Спорт

Ринат Сағындықов: Азиадада «Алтын» алуды армандаймын

Таяуда ғана Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен XVII Азия ойындарында Қазақстан спортшыларының қанжығасы майланып қайтқанын хабарлаған едік. Жалпыкомандалық есепте төртінші орыннан көрінген біздің елдің мерейін асқақтатқандардың арасында ақтөбеліктер де бар. Соның бірі — Ринат Сағындықов. Каратэден алтынға бергісіз күміс медальды жеңіп алған жерлесімізді «Ақтөбенің» атынан әңгімеге тартқан едік.

 

— Ринат, кезекті белесің құтты болсын! Әңгімемізді байрақты бәсекеден алған әсеріңмен бастасақ…

— Рақмет! Алған әсерім ерекше. Жарыста күш-жігеріңді сынап көріп, өзге спортшылардың аяқ алысын байқаған қашанда қызық қой. Сондықтан осынау дүбірлі додаға қатысқаныма айрықша қуаныштымын.  Тек алтын медаль алғанымда бұдан да мәртебелі болатын еді деп ойлаймын…

— Бірінші орынды алуға не кедергі болды деп есептейсің?

— Сәтсіздік болар… Әйтпесе, жапониялық жігіт менен мықты еді деп айта алмаймын. Соңғы минуттарға дейін екеуміз теңдей өнер көрсеттік, есеп 2:2 болды. Тек кездесудің аяқталуына бірнеше секунд қалғанда жаңа ереженің арқасында қарсыласым мені шаң қаптырып кетті… Оның қалай болғанын өзім де түсінбей қалдым.

— Сөзің аузыңда, қазылар алқасы әділеттілік танытпады дегің келіп тұр ма?  

— Олай деп кесіп айтуға болмас. Бірақ олардың менен гөрі, жапонға бүйрегінің бұрып тұрғаны анық аңғарылды. Сол себепті, жеке басыма соңғы ұпай күмәнді жағдайда берілгендей көрінді.

— Енді аталмыш Азия ойындарының барысы туралы әңгімелесең. Қанша кездесуді өткердің, қайсысы ерекше өтті дегендей.

— Бұл додада бас-аяғы 5 кездесуге қатыстым. Соңғысын айттым, қалғанына кеңінен тоқталсам… Әуелі иорданиялықпен күш сынасып, оны 1:0 есебімен ұттым. Одан кейін катарлық азаматты да 8:0 есебімен ойсырата жеңдім. Непал, Кувейт елдерінен келген қатысушыларды да әлгіндей жоғары көрсеткішпен сан соқтырдым. Мақтанғаным емес, соңғы белдесудегі сәтсіздікті айтпағанда, барлығын да айқын басымдықпен сұлатқан едім.

— Осы алғырлығыңа өзіңнен басқалардың да үлесі бар шығар?

— Әрине. Осы сәтті пайдаланып, мені сайысқа дайындаған жаттықтырушыларым Орынбай Майкеев пен Тимур Шатаевқа және дәрігер Гүлзада Исламқызына шексіз алғысымды айтамын. Сондай-ақ, еңбегімді елеп-ескерген жергілікті билік өкілдері мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына ризашылығымды білдіремін.

— Бұл ретте өткен аптада облыс әкімінің өзі сені құттықтап, 500 мың теңгенің сертификатын табыстағанын білеміз. Жалпы, сенің ойыңша, еңбегің өз деңгейінде бағаланып жатыр ма?

— Ескерусіз қалып жатқаным жоқ. Әкімнің ақшалай сый-сияпатынан бөлек, бірер күн бұрын мені Астана қаласына шақыртып, сонда Үкіметтің атынан 900 мың теңгені ұстатты. Мен болсам, қолдан келгенше барымды салып, жарыстарда жақсы нәтиже көрсетуге тырысып жүрмін. Менің «миссиям» — осы.

— Қателеспесем, осыдан төрт жыл бұрын жазғы Азия ойындарында жеңіске жеткенде, әкімдік тарапынан және үй берілді ғой?

— Иә. Шүкір, қазіргі таңда сол пәтерде тұрып жатырмын.    

— Үлкен спортты есептемегенде, немен айналысасың? Мемлекеттік қызметтесің бе?

— Ақтөбе қаласындағы спорт мектептерінің бірінде 2006 жылдан бері бапкерлік қызметтемін. Шәкірттерім бар.

— Спорттың басқа түрлеріне қызығушылық бар ма?

— Менің хоббиім де, өмірім де — осы, яғни каратэ-до. Өзге спорт түрімен ден қойып шұғылданбаймын. Жора-жолдастардың арасында аздап футбол ойнайтыным бар.

— Азия ойындары алтын мен күміс медальдарының иесісің, екі дүркін Азия чемпионысың. Жеңістеріңнің ішінде өзіңе ыстығы қайсысы? 

— Каратэ-домен кәсіби түрде айналысқаныма биыл 20 жыл толды. Осы аралықта бірталай байрақты бәсекеге қатысып та үлгердім. Асылы, жеткен жетістіктерімнің барлығы мен үшін қымбат. Дегенмен, өзіңізге белгілі, каратэ-до — Олимпиада ойындарына кірмейтін спорт түрі. Бұл дегеніңіз Азия ойындары — біз үшін ең биік шың дегенді білдіреді. Сол себепті, өзіме Қытайда шымылдығын түрген Азия ойындарында алған алтын медалімнің орны ерекше.

67 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді екенсің. Қазірде сен үшін басты қарсылас кім? 

— Жапония мен Франция сынды мемлекеттердің каратэ-дошылары мықты. Оларда бұл спорт түрі өте жақсы дамыған. Ал басты қарсыласқа келер болсақ, бұған нақты жауап беру қиын. Себебі спорт әрдайым бір қалыпта тұрмайды, соған сай «сен тұр, мен атайын» дегендер де жыл санап көбейіп келеді. Мәселен, еліміз бойынша Ақтау мен шымкенттік спортшылардың деңгейі жоғары.

Еліміздегі каратэ-до спортының әлеуеті туралы пікіріңді білсек.

Меніңше, бүгінгі таңда даму деңгейі жаман емес. Жеке басым ақтөбелік жас талаптарға барлық жағдай толығымен жасалған деп есептеймін. Бір ғана мысал, спорт мектептері жұмыс істеп, оның материалдық-техникалық базасы жыл өткен сайын жаңартылып жатыр. Біздердің, бапкерлердің сенімін ақтап, дүбірлі додаларда жеңімпаз атанып жүрген жасөспірімдеріміз де жетерлік. Қысқасы, көршілес мемлекеттермен салыстырғанда, бізде каратэ-доның хал-жағдайы көш ілгері.

— Жаңа сөз арасында кезекті жарысқа дайындалып жатқаның турасында айтып қалдың…

— Бұйыртса, 31 қарашада Германияда әлем чемпионаты болады, соған жолдама алып отырмын. Қазіргі күні әзірлік жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр… Сонымен қатар, жуырда Қытай Халық Республикасында Азия чемпиондарының кубогы үшін ауқымды жарыс ұйымдастырылмақшы. Соның бәріне шама-шарқымызша дайындалып жатқан жайымыз бар.

— 27 жастасың. Спорттық карьераңмен қоштасар сәт алыс емес-ау…

(Күлді). Енді төрт жылдан кейін өтетін Азия ойындарында бақ сынап, онда чемпион атану — арманым. Содан кейін көре жатармыз.  Негізі, 35 жасқа дейін үлкен спортпен айналысқандарды көріп жүрміз. Мен де сол жасқа дейін жүрмесем де, қалайда тағы бір алтын медаль алуды мақсат етіп отырмын.

— Ендеше, асқақ арманың ақиқатқа айналсын!

 

Әңгімелескен Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

 

БІЗДІҢ ДЕРЕК

 

Ринат Сағындықов — каратэ-додан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Азия ойындарының бір алтын, бір күміс медаль иегері. Екі дүркін Азия чемпионы. Жаттықтырушылары — Орынбай Майкеев пен Тимур Шатаев. Салмағы — 67 келі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button