Тұңғыш академик
Қаныш Сәтбаевтың туғанына — 125 жыл
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Egemen Qazaqstan»газетінде жарияланған сұхбатында: «Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізеді. Биыл әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына — 125, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толады. Сонымен қатар тарихшылардың пайымдауынша, Жошы ұлысының іргесі қалғанғанына — 800 жыл. Мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынады», — деп атап өтті.
Қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Сәтбаевтың Уинстон Черчилльге айтты деп тараған «Менің халқым менен әлдеқайда биік» деген сөзі оның өмірлік ұстанымын айқындайтыны даусыз. Ол — бүкіл ғұмырын туған халқының еңсесін биіктетіп, мерейін асқақтата түсу жолына жұмсаған ұлы ғалым.
«Имантайдың екі ұлынан асқан білімпаз жоқ»
«Біздің Ертіс бойында Имантайдың екі ұлынан асқан білімпаз, оқымысты адам жоқ. Біз олардың маңайына да бара алмаймыз». Бұл — ғұлама Абайдың ұлы Тұрағұлдың Әлкей Марғұланға айтқан сөзі екен. Имантайдың екі ұлы дейтіні — кейін академик дәрежесіне жеткен Қаныш Сәтбаев пен оның үлкен ағасы Ғазиз (Бөкеш) Сәтбаев.
Болашақ академик даланың белгілі әулеттерінің бірінен шыққан: атасы Сәтбай мыңдап жылқы біткен, ауқатты, айналасына ықпалды жан екен. Оның бәйбішесі Күнсұлудан Имантай, Әмін, Жәмін, Зейін атты төрт ұл туған. Академик Қаныш Сәтбаевтың мемориалды музейінің аға ғылыми қызметкері, ғалымның жиен ұрпағы Нұрлан Жармағамбетовтің дерегі бойынша, Сәтбай немересі Қаныштың екі жасында Меккеге қажылық сапарға аттанып, сол жақта өмірден өтіпті. Кетерінде өзінің ұрпағына, немерелеріне ақ батасын беріп аттанған екен.
Имантай өз болысына би болып сайланған. Әулеттің байлығы, негізінен, Жәміннің қолында болыпты. Тек Ғазиз бен Қаныш қана емес, бұл әулеттен басқа да оқымысты жандар шыққан. Зейіннің ұлы Әбікей Семейдегі мұғалімдер семинариясын басқарып, орыс филологиясынан сабақ беріпті. Жәміннің ұлы Әбдікәрім (құжаттарда — Кәрім) де Қызылжарда оқытушылық қызметте болған. Қаныш Сәтбаевтың өзі: «Білім жолына түскенім үшін ескі интеллигент Әбіқай ағама қарыздармын» — деп айтып кетіпті. Өкінішке қарай, Қаныш Сәтбаевтың аты аталған үш ағасы да сталиндік қуғын-сүргін кезінде өлім жазасына кесіліпті.
Қаныш Сәтбаев 1899 жылы 12 сәуірде қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданының Теңдік ауылында дүниеге келген. Оның азан шақырылып қойылған аты — Ғабдулғани. Бірақ анасы Әлима үлкен ұлы Ғабдулғазизді — Ғазиз, Бөкеш деп еркелетсе, екінші ұлы Ғабдулғаниды «Ғаниым, Ғанышым» деп атап, бала содан Қаныш атанып кетіпті. Алдымен ауыл молдасынан сауат ашқан Қаныш одан соң Шорман ауылындағы 4 жылдық мектепке қатынап оқиды. Төртжылдық бағдарламаны ол үш жылда аяқтаған екен. 1911 жылы Павлодардағы екі кластық орыс-қазақ училищесіне қабылданып, бұл білім орнын да мерзімінен бір жыл бұрын бітіріп шығыпты. 1914 жылы өзінің ағасы Әбікей Сәтбаев басшылық еткен Семейдегі мұғалімдер семинариясына түседі. Семинарияны 1918 жылы бітіріп шыққан. Бұл жерде ол Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұландармен қатар оқыған.
Семинарияны бітіргеннен кейін еңбек жолын мектеп мұғалімі болып бастаған. Бірақ бір жылдан соң қатты ауырып, ауруханаға түседі. Дәрігерлер оған «асқынған туберкулез» деген диагноз қойып, «Семейде қалуға болмайды» — деп, ауылға барып, қымызбен емделуге кеңес береді. Елде жүрген кезінде кейін Сібірден шыққан тұңғыш академик атанған Михаил Усовпен кездеседі. Деректер бойынша, Усов та бұл өңірге қымызбен емделу үшін келген екен. Ол 1921-1930 жылдар аралығында Бүкілодақтық геология комитетінің Сібір бөлімін басқарған. Міне, осы Усовпен әңгімелесе жүріп, жас Қаныштың геологияға деген қызығушылығы оянады.
Бас геологтің зерттеулері
1921 жылы Қаныш Имантайұлы Томскідегі Сібір технологиялық институтына оқуға түседі. Алайда 1922 жылы тағы да денсаулығы сыр беріпті. Ауылына қайтқанына қарамастан, ол қымызбен емделу үшін Баянауылға жиі қатынайтын Михаил Усовтың көмегімен оқуын жалғастыра береді. Кейіннен Томскіге қайта барып оқыған кезінде де Усов пен оның зайыбы Қанышты өз үйлеріне шақырып, емделуіне жағдай жасапты. Сөйтіп,1926 жылы аталған институттың тау-кен факультетін бітіріп шығады.
Тау-кен инженер-геологі дипломын иеленген жас маман «Атбастүстімет» тресінің геология бөлімін басқаруға жіберілген. Ал 1929 жылы КСРО ауыр өнеркәсіп халық комиссариатының «Бастүстімет» геологиялық барлау комитетінің бас геологі қызметіне тағайындалған.
Атбасар тресіне сол замандағы Қазақстандағы ірі кен және өндіріс орындарын қамтитын Спасск және Қарсақпай комбинаттары қараған. Ол кезде трест қарамағындағы Қарсақпай мыс кен орнының қоры тек 10-15 жылға жетеді деп есептелген. Алайда геолог ретінде Сәтбаев бұл болжаммен келіспей, іздеу жұмыстарының барысында 1928 жылға дейін-ақ үш ірі кен орнын анықтаған. 1929 жылы тағы үш кен қорын ашқан. Геолком мамандары бұл өңірдегі мыс қорын 60 мың тонна көлемінде деп болжаса, Сәтбаев зерттеулерінің қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 2 миллион тонна еді. Қазақ геологі жергілікті жердегі басшылардың қарсылығына қарамастан, КСРО ғылым Академиясынан өзіне жақтастар тауып, үшінші бесжылдық кезеңінде Жезқазғаннан мыс қорыту комбинатын салу, сондай-ақ Жезқазған-Қарағанды-Балқаш теміржолын салу жөніндегі ұсыныстарын алға тарта береді. Ақыры 1938 жылдың 10 ақпанында Үлкен Жезқазған комбинатын жобалауға шұғыл кірісу жөніндегі бұйрыққа қол жеткізеді.
Ғылым Академиясының тұңғыш президенті
Сәтбаев Жезқазған кен орны бойынша 100-ден астам еңбек жазған. Ғылыми еңбектерінің бірқатары диссертациялық жұмыс ретінде танылып, 1942 жылдың 17 тамызында Жоғары аттестациялық комиссия Қаныш Имантайұлына геология-минералогия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін береді.
«Жезқазған аумағының кен орындары» деп аталатын көлемді монографиясы үшін 1942 жылы Мемлекеттік екінші дәрежелі сыйлыққа ие болды.
1944 жылы Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен Қазақ КСР-і Ғылым Академиясын құруға арналған үкімет комиссиясы құрылады. Оны КСРО Ғылым Академиясының президенті С. Вавилов басқарған. 1946 жылғы 1 маусым Қазақ КСР-інің Ғылым Академиясы құрылған күн ретінде тарихқа енді. Оның тұңғыш президенті болып Қаныш Сәтбаев сайланды.
Академия алғаш құрылғанда құрамында 18 ғылыми-зерттеу институты, 8 сектор, 7 тәжірибелік станса және 3 ботаникалық бақ болыпты. Қызметкерлер қатарында 57 ғылым докторы және 184 ғылым кандидаты бар еді. Ал Сәтбаев дүниеден өткенде, республикада ғылыми институттар саны 30-дан асты.
Ол академик, техника ғылымдарының докторы Шапық Шөкин, академик, геология-минералогия ғылымдарының докторы Шахмардан Есенов, академик, техника ғылымдарының докторы Евней Бөкетов, т.б. көрнекті ғалымдарға қолдау көрсетті. Сәбит Мұқанов академик Сәтбаев жөнінде: «Ол жан-жақты ғалым болатын. Көркем әдебиетті көп білетін, өнердің сан саласына ой жіберіп, жақсы пікірлер айтып отыратын. Жалпы, Қаныш сөзге сараң кісі еді. Ол өз білгенін орынсыз айта бермейтін. Ал кездесулерде, үлкен жиындарда, басқосуларда басқалардан озық шығып, ойлы келіп отырады. Ғылымның бар саласынан бес саусақтай хабардар еді, бәрін де жете білетін. Әркім одан жақсы ой, пайдалы пікір, әдемі әңгіме, алуан жаңалық есту үшін баратын», — деп жазды.
Қазақ КСР-і Ғылым Академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың құрметіне бүгінде оның туған күні — 12 сәуір елімізде Ғылым қызметкерлерінің күні мерекесі ретінде атап өтіледі.
Үш «айып»
1950 жылдардың басында бүкіл КСРО-да қайтадан репрессиялық қудалаулар басталды. Қазақстанда «даудың басы» — ұлт тарихы, атап айтқанда, тарихшы Ермұхан Бекмахановтың еңбектеріндегі Кенесары ханның бейнесі болды. Бекмахановқа әрдайым қолдау көрсеткен, оны «тәрбиелеп шығарған» зиялы қауымның аға буын өкілдері де жазасыз қалмауы керек еді. Сондықтан Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбановтарға да «ұлтшыл» деген айып тағылды.
Соның ішінде Қаныш Сәтбаевқа үш мәселе бойынша айып тағылған: біріншіден, оны бай әулеттен шыққан, бидің ұлы болса да, партияға өтерде әлеуметтік тегін жасырған деп кінәлапты. Екіншіден, 1917 жылы «Алашорда» партиясының үгітшісі болғаны алға тартылған. Үшіншіден, ол 1927 жылы «Ер Едіге» деген кітап шығарады. Осы еңбекте «буржуазиялық аңызды дәріптеп, Едіге бейнесіне еш сын айтпады» деп айыпталған. Яғни әлдеқашан ұмытылған жайттар «қазып» алынған. Сонымен қатар Қазақ КСР-інің Ғылым Академиясының президенті ретінде «ұлтшылдарға» қолдау көрсеткені бетіне басылған. Шынында да, ол Бекмахановтың Кенесары хан туралы еңбек жазуына қолдау көрсетеді. Бұған риза болған ғалым өз еңбегін Сәтбаевқа арнамақ болып ниеттенген де екен.
Соңы «баспақ түгіл, бас қайғымен» аяқталып, қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымдарының докторы Ермұхан Бекмаханов 25 жылға сотталып, Сібірге айдалады.
Ал Қаныш Сәтбаев Қазақ КСР-інің Ғылым Академиясының президенті лауазымынан айырылады. Осыған байланысты ол Сталинге де хат жазады.
Айта кету керек, Сәтбаевтың жеңіл жазамен құтылуына КСРО Ғылым Академиясы ғалымдарының да ықпалы болған. Олар қазақ ғалымын қолдап, Ресейге лауазымды жұмысқа да қоймақшы болады. Дегенмен Сәтбаев бұл ұсыныстардан бас тартып, үйіне оралған екен.
Сәтбаев тек Сталин дүниеден өткесін 1955 жылы ғана ақталып, бұрынғы қызметіне қайта оралып, өмірінің соңына дейін осы қызметте болды.
Көп қырлы ғалым
Қаныш Сәтбаев ғалым ретінде бір саланың дамуымен ғана айналыспай, жалпы, ХХ ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясына тән әдетпен жан-жақты зерттеулер жүргізіп, көп сала бойынша асқан білім иесі болды. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов те «Қазақ халқының зор ғалымы» атты мақаласында: «Қаныштың үлкен бір ерекшелігі — ол химикпен де, биологпен де, физикпен де, медикпен де және тарихшымен де, филологпен өздерінің ғылыми тілінде сөйлесе біледі. Мамандық тілдерімен үндесіп, ұғыса біледі», — деп атап өтеді.
Мысалы, Қаныш Сәтбаев мектепте мұғалім болып жүрген кезінде қазақша оқитын балаларға оқулық тапшы екенін түсініп, қазақ мектептеріне арналған алгебра оқулығын жазады. Бұл оқулықтың көшірмесі бүгінде академиктің туған жеріндегі музейінде тұр.
Ал студент шағында, 1923 жылы «Қазақ тілі» газетіне «Обаған» әні туралы лирикалық шағын новелла жазған. 1927 жылы жазған «Қазақстанның ұлт театры» атты мақаласында да әдебиет пен өнер мәселелерін тыңғылықты талдайды. Оның «Ән туралы толғаулар» атты еңбегі де бар. Қаныш Сәтбаев 25 әнді орындап, оларға орыс тілінде ғылыми тұрғыдан түсініктеме жазып беріп, Александр Затаевичтің «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинағына енгізген.
1927 жылы оның Мәскеуден «Ер Едіге» атты кітап шығарғанын жоғарыда айттық. Әдебиетшілер бүгінде бұл еңбекті қазақ фольклорына, «Ер Едіге» жырына жасалған үлкен қызмет ретінде бағалайды. «Ер Едігенің» оған дейін қазақ арасынан жазып алынған нұсқалары орысшаға аударылып (Шыңғыс және Шоқан Уәлихановтардың хатқа түсіруімен) немесе арабша, татарша сөздер көбірек енгізіліп, яғни біршама редакцияланған нұсқада жарыққа шыққан. Қаныш өз еңбегінде осы олқылықты түсіндіре отырып, қазақша нұсқаны татар, ноғай сөздерінен арылтып ұсынуды мақсат етеді.
Геолог ретінде тау-тасты аралай жүріп, тек кен қорына ғана емес, ата-бабадан қалған ежелгі тарих ескерткіштеріне, археологиялық мұраға да зор көңіл бөлген. 1935 жылғы экспедиция кезінде Сәтбаев Ұлытаудан араб әріптерімен жазылған мәтіні бар тас плитаны тапты. Араб әліпбиін бала кезінен білетін Сәтбаев жазудың алғашқы жолдарын оқи отырып, мұның тарихи маңызы зор, яғни Әмір Темір мен Тоқтамысқа қатысты жазба екенін түсініп, мамандарға ұсынуды жөн көреді. Әмір Темірден қалған бұл жазба кейіннен Эрмитаж музейіне тапсырылған.
Қаныш Сәтбаев Ұлытау, Арғанаты тауларының айналасынан және Торғай өзенінің бойынан көптеген археологиялық ескерткіштерді тауып, олардың фотодәйектер арқылы сақталып қалуына себепкер болды. Қазақ КСР Ғылым академиясына қарасты тарих, археология және этнография институтының қабырғасында археология секторын ұйымдастырып, ұлттық археология мектебінің қалыптасуына да ықпал етті.
А.САРЫБАЙ.
(Материалдар ашық дереккөздерден алынды)