Спорт

Шиеленіскен тартыстар

Премьер-Лига

 18-19 қазан күндері өткен 29-турда «Қайрат» өткен жолғыдай тағы да бір ғана ұпай еншілесе, «Астана» сол өткен турдағыдай тағы да үш ұпай еншіледі. Сөйтіп алтын медальдан үміткер қос команданың арасындағы тартыс шиеленісе түсті.

Сондай-ақ, көш соңында келе жатқан «Спартак» та кезекті рет оңай шағылатын жаңғақ емес екендігін көрсетті. Жеңіске жеткен бұл клуб «Тобыл» мен «Жетісудың» желкесінен дем алып тұр.

«Ақтөбе» бұл турда өз алаңында «Шахтерді» қабылдады. Ұтты.

Әрине, Тоқтар Жаңғылышбай, Александр Симчевич, Михрет Топчагич, Мақсат Байжанов тәрізді белді ойыншылары алаңға шыға алмаған бұл кездесуде қарағандылықтардың жеңіліп қалғанына таңғалуға да болмас.

Тартыс алғашқы минуттардан-ақ басталды. Тіпті 5-минутта ақтөбеліктер есеп ашып кете жаздады. Әттең, Данило Неко  мүлт кетті.

Дегенмен, жанкүйерлер көп ұзамай, 11-минутта алғашқы голға куә болды. Өзіне тасталған пасты Алексей Антонов сәтті пайдаланды, ол Сергей Малыйды алдап өтіп, қарсыластар қақпасының сол жақ бұрышын дәл нысанаға алды — 1:0.

Бұдан соң ақтөбеліктер жұмыла атқа мінді. Маркос Пиззелли, Асхат Тағыберген, Алексей Антонов кезекпе-кезек шүйілумен болды. Дегенмен, қарағандылықтардың қақпашысы Александр Мокин қателеспей қойды. Әйтсе де «аңдыған жау алмай қоймайтыны» белгілі. 41-минутта кенет ұйымдастырылған қарсы шабуыл барысында Маркос Пиззелли тастай қойған тамаша пасты Алексей Антонов ысырап кеткен жоқ, қақпа торын бүлк еткізді — 2:0.

Екінші таймда да «Ақтөбе» шабуылдаудан танған жоқ. Мысалы, Маркос Пиззелли есеп ашатын екі мүмкіндікті пайдалана алмай қалды. Дегенмен, ол бәрібір мақсатына жетті, 67-минутта Мокин қақпасының «тоғыздығын» дәл нысанаға алды — 3:0.

«Шахтердің» бұл ойында жеткен «табысы» — ірі есеп нәтижесімен ұтылудан құтылғаны. 77-минутта Андрей Финонченко қарымта гол соқты — 3:1.

Осылайша төрт тур бойы жеңіске жете алмай қойған (оның ішінде екі рет жеңіліске ұшыраған) «Ақтөбе» үш ұпайға ие болды.

Ал онсыз да 13 шілдеден бері жеңіске жете алмай жүрген «Шахтер» кезекті рет жеңілді.

«Ақтөбе»-«Шахтер» — 3:1

Гол авторлары: Алексей Антонов, 11-минут (1:0); Алексей Антонов, 41-минут (2:0); Маркос Пиззелли, 67-минут (3:0); Андрей Финонченко, 77-минут (3:1).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Сидельников, Роберт Арзуманян, Юрий Логвиненко, Андерсон Сантана (Марат Хайруллин, 62-минут), Дмитрий Мирошниченко, Валерий Корбкин, Асхат Тағыберген, Тарас Царикаев, Маркос Пиззелли (Павел Шабалин, 76-минут), Алексей Антонов, Данило Неко (Абат Айымбетов, 69-минут).

Кездесуден соң «Ақтөбенің» бас бапкері Владимир Газзаев бұл жеңіс, команданың бұған дейінгі кемшіліктерден арылуы тынымсыз дайындықтың нәтижесі екенін айтты.

 

*   *   *

Басқа ойындардың нәтижелері:

«Қайрат»-«Қайсар» — 1:1

Гол авторлары: Владислав Нехтий, 53-минут (0:1); Мамут Кулибали, автогол, 75-минут (1:1).

«Ордабасы»-«Астана» — 1:2

Гол авторлары: Фокси Кетевоама, 14-минут (0:1);  Патрик Твумаси, 57-минут (0:2); Дәуренбек Тәжімбетов, 65-минут (1:2).
Сұрмергендер

 

Мергендер көшін 13 доппен Фокси Кетевоама («Астана») бастап тұр.

Біздің мергендеріміз:

Маркос Пиззелли (жартылай қорғаушы) — 6 доп;

Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 6 доп (1-еуі пенальтиден соғылды);

Игорь Зенькович (шабуылшы) — 6 доп (2-еуі пенальтиден);

Алексей Антонов (шабуылшы) — 5;

Данило Неко (шабуылшы) — 3;

Александр Гейнрих (шабуылшы) — 3 (1);

Дмитрий Мирошниченко (қорғаушы), Юрий Логвиненко (қорғаушы) — 2;

Павел Шабалин (шабуылшы), Тимур Кападзе (жартылай қорғаушы), Валерий Коробкин (жартылай қорғаушы), Андерсон Сантана (қорғаушы), Роберт Арзуманян (қорғаушы) — 1;

1 допты Сигурни Банджар («Тараз») өз қақпасына соғып алды.

 

                                              ОЙЫН КЕСТЕСІ

 

Командалар           О         Ұ          Т         Ж        Д         Ұп   

 

1 Қайрат                 28        17       5          6          53-22  35       

2 Астана                 27        14       10       3          50-20  33     

3 Ақтөбе                 27        13       9          5          39-27  27     

4 Ордабасы 28       12       5          11       29-33  24

5 Қайсар       29       9          12       8          26-28  23

6 Шахтер       29       11       6          12       38-42  21

 

*О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

22-турдан соң екі топқа (1-6 орындар; 7-12 орындар) бөлінер сәтте әр команданың бірінші кезеңде жинаған ұпайы екіге бөлініп, жаңаша есептелгенін еске саламыз.

 

Ешкім де шегінгісі келмейді

 

7-12 орындар бәсекесінде 29-турдың ойындары төмендегідей есептермен аяқталды:

«Спартак»-«Ертіс» — 2:0

Гол авторлары: Неманья Йованович, 33-минут (1:0); Еркебұлан Нұрғалиев, 37-минут (2:0).

«Атырау»-«Жетісу» — 1:0

Гол авторы: Майкл Одибе, 38-минут (1:0).

«Тараз»-«Тобыл» — 1:1

Гол авторлары: Огнен Красич, 37-минут (0:1); Алексей Щеткин, 74-минут (1:1).

*   *   *

 

Бұл тур 7-12 орындардағы командалардың турнир кестесіне біраз өзгерістер әкелді.

«Атырау» мен «Тобыл» ілгері жылжыса, «Ертіс» пен «Жетісу» кейін сырғыды.

7-8 орындарға 22 ұпайдан жинаған «Атырау» мен «Тараз» жайғасты.

9-орынға 21 ұпайы бар павлодарлық «Ертіс» орналасты.

10-11 орын иелері — бірдей 19 ұпайы бар қостанайлық «Тобыл» мен талдықорғандық «Жетісу».

12-орында, көш соңында 18 ұпайы бар семейлік «Спартак» тұр.

Дегенмен, тап қазіргі жинаған ұпайларына қарап отырып, әзірге қай клубтардың бірінші топқа жол тартатынын нақты болжау сол қиын күйінде қалып тұрған жайы бар.

 

Тағы да 14 гол

 

29-тур ойындарында өткен турдағыдай тура 14 гол соғылды.

Екі кездесу бірдей есептермен (1:1) тең аяқталды.

Ірі ұтыс нәтижесі тіркелген жоқ.

«Шахтер» қатарынан тоғызыншы тур бойы жеңіске жете алмады, бұл жолы жеңіліске ұшырады.

«Астана» осымен 14-ші ойынын (28 мамырдан бері) жеңіліссіз (бұл жолы жеңіспен) аяқтады.

Чемпиондықтан бірден-бір үміткер саналып отырған, екінші кезең басталғалы жеңілістің ащы дәмін татып көрмеген «Қайрат» қатарынан екінші турда тең ойын нәтижесімен қанағаттанды.

Чемпионат басталғалы өз алаңында жеңіліп көрмеген команда қазір біреу ғана — «Ақтөбе». Ал «Спартак» сырт алаңда бірде-бір рет жеңіске жеткен жоқ. Сырт алаңда ең көп (11 рет) жеңілген клуб — «Шахтер».

 

Жеке көрсеткіш

 

«Ақтөбе» өз алаңында 13 кездесу өткізді: 9 рет жеңіп, 4 рет тең ойнады, ұтылған жоқ. 25 гол соқты, өз қақпасына 4 гол енгізді.

Сырт алаңда 14 кездесу өткізіп, 4 рет ұтып, 5 рет тең түсті, 5 рет жеңілді. Қарсыластар қақпасына 14 гол соғып, өз қақпасына 23 доп жіберіп алды.

 

Деректер

 

Қазірге дейін Премьер-Лига командалары арасында 171 кездесу өткізілді.

87 рет алаң иелері жеңсе, 36 рет қонақтар басым түсті, 48 ойын тең есептермен аяқталды.

Қақпаларға 398 гол енді. Алаң иелері 255 гол соқса, қонақтар 143 рет мергендік көрсетті. Солайша орта есеппен әр кездесуде 2,33 гол соғылды.

Қазірге дейін ең көп (43 рет) қайталанған есеп — 1:0.

 

Кезекті тур

 

30-турдың ойындары екі апталық үзілістен соң 25-26 қазан, сенбі-жексенбі күндері өтеді.

«Ақтөбе» 26 қазан күні Қызылордада «Қайсармен» кездеседі. Биылғы чемпионатта «Қайсарды» бір рет жеңіп (3:0); екі рет тең ойнағанбыз (2:2; 0:0). Біздің командадан гол салғандар: А.Гейнрих, Д.Неко, Д.Мирошниченко, И.Зенькович, М.Пиззелли.

25 қазан, сенбі

«Атырау» — «Тараз»

«Ертіс» — «Тобыл»

26 қазан, жексенбі

«Қайрат» — «Ордабасы»

«Шахтер» — «Астана»

«Жетісу» — «Спартак»

 

Әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button