оқытатын мектептер жаппай жабылып, тарихи ескерткіштер, ата-баба зираттары қиратылып, жергілікті халықтың ең бір тіршілік көздерімен қатар ұлттық салт-дәстүрі аяққа тапталып жатқанда бұл азаматтар қайда жүрген? Олардың, осы бір құрметті адамдардың бірде-бірі бас-аяғы бірер жылдың ішінде-ақ тың өлкесінде жүздеген қазақ мектебі жабылып, қазақтардың тең жартысы ана тілінен, ұлттық мәдениетінен айрылып, қазақ тілі ажал алдында екені туралы баспасөз бетінде бір ауыз сөз айтқанын естіген де, көрген де емеспін», — деп жазған болатын.

Мүмкін жазушының, жаны жәбірленген адамның бұл үн-толғауында бәрі бірдей әділ айтылмаған да шығар. …Бірақ мұндай әділетсіздіктің өзінде де шындық бар, қайталап айтайын мұнда тарихи жағдаяттардан әлдеқайда биік тұратын жан шындығы бар. Оның үстіне бұл шындық — тиянақты да тұжырымды ойдың кеңдігімен, қиядағыны шалатын көрегендікпен дәлелденген шындық.

… Осыдан он бес жылдан астам бұрын «Новый мир», «Памир» деген қос журнал Сырдария мен Әмудария алқабына ғалымдар мен әдебиетшілердің сапарын ұйымдастырды. Бұл жәй ғана саяхат емес жұртшылықтың назарын тартылып бара жатқан теңіздің тағдырына, төніп келе жатқан апатқа аударып, әрекет етуге шақыру еді. Олардың ішінде Әбдіжәміл Нұрпейісов те болды. Соған орай өткізілген баспасөз мәслихатында ол: «Осыдан біраз жыл бұрын мен Алматыдан Аралға бардым. Ондағы ойым революция, азамат соғысы кезіндегі Арал балықшыларының тағдыры жайлы кітап жазу еді. Қазір ойлап отырсам, кәрі теңіздің сол кездегі керемет сұлулығы мен көркемдігі менің әлі де қабырғасы қатаймаған жас баладай қаламыма әлдебір тылсым күш берген зор қазынадай болған екен.

… Ол кезде көптен бері ауруы меңдеген адамдай азап шегіп жатқан туған Аралым өзіме шығармашылық шабыт беруге әлі де қабілетті екенін мен түсіндім бе, білмеймін. Бірақ мен жақында алтын кебектей ақ құмақтың ортасындағы осы бір көкпеңбек көк теңіздің қасіреті туралы жаңа кітап жазып шықтым. Өнер дегеніңіз бақыт пен сордан қатар қорек алатын өте бір қатыгез нәрсе ғой» — деген болатын.

«Ә.Нұрпейісов «Соңғы парызда» бүтін бір ғасырдың сұмдық зұлматымен жекпе-жек шығып, онымен есеп айырысуға кіріскен деуге болады. Бұл — нағыз лирикалық эпопея! Баяғыда Редьард Киплинг «Шығыссыз Батыс та болмас еді» дегенде осы бір әйгілі сөзді дүниеге Нұрпейісов сияқты қаламгерлер келетінін алдын ала сезген-ау дерсің. Автор бүкіл рухы бүкіл маңызы зор эпикалық ауқымда және лирикалық тебіреністегі шығарманы дүниеге келтірді. Әрине, «Соңғы парыз» ажал аузында жатқан теңіздің азалы жоқтау жыры ретінде де өте тартымды оқылады. Бұл — романның ең басты сюжеттік арнасы. Осындайда сонау 70-80 жылдардағы баспасөзде жарияланған Арал туралы, Арал апаты туралы мақалалар мен репортаждар еске түседі. «Міне көз алдымызда бір кездегі арнасынан асып, ақтолқынын аспанға шашып жататын алып теңіз ауру меңдеген адамдай жантәсілім еткелі жатыр». «Арал теңізі жойылып барады. Ауа уланған. Халықтың күнкөрісі қиындап кетті. Олар соған қарамастан ата-бабасының сүйегі жатқан, өздері жар құшып, ұрпақ сүйген туған жерінен табан аударып басқа жақтағы ешбір жұмаққа барғысы келмейді. Жаратқанның осынау керемет көркем де ақылды ұрпағы мұндай жантөзгісіз, мұндай қорлық жағдайда өмір сүрмеуі керек еді ғой. Жаны да, тәні де қансыраған оларды сор мен тұз жегідей жеп, кеміріп жатқан осынау қасіретті өңірге құрбандық қылуға болмайды ғой!».

«Маң даладағы төбе-төбе ақшағыл қалың құмның ортасындағы көз тартарлық көгілдір айнадай көсіліп жатқан осынау көк теңіз жаратқанның нағыз шеберлігінің бір көрінісі дерсің. Кейбір ғалымдардың айтуынша, ол мөлдірлігі жөнінен дүниежүзінде тек Эгей теңізінен кейін ғана тұр екен. Кейде осынау жер бетіндегі бүкіл адам атаулы өзінің ата-бабасынан қалған, небір баға жетпес барынан айрылған, сөйте тұра өздері туып-өскен жерін тастап кете алмай отырған менің байғұс жерлестерімді көрсе ғой деген де ойға кетесің». Мұндайда Нұрпейісов бүкілодақтық су шаруашылығы министрінің орынбасарларының бірі, «Арал теңізі әдемі өліммен өлсін» деген сөздерді айтқан Пулат Задені еріксіз есіне алады. Бұл сөздер оның көз алдына нағыз кәсіпқой кісіөлтірушінің, миллиондаған адамдардың тағдырына соншалықты керенау қарайтын адамды елестететіндей. Ол, яғни әлгі Су шаруашылығы министрлігіндегі шонжар аралға төніп келе жатқан ажалды осылай «жырламақ» болған еді. Ал ешқашан ол айтқандай әдемі ажал деген болған емес, болмайды да. Иә, осының бәрі шын мәнісінде мақтадан бұрын-соңды ешкім естімеген мол өнім алу, арада жиырма-отыз жыл өткеннен кейін тартылып кеткен теңіздің орнында салқын сабат, балғын бақ орнайды, ол жерде бақытты жастар ән салып, шат күлкіге бөленіп сауық-сайран құрады деген сияқты ғылым академиясы президентінің сандырақ жобаларының нәтижесі болатын.

Ә.Нұрпейісов бір кезде «үркіншілік жылдар» туралы роман жазбақ болғаны да рас. Ал ол ұлттық сана туралы нағыз монографиялық драма болып шықты. Бір сәтке «Соңғы парыз» дилогиясын парақтап көрелікші.

«Осы бір күл үйінділерін суырып, көкке ұшырып аңызақ жел еседі. Бүгінде балықшылар поселкесінің ақсақалды қарттары ғана осы бір репеті жаман құланды төбешіктердің маңынан өтіп бара жатып мұнда қашан, кім тұрғанын есіне түсірген болады. Міне, мынау Кәленнің үйінің орны, оның қасындағы Достың үйіне таман, сірә, Мөңкенікі болу керек. Ал анау жарқабақтың басындағы ысырма құмның астында қалған от орнындай ғана кішкентай төбешік — баяғы аңғал-саңғал болып тұратын берекесіз Судыр-Ахметтің үйінің орны ғой.» …

«Соңғы парыз» 1976 жылы жазыла бастады, сосын арада біржарым жыл өтер-өтпесте дилогияның бірінші бөлімі аяқталды. Бұл деген Нұрпейісов үшін нағыз рекорд! Бірақ бұл кезде автордың есімі әдебиетте әбден орнығып, жалпақ елге белгілі болса да кітапты жариялау кешеуілдей берді. Бірге туған адамдай болып кеткен «Дружба народов» жариялауға келісіп, қолжазбаны тергізіп те қойыпты. Бірақ дәл сол сәтте цензура да тісін ақсита қойды. Сергей Александрович Баруздин тумысынан қайсар, нағыз жаугер адам еді. Ол Главлиттің төрағасы, өзі де, ақыл-есі де шап-шағын кіп-кішкентай Романовқа өзі барып, естіп қайтқан сөзі: «Әрине, Нұрпейісовті құрметтейміз, сыйлаймыз! Бірақ қараңызшы. Ол анау трилогиясында патшалық Ресейге қарсы күрескен кедей балықшыларды көрсетсе, мынада сол балықшылардың ұрпақтары жоғарыға қарата әлі де бір ауыз қарсы сөз айта алмайды. Олар өздерінің жер-суын біреулер тартып алып жатқанда да үн шығара алмайды. Жоқ, кешіріңіз! Біз бұл кітапты жібере алмаймыз» болды. Сөзін осылай айыптаумен аяқтаған оны Баруздин қанша айтса да, қанша адам салса да түсіндіре алмағанын авторға бір сөзін қалдырмай айтып берді. Рас, Алматыда дәл ондай қатты қарсылық бола қойған жоқ. Нұрпейісовке бұл жолы баспасөз комитетінің төрағасы болып қызмет істейтін досының көмегі тиді. Бұлар цензураны оп-оңай алдап соқты. Бұл кезде «Қан мен тердің» кезекті басылымы беттеліп жатқан. Бірінші томға трилогияның бастапқы екі бөлімі, екінші томға соңғы бөлімдері енді. Кітап көлемі, әрине, шағын болды. Ал Нұрпейісов оның көлемін ол кезде «Сең», «Долг» деп аталған «Соңғы парызды» қосып көбейтуге көндіреді. Сөйтіп, бұл басылым түгелдей «Қан мен тер» аталып шықты. Бірақ автордың да, оның қамқоршысының да айтуымен бәледен аулақ деп ең бір ащы айтылған тұстары алынып тасталды. Осыдан соң барып роман жүз мың данамен «Известия» баспасынан (Мәскеу) жарық көрді. Ал «Советский писатель» баспасында дайындалып жатқан басылым шықпай қалды. Өйткені бұл баспа жаңағы қысқарған алматылық нұсқаны ғана шығармақ болды, ал автор тек «Известиялық» нұсқасын шығарамын деп қасарысты да қалды.

Қалай дегенде де бұл кезде роман Қазақстанда да, Ресейде де өз оқырманын тапқан еді. Ол ол ма, романды екі ортасын тас қорған қақ айырып тұрған Германияның екі баспасы бірінен соң бірі жөпелдемете шығарды. Бірақ Әбекең бұл жеңіске соншама қуана қойған да жоқ еді.

…Алматылық газеттердің біріне берген сұхбатында жазушы, аудармашы Анатолий Ким:

— Біз Әбдіжәміл аға екеуміз (мен оны Әбе деймін) 1999 жылы ол 75 жасқа толғанда келдік. Ол содан бері шығармаларын менің аударғанымды қалайтын болды. Бірақ менің уақытым болмады, сегіз роман, бірнеше пьеса және киносценарий жаздым. Өте көп жұмыс істедім. Ал өткен жылы Алматыға келгенімде ол баяғы өтінішін тағы да айтты. Ал мен Әбе кез келген көркемсөз шеберімен келісе алады ғой, ендеше неге тек маған ғана сенім артқысы келеді деп ойлаймын іштей. Кейін оның соңғы романымен танысқанда Әбе екеуміздің жан дүниемізде үлкен бір ортақшылық бар екенін ұқтым.

Ол — Қазақ. Мен Қазақстанда туып-өстім. Ол — өз ұлтының нағыз перзенті, оның бүкіл жүрген-тұрғанынан, мінез-құлқынан таза қазақылық көрінеді де тұрады. Ал мен — орысша жазамын. Бірақ мен бүкіл жан-сырымды қай тілде ақтарсам да соның бәрі арғы түп-негізі ежелгі корей ұлтының рухынан нәр алып шығып жатқанын өзім жақсы сезініп отырамын. Міне сөйтіп, біз Шығыстың қос перзенті осылай қауыштық.

– Бірақ Нұрпейісовты талай-талай жазушылар, оның ішінде Юрий Казаков та тәржімалады ғой.

– Иә, Әбенің кітаптары оның арқасында үлкен серпіліс туғызды. Бірақ Әбе Казаковтың кейбір олқы тұстарын мен толықтыратындай көрді-ау деймін. Бұл өзі, шығыс адамының жансарайындағы өзгешеліктерді аңғара білу болуы да мүмкін. Өйткені әдебиет тек идея мен мазмұннан ғана тұрмайды, оның өзіндік бір ішкі құпия әуезі де бар ғой. Сондықтан да Нұрпейісов менің кітаптарымды оқығаннан кейін өзінің сол ішкі әлемін түгел ақтарып ашып беретін осы жігіт деп ойлаған шығар.

Бір сөзбен айтсам «Соңғы парыздың» аудармасында өте сирек ұшырасатын органикалық ерекшелік бар. Бұл туралы кейінірек айтармыз.

Ал роман ше? Иә, мұнда махаббат шырғалаңы да бар. Ол «Қан мен терде» Еламан-Абала-Тәңірберген арасындағы тартыс болса, енді Жәдігер-Бәкизат-Әзім арасында жалғасады.

Мұнда мансапқорлықтың шырғалаңы бар. Бұл жерде ауылдан астанаға келген бозбала Әзімнің туа біткен ақылдылығы, қабілеті мен табандылығы, одан да гөрі орайлы сәтті қалт жібермейтін ептілігі мен кез келген ортаға майлы қасықтай кіріп кететін жылпостығының арқасында оның лауазымының соншалықты екпінмен самғауына қайран қаласың.

«Соңғы парыздағы» жанрлық алуан түрлілікті, тіпті өндірістік романға тән тұстарын аңғару да қиын емес. Мұндағы жұмысшылар артелінің тұрмыс-тіршілігі, балықшылардың жансебіл ауыр еңбегі, олар тұратын қамыс қақыра үйлер ара-тұра тізбектеліп өткеннің өзінде көз алдыңыздан кетпестей боп қалады.

… Бірақ сөйте тұра, «Соңғы парыздың» әлгі «өндірістіктігінің» өзі 20-шы жылдардың да, 50-ші жылдардың да өзімен тұстас 70-ші жылдардың да бірде-бір кеңестік «классикалық шығармаларына» мүлде ұқсамайды. Иә, «Соңғы парыз» ең әуелі өліп бара жатқан теңіз туралы зілмауыр қайғы-қасірет пен сол ажал алдындағы теңізге арналған ащы зарлы мұңлы әуен ретінде керемет тартымды. Бұл — романның негізгі арнасы. Жанының азалы жыры. «Бір кездері арнасына сыймай асып-тасып жататын алып теңіз енді, міне, сенің көз алдыңда адамзат баласының ашкөздігі мен санасыздығының құрбаны болып, ауруы әбден меңдеген адамдай азаптан қатты қиналып өліп барады». «Арал ажал аузында. Ауа уланған. Халық кедей. Сол халық сөйте тұра туған жерін, ата-бабадан қалған, кіндік қаны тамған, ғасырлар бойы тамыр жайған жерін тастауға қимай әлі де осында табан аудармай өмір өткізуде. Егер әділдік дегеннің жер бетінде бар екені рас болса, адам баласы мұндай қорқынышты да қорлық пен мазаққа толы жағдайда тұрмауы керек еді ғой!»

«Егер менің еркіме салса, мен мектептерге міндетті түрде ана тілімен бірге «Экологиялық сана» деген пән енгізер едім. Өйткені қазір адамның ішкі мәдениеті мен оның адамгершілік деңгейі қазіргі экологиялық санамен өлшенетін заман келді». Бұл ой-тұжырым романда аты-жөні айтылмайтын жас адамның сөзімен беріледі. Ол мінбеден бетіне жан қаратпайтын академикке тура қарап тұрып: «Баяғыда бір еуропалық «Адамды қойлар жеп жатыр» деген екен. Әрине, қой деген ешкімге залалы жоқ жануар адамдарға қандай кесапат келтіріп жатқанын мен білмеймін. Бірақ мен осы заманда табиғат-анамызды қиратып, бүлдіріп жатқан ғылыми-техникалық прогресс дегеннің енді адамзатты қырып-жоймай бір тоқтамайтынына көзім әбден жеткен» — дейді.

Көрнекті қырғыз режиссері Болат Шамшиев «Соңғы парызды» оқып шыққанын кейін авторға жазған хатында оны – Әбдіжәміл Нұрпейісовті Арал Хиросимасының куәгері деп атайды. Хаттан үзінді келтірейік: «ХХІ ғасырдың кіре берісінде беті ашылған, іркілмей айтуға болатын үлкен бір қасірет болса, ол — «Жаһандану» деп аталатын құбыжықтың адамзаттың қарсы алдында аузын арандай ашып тұрғандағы туралы болуы керек. Ол әлдебіреулер таңдап алған қасіретті жолдың үстінде тек адамдарды емес, сонымен бірге, Жер деп аталатын бүкіл ғаламшарды жойып жіберуге дайын тұр. Сондықтан егер осы тақырыпта әлі де жазар болсаңыз мына «жаһандану» (глобазизация – М.К.) деп аталып жүрген тажалдан сақтандыруға көбірек көңіл бөлгеніңізді қалар едім. Ойлап көріңіз, төрт құбыласы түгел қарһәлләзи Еуропа да, семіздіктен жарыла жаздап тұрған Америка да оған бас қатырмайды. Оларға керегі де сол. Олар бізге қарағанда әккі де тісқаққан ақылдылар ғой, не нәрсені де теориямен, ережемен есептейді. Бірақ Жапонияға ядролық бомбаны тастап кеп жібергенде ғана зәресі зәр түбіне кетті. Ал Аралда не болып жатқанына олар әзір пысқырмайды да, бас ауыртпайды. Тіпті Алматы мен Бішкектегілердің өздері де бұл сұрапыл сұмдықтың байыбына баруға жетесіз болып отырғанда америкалықтарға не жорық?! Қазір ажалдың өңешіне қара құрдымға қарай кетіп бара жатқан жердің зарын, бүгінгі тіршілік атаулыға қатар төніп тұрған қауіп-қатерді айтып жаһанға жан даусымен айқай салу үшін тек Сіздегідей жүрек, Сіздегідей сана керек!» – деп жазыпты ол Әбдіжәміл Нұрпейісовке.

Бұдан артық не айта аларсың!

***

Иә қазір біз жұрт кітап оқымайды дегенді көп еститін болдық. Бір кезде Ю.Тынянов «Жаңа өлең дегеніміз дүниені жаңаша көру. Ал тарих ешқашан тұйықталып қалмайды» деген еді. Шынында да біздің заманымызда-ақ әдебиет бітті деп оның жаназасын шығарғандарды да талай көргенбіз. Тіпті Теодор Адорнодан кейін де «Освенцимнан кейін поэзия болуы мүмкін емес» дегенді де естідік.

Дүниеге Иисус Христос келгеннен кейінгі 1-2 ғасыр мұғдарында Теренциан Мавр деген римдік грамматикашы өмір сүрген. Оның өзі ұмыт болса да, артында «Habent sua fata libelli», яғни әр кітаптың өз тағдыры бар деген нақылы әлі айтылып келеді. Егер «Pro captu lectoris…» деген үлкен мағыналы сөзбен аяқталатын бұл ойды еркін аудармамен берсек, ол «кітаптардың тағдыры оларды қалай оқитынына байланысты» болып шығар еді.

Иә, жаһандану — глобализация туралы бүгінде білсін-білмесін, әйтеуір, айтпайтын пенде жоқ. Мен де солардың бірімін. Бұл орайда біз Әбдіжәміл Нұрпейісов екеуміз бір кеменің жолаушысындаймыз. Оның ұмытпасам Қазақстан тәуелсіздігінің он жылдығындағы салтанатты жиында айтқан қарапайым ғана сөздері жаныма біртүрлі жақын сияқты көрінеді де тұрады: «Бүгінде біздің осынау кіп-кішкентай ғана ғаламшарымызда әртүрлі діндердің, әртүрлі мәдениеттердің, салт-дәстүрлердің мақсаттары мен мүдделері, үрдістері душарласуда. Мұнда экономиканың, ғылым мен саясаттың бір үлгісі жасалды. Ал енді соның бәрі бір сөзбен глобализация деп аталады. Мен бар болғаны жазушы ғанамын және шынымды айтайын, саясат пен экономиканың қыр-сыры маған беймәлім бір дүние. Тіпті білмек болып, соларға қызыққан да емеспін. Сосын келіп өзіме өзім саясат пен экономиканы глобализациялаумен президенттер мен үкіметтер-ақ айналыса берсінші. Ал біз, әдебиетшілер, сан ғасырлар бойы адамдар мен тұтас бір халықтар өздеріне табан тірерлік тұғыр еткен мәдениет пен руханилықтың тағдыры туралы ойлауға міндеттіміз», — деген еді ол сол жиында.

Жеке өз басым «глобализм» — жаһандану дегеніміз дәстүрлі сана мен постиндустриялық сананың тоғысындағы әлемдік кеңістіктен бағыт-бағдар табуға тырысушылықтың бір түрі деп білемін. Ал мұндай тоғысу апатқа, міндетті түрде дағдарысқа, тіпті ұлы жарылысқа да әкеледі. Ал Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парызында» тек Аралдың емес, бүкіл жұмыр жердің тас төбесіне келіп төніп тұрған экологиялық апат туралы терең ой, саналы адамзаттың қабырғасын қайыстырар қайғы дерті жоқ дей алмайсыз!

 

Николай АНАСТАСЬЕВ,

М.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінің профессоры.

Орысшадан ықшамдап тәржімалаған Мырзан Кенжебай.

 

Мен Нұрпейісовтің кітаптарын баяғыдан бері оқып келемін, оның талантты да татымды прозасына баяғыдан бері ғашықпын. Одан көп нәрсе үйрендім, онымен сан рет сырластым да, бірақ онымен әр кездескен сайын, оны жаңа көріп білгендей боламын да тұрамын. Адам ретінде, сұхбаттас-сырлас ретінде ол әманда терең, салиқалы да сабырлы.
Шыңғыс АЙТМАТОВ.

 

“Соңғы парыз” — сөзсіз қазақ проза­сының ең елеулі табысы. Осы бір жазушы бойына біткен табиғи талант тұтастығына таңға­ламын. Егер де, “Қан мен тер” қазақ тағ­дыры мен тұрмысындағы Қазан төң­керісіне дейінгі кезеңді қамтыса, “Соңғы парыз” сол халықтың кеңестік дәуірдегі тағдыр-талайын қамтыған. Дей келгенде, Нұрпейісов трилогиясы мен дилогиясы — Отанымыздың ғасырлық тарихының айнасы.

Зейнолла ҚАБДОЛОВ.

 

“Сондай бір күн болған”, “Сондай бір түн болған” дейтін екі кітаптан тұратын дилогия — жанрлық-стильдік бітімі жағынан да, кон­цеп­циялық өзекті ойы жағынан да ұлттық про­замыздағы бүгінгі таңдағы оқшау құбылыс. Ол — біздің жаңа әдебиетіміздің жаңа арнасын салып беретін алғашқы мұз жарғыштай. Біздің прозамыз бен драматургиямызда жаңа бір ағым басталатындай. Оған “зая ғұмыр әдебиеті” деп ат қойсақ жара­сатындай.

Біздің де кешкеніміз зая тағдыр. Әлеу­меттік озбырлықтың айдағанынан шыға алмай, асыл мұраттардың өзін асыра сілтейтін алаңғасарлыққа айнал­дырып алдық. Соның салдарынан да еткеніміз еш зая ұрпаққа айналып отырмыз.

Сонымен зая ұрпақ тақырыбы өрме­гін құрды. Арылу әдебиеті желі тартты. Кесек эпиканың орнына аз адамдардың, тіпті бір ғана кісінің жан дүниесіндегі алай-дүлей ахуалды ежіктейтін жаңа роман келді.

Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ.

 

Әзірше мен білетін Нұрпейісовтің екі қасиеті бар. Оның біріншісі, өз шығармасына қатал сын көзімен қарайтын ондай жазушыны өзім жер басқалы көргенім жоқ. Оған дәлел — мойнында берешек жиырма алты мың сом қарызы бар осы Нұрпейісов ертең шығайын деп жатқан «Қан мен тер» трилогиясын баспадан алып кетіп, бір жыл бойы қайта қарап, көк-ала шимай қылғанын өз көзіммен көргенмін. Бұған не айтарсың?!
Қалтай МҰХАМЕТЖАНОВ.

 

Ғасыр бойы күн құрғатпай мақтаған өркениетіміздің де көлеңке тұсы жетеді екен. Соны ой өзегінен өткізген Нұр­пейі­сов романы екі са­рында — пуб­лицис­тика­лық және психологиялық са­рында өріл­ген. Аралдың ажалы, шын­туайтқа кел­ген­де, Жер бетіндегі жалпы тірлік атау­лы­ның ақырының бастамасы болып жүрмесін…

“Соңғы парыз” — дәстүрлі эпикалық әң­гімелеу құрсауына сыймай орда бұзған шығарма. Қаламгер көтерген проблема жал­ғыз ғана ұлттық емес, жалпы адамзаттық маңызға ие болған. Бір нәр­се анық: қазақ жазушысының жаңа шығармасы жалпы ғаламшарды мекен еткен жұмыр бас­тылардың жанын тітіркететін шығарма екені анық.

Шерияздан ЕЛЕУКЕНОВ.

 

Қазақ даласындағы бір аяулы есім — Әбдіжәміл Нұрпейісов. Франция, Германия, Бельгия, Испания, Болгария, Словакия, Қытай және Ресей жазушы­лары мен сыншыларының пікірі бір жерде тоғысады — “Қан мен тер” трило­гия­сы мен “Соңғы парыз” дилогиясының авторы ірі суреткер, мэтр, әлем әдебие­тіндегі елеулі құбылыс дегенге саяды.

Герольд БЕЛЬГЕР.

 

Тауратша терең әрі дүлей үскірік осы бір кітапты жүгіртіп емес, жайлап оқу керек, әсіресе, біздің мына қағынған қан­ды заманда. Оқу керек, қайта оқу керек. Әрине, толық ояна қоюңыз қиын болар, бірақ қас қағымға болса да мына өзін-өзі ұйыққа, ажалға қақпақылдап бара жатқан әлем жайлы ең болмағанда қас қағымға ес жию үшін сөйту керек.

“Соңғы парыздың” ғасырлар мен мың­жыл­дықтар тоғысында, Қазақстан тәуелсіздігіне ие бо­лып жатқан жаңа дәуір елең-алаңында өмірге келуі, онда да қазақ әдебиеті ақсақалының жазу үс­­телінде өмірге келуі тегін емес. Қайда барамыз? Бізді, кешегі кеңестік империя құрлығынан бөлінген мына бізді тіршілік сеңі қайда алып бара жатыр?

Құрғаған теңіз… күйген дала… осы ма сіз бен біз мақтаған ғылыми-техникалық прогресс… Тәніңді ғана емес, жаныңды іріткен ондай прогрестен жазушы ат-то­нын ала қашады, түңіледі… Кітап финалынан дәстүрлі “хеппи Энд” немесе “бақытты сөз соңын” іздеп әуре болма­ңыз. Жамандықты түбінде жақсылық жеңетін еді ғой деген әлжуаз үмітіңіз де ақталмайды. Осылай бола бермек. Адам өзінің біліп немесе білмей істеген, со­ның салдарынан өзін де, өзгені де өлімге итерген іс-әрекет амал­дарынан, ниет­тері­нен, бағыттарынан бас тартып, тәу­беге келмейінше осылай бола бермек.

Владимир БАДИКОВ.

 

Мен арғы-бергі дүнияуи әдебиеттерді оқи отырып, дәл осындай сом да күрделі шығарманы соңғы үш-төрт жыл ішінде кездестірген жоқпын. Шығарма хас шебердің қаламынан ғана тууға тиісті, бүгінгі атышулы әлемдік шығармалардың қатарынан емін-еркін орын алатын, ұлттық мақтанышымыз болар деңгейде екен. Аузымыздан тастамай жүрген “Шал мен теңіз” (Хемингуэй) тереңдік жағынан бұл романның жетегінде кетеді екен. Әзім, Бәкизат, Жәдігер! 170 беттік ро­манда үшеуі де қалай ашылған десеңізші! Міне, Адам! Міне, Адам табиғаты! Міне, Адам деген қандай жұмбақ! Олардың жан-дүниесі, болмысы, бәрі-бәрі алақан­дағы­дай ашылып сала беріпті. Әсіресе, аққан мұз үстіндегі Жәдігер мен Бәкизаттың қо­парыла ашылуы, ең жек көріп келген адамның ең қымбатты адамға айналуы, мына ит тірлікте арпалысып жүріп, жақсы мен жаманды да анық тани алмай өтетін пенде байғұстың дәрменсіздігі мен беймаралдығын көркем әдебиетте дәл осылай суреттеп бере алған шығармалар көп емес.

“Барсакелмес” аңызы бүкіл шығар­маға лейтмотив болғалы-ақ тұр. Қандай әсерлі. Қандай қайғылы. Ел аңыздарын кең пайдаланатын замандас жазушы­ларымыз дәл сіз секілді тереңдей алмап­ты. Осы роман бұрынғы әсерлерімді ығыстырып шығарды.

Дулат ИСАБЕКОВ.

 

Белгілі жазушы Әбдіжәміл Нұр­пейісовтің “Қан мен тер” трилогиясы бүгін­гі күнгі оқушы талабынан шығып, тал­ғамын тұшынтқан, жалпы совет әде­бие­тіндегі идеялық һәм көркемдік дең­гейі жоғары күрделі шығармалардың бірі.

…Тәңірберген трилогиядағы ең бір тамаша сомдалған типтік образ. Ол — астар­лы да, терең де, ойлы, қауіпті де зымиян характер.

…Ақбала — Анна Каренина мен Катери­на­лардың типіндегі әйел.

 Сағат ӘШІМБАЕВ.

 

Суреткер ретінде Әбдіжәміл Нұрпейісов ғасырдың осынау алапат та асқақ болмысын, өзінің кіндік жұртын мысал ете отырып, нағыз өнер тілімен жырлап бере алды. Бұл ретте, Әбдіжәмілдің өмір бойғы жазғаны бір тұтас, бір ғана эпопея десе лайық. Ол эпопеяны «ХХ ғасыр және қазақ әлемі» деп атауға да болар еді. Ғасыр басындағы сергелдең («Қан мен тер»), ғасыр ортасындағы сұрапыл («Курляндия»), ғасыр соңындағы сүргін («Соңғы парыз») біртұтас сабақтастығымен көркем полотно құрайды.
Ақселеу СЕЙДІМБЕК.

 

“Қан мен тер” — әлем оқырмандарынан өз бағасын алған шығарма, өз бағасы бол­ғанда да ең жоғары бағасын алған шығарма. Абырой болғанда, қазақ қара сөзінің беделін ұлы Әуезовтен кейін сол биікте ұстап тұра білген шығарма. Эпопея — бір ауылдың ғана емес, исі қазақтың Қазан төңкерісі ал­дын­дағы қатал тағды­ры­ның алуан бояулы полотносы дерлік. Су­дыр Ахмет, Сүйеу қарт, Тәңірберген, Ела­ман, Ақбала, Қара­қатын ұлттық рухани жады­­мыздың ажырамас бөлшегіне айнал­ды.

ХХ ғасыр аяғында жазылған “Соңғы парыз” айдай әлем алдында “мен”, “мен” деп көкірек соққан Кеңес Одағы құрған қоғамның жалған бетпердесін жыртқан роман. Партияның “жарқын болашақ”, “дамыған коммунизм” деп аталатын дәуі­рі­не оңдырмай өлтіре соққы берген ро­ман. Аралынан айрылып, қаһарға мінген қаламгердің соңғы парызы Қазақстанды экспериментке айналдырған комму­нис­терге қарсы айдай әлем алдында майдан ашу болғанға ұқсайды. Жазушы сол мақ­сатына жете білген. Романнан біз Арал­ға жасалған кеңестік эксперименттің мұн­­дағы жергілікті халық үшін қан­ша­лық­ты алапат заманақыр болғанын көре­міз. Ғарасат майданын көреміз. ХХ ғасырда Қазақстанда қызыл империя орнатқан “коммунизмнің” бетпердесіз шын кесірін көреміз. Романды оқыған кез келген жан “мынау, сұмдық қой! Мынау, нағыз ақырзаман ғой!!” деп жаға ұстары анық. Өйткені роман ауыр. Заман туралы, қалтасында партбилеті бар, иманы жоқ адам туралы ең ауыр да ащы шындық. Романда отызыншы жылдары Құдайға, Құранға қол көтеріп, мешіт-шіркеулерді талқандаған ұрпақтың енді Құдай жаратқан табиғатты қалай талқандап жатқанын көресіз. Ол деген сөз, шынын айтсақ — адамдардың өз көрін өзі қазуы ғой. Шындығында да солай еді. Ком­мунистер орнатқан құдайсыз қоғам Құдай қаһарына ұшырап тынды. Көп ұзамай шаңырағы шатырлап ортасына түсті. Басқаша болуы мүмкін емес-ті. Сонымен “Соңғы парыз” — советтік режімге айтылған қап-қара қарғыс, оппозициялық роман дер едік.

Сол режім алайда Әбдіжәміл Нұр­пейісов талантын лажсыз мойындады, жазушыға ең жоғары әдеби сыйлық берді. Талай рет Жоғарғы Кеңесіне депутат етті. Бірақ, күрескер жазушы ондай шен-шекпенге сатылмапты. Алданбапты. Айдың-күннің аманында, бір жағында атом апаты, бір жағында Арал апаты, ортасында ғарыш айлағында азон апатына киліккен сор маңдай Даланың шырыл­даған қызғыш құсы бола біліпті. “Соңғы парыз” — сол режім, сол экс­пе­ри­мент­терге қарсы атылған оқтай ең қаһарлы үкімсөз бола біліпті…

Бұл не?

Бұл сөз жоқ суреткерлік ерлік еді.

Смағұл ЕЛУБАЙ.

 

egemen.kz,  aynaline.kz.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button